РУДН-нің жатақханасында тұрғанда ауған көршім болды. Әкесі кезінде Ауғанстанның бір қаласының мэрі болған. Қазір әке-шешесі Еуропада тұрады. Әке-шешесі «Мәскеуде білім ал» деп осында жіберген. Әкесі – бизнесмен. Қысқасы, ақшалы қыз. Сол қызға апта сайын косметолог әйел келіп тұратын. Бетін тазалайды, кірпік жалғап береді.
– Неге салонда жұмыс істемейсіз? – деп сұраймын ғой мен.
– Салонда әріптестер арасында қызғаныш, күндестік көп. Сосын шаршайсың. Салондағылардан артық таппасам, кем таппаймын. Осылай жұмыс істегенім дұрыс әрі бос уақытым көп болады, – дейтін әйел.
Сол әйелді бірде көшеде көріп қалдым. Әйелдің жүзі жабырқаңқы. Менің афған көршім қазір Мәскеуде емес. Әйелдің табысы баяғыдай емес екен.
– Елдегі мені танитын украиндықтардың көпшілігі «сатқын» деп, мені жек көреді. Менімен тіпті араласқысы келмейтіндер бар. Мәскеуде жұмыс істеп, аш-жалаңаш отырған кәрі әке-шешемді, балаларымды, бауырларымды бақсам, сонда қылмыскер болғаным ба? Ай сайын үйге барам. Бала-шағамның қасында біраз болам. Кірлерін жуып, көп етіп, пельмен түйіп, тоңазытқышқа салып, қайта Мәскеуге келем. Бір жағынан сол үшін салонда тұрақты жұмыс істей алмаймын. Балаларымның аш отырғанын көргім келмейді, одан да өліп кеткенім артық, – дейді әйел жылап.
Мен әйелді жұбата алмадым. Аналық мейірімі ұлттық намыстан жоғары тұрған әйелді жазғыруға бола ма? Ол – «саяси ойынның» құрбаны ғой...
Аягүл Мантай
Facebook-тегі парақшасынан