Кеше базарға барғам. Адам деген ығы-жығы. "Кенжеханда" кіретін "проходтарға" дезинфекциялық тоннельдер қойған. Біреуінің ортасына тұра қалып, шашыраған тамшыларға шыр көбелек айналып, киімдерімді өзімше дезинфекциялап жатсам, кіре берістегі қолында градуснигі бар жігіт: "ой, аға, ары қарай өте беріңіз. Шашырап жатқан антисептик емес, әшейін су ғой!" дейді күліп. Тоқтай қалып, тамшыны алақаныма жиып алып иіскеп көрсем, расымен су! Хош, бұл бірінші көзбояу. Содан ары қарай кеттім. Базар толы адам. Ығы-жығы. Былтыр мұндай уақытта бос тұратын. Көпшілігінің аузында маскасы жоқ. Әлден уақытта бір жігіт жүгіріп келді де сауда жасап тұрған жігіттерге: Сағат 5-тен кейін маска таққандар - козелдар!" деп айқай салды. Ана жігіттер ауыздарындағы масканы сыпырып тастады. "Не боп жатыр?" деп сұрап едім, әлгінде ғана маскасын шешкен орыс жігіт: "Администрация сағат 5-те қайтады. Содан кейін масканы шешеміз. Әйтпесе, бутигімізді жауып тастайды" дейді күліп. Үш жігіттің де шешкен бір реттік маскасы қап-қара май болған. Қанша күннен бері киіп жүргені белгісіз. Хош. Содан таксиге міндім. Мен мінгенде артында маскасын иегіне түсіріп, орта жастағы бір әйел телефонмен сөйлесіп отыр екен. Тым ұзақ сөйлесті. Әлден соң шыдамай кетіп: "маскаңызды киіңіз! Жұқтырасыз!" дедім қатқылдау. Ана қатын қыстырған да жоқ. Ары қарай сөйлесе берді. Екінші рет тағы да ескерттім. "Мен ауру емеспін!" деді ол да жұлып алғандай. "Сіз ауру болмасаңыз, біз ауру шығармыз. Жұқтырып аласыз. Маскаңызды киіңіз!" дедім жұмсақтау. "Мен коронавирус дегенге мүлдем сенбеймін! Ұлым блок-постта военнывй болып істейді. Ол да "бәрі өтірік. Сырттан келгендерге өтіріктен инструкция айтамыз дейді. Ауру бар болса, сол жердегі военныйларға жұғатын еді ғой!" дейді қайтпастан. Бұл қатынды оңайлықпен жеңе алмасымды сездім. "Мейлі, жоқ болса, жоқ болсын. Бірақ қауіпсіздік үшін маскаңызды киіңізші!" дедім. "Менің бір туысымның ағасы цирроздан қайтыс болып еді. 300 мың теңге берейік, коронавирусқа келісім беріңіздер" депті дәрігерлер. Олар келіспепті" деді маскамен аузын жауып жатып. "Маған сол туысыңыздың телефонын беріңізші. Сөйлесейін" деп едім, бір нөмірді берді. Көзінше телефон соқсам, ана қатынның өзі көтеріп тұр!) "Мен сізге ол нөмірді кейінірек берейін" деп қояды. "Ой, мен Байқоңырға, Қызылордаға, Шымкентке барып қайттым. Коронавирус деген саясат. Жоқ ондай нәрсе", - дейді ғой күйдіріп. "Жер-көкті шарласаңыз - короновирусты ары-бері әбден тасыған екенсіз!" деп мырс еттім. "Жоқ. Бірнеше мәрте 20 мың теңге төлеп, тест тапсырдым. Бірақ коронавирус менде жоқ боп шықты". Сөзін тексеріп көрмек болдым. "Тестті қайсы лабораторияда тапсырдыңыз?" "Аб... аб... қалай еді? Ұмытып та қалдым ғой!" "Инвиво ма?" "Жоқ". "Олимп пе?" "Жоқ. Аб- деп келетін еді". "Онда қоя қойыңыз. Бізде экспресс-тест тапсыратын екі-ақ лабаротория бар. Біреуі инвиво, екінші олимп". Әлгі әйел сасып қалды. "Бізде мектептер мен балабақшада тест тапсыртты ғой. Менде корона жоқ боп шықты" деді. Дауысы тағы да сенімсіздеу шықты. "Сіз мұғалімсіз бе?" "Ия". "Онда, коронавирус жоқ деп тұрсаңыз, қоғамға нағыз қауіпті адам екенсіз!" Дәл осы жерге жеткенде әлгі әйелдің түсетін жеріне жетіппіз. Көліктен түсіп қалды. Ендігі әңгімені таксист бастасын. "Ол апай рас айтады. КВИ деген саясат қой!" дейді ғой, қанымды қарайтып. "Сонда сендер ғана ақылдысыңдар да, бүкіл әлем ақымақ па, немене?" деп дүрсе қоя бердім. "Менің де таныстарыма "КВИ болуға келіссеңдер 300 мың береміз депті. Тіпті, бір ауылдасым қайтыс болған еді, дәрігерлер 300 мың берейік, КВИге келісім беріңдер депті. Туыстары қарсы болыпты" дейді. "Әй, шырағым, мені тыңда! Қазіргі заң бойынша қайтыс болған адамды міндетті түрде моргке апарады. Сойып, неден өлгенін анықтайды. Ендеше, өлген адамға қандай диагноз қоям десе де патологоанатомның қолында тұрған жоқ па? Жұртқа жалынып, 300 мың теңге ұсынып не басы ауырғаны бар оның? Оның үстіне, туыстары марқұмның неден өлгенін қайдан біледі? Келісіп-келіспейтіндей олар дәрігер ме еді? Мұндай әңгімені қойыңдар!" дедім. Таксисімнің жүні жығылып қалды. "Иә, аға. КВИ мүлдем жоқ деп тұрған жоқпын. Бар болса, бар шығар. Бірақ жаңағыдай жағдайдың болып жатқаны рас" деді. "Ендеше, маған тап сол адамның адресі мен телефонын берші. Көзбе-көз сөйлесейін. Рас болса, мұндай нәрсе қоғамның назарында болуы керек қой. Байбалам салайық!" деп бір тоқтадым. "Жо-жоқ. Телефонын бере алмаймын" деп ол да күмілжіді. Әлден соң, "бала-шағаң бар ма?" деп сұрадым. "Иә, бар ғой. Үш балам бар". "Ендеше, анау масканы шешуші болма! Өзің үшін болмаса да балаларың үшін!.." дедім. "Иә-иә" деді таксист. Бұл кезде мен де жететін жеріме жеткен едім. Басымды шайқап кете бардым...
"Мен коронавирус дегенге мүлдем сенбеймін!"
Последние статьи автора