Біздің елде футбол қазаққа әлі де қол болмай тұрған сыңайлы. Өйткені футболға баланы жастайын баулуды, кәсіпқой бапкердің қол астында жаттықтыруды, кез-келген отбасының қалтасы көтермейтіндей, деп мұңын шағады "Алаш айнасына" хабарласқан бір оқырманымыз.
Футболды қалтамыз көтермей тұр
Алматыда тұрамын. Екі балам бар. Екеуі де футболды ұнатады. Аралары – бір жарым жас. Екеуін бөліп тастауға болмайды. Берген соң, екеуін де бірге беру керек. Бірақ біздің Алатау бөктеріндегі әсем қаламызда футбол секциясы қымбаттау екен.
Әуелі Ғаламтор арқылы, содан соң таныстарымнан сұрастырып, футбол секцияларын іздедік. Көбісі үйден алыс. Екі баланы аптасына үш рет футбол секциясына апару үшін де бір адам қажет екен. Балалар мектепке енді барып жүр. Екеуі де таңертең оқиды. Яғни футболға кешке қарай апаруымыз керек. Бірақ оларды кешкі бес немесе алтыдағы секцияға апару үшін үйден бір-екі сағат ерте шығу керек. Өйткені кешке қарай Алматы жолдарында автокөлік қаптап, кептеліс түзіледі. Ал мен жұмыстамын. Қай бастық екі күннің бірінде, түстен кейін жұмыстан мені ерте жіберіп, қарап отырсын?!
Десек те, біреуі ұнады. Балаларды өздері алып кетіп, әкеліп тастайды екен. Бірақ бір балаға 30 000 теңге төлеуім керек. "Екі балаңыз бар болса, жеңілдік жасайық, 25 мыңнан төлеңіз" дейді бапкерлері...
Білмеймін, сіздерге қалай, маған айына 50 000 теңгені тек футболға беру – қиындау. Оның үстіне, балалар мектепте оқиды ғой. Біреуі міндетті түрде би үйірмесіне барады. Аз да болса, ол да – ақылы...
Мүмкін мен таппай жүрген шығармын, бірақ қанша іздесем де, өзі арзан әрі кәсіпқой жаттықтырушы жаттықтыратын футбол секциясын кездестірмедім. Кейбір бапкерлерден "неге сонша қымбат" десем, ол "біз футбол алаңын жалдаймыз, ақшаның көбісін соған төлейміз, өзіміде қалатыны – тиын-тебен" дейді.
"Қайрат" футбол клубында балалар тегін жаттығады" дегенді естіп, сонда телефон шалдым. Олар "сіз кеш қалдыңыз, жаңа оқу жылының басында біз бүлдіршіндер тобына толықтырулар жүргіздік, бір күнді белгіледік, ел балаларын алып келді, біздің бапкерлер солардың ішінен қабілеті барларын іріктеп алды" дейді.
Біріншіден, кеш қалыппын. Екіншіден, балаларым бұған дейін кәсіби түрде шұғылданған жоқ. Ендеше, іріктеуден қалай өтеді? Соны түсінбеймін...
Жүзуге біраз барып едік
Айтпақшы, әлгі екі балам балабақшаға барып жүрген кездерінде, оларды жүзу секциясына апарған едім. Ол да – қымбат. Басында бала басына 20 000 теңгеден алды. Үшінші айдан бастап, 15 000 теңгеге түсірген. Бірақ көп уақыт бара алмадық. Біріншіден, айына 30 000 теңге аз ақша емес. Екіншіден, жоғарыда айтқанымдай, Алматы көшелеріндегі кептеліспен бассейнге барып-келу көп уақытты алды. Үшіншіден, өздері үйреніп қалған жаттықтырушылары жұмыстан шығып кетті де, басқа жаттықтырушылармен түсінісе алмады. Бапкерлердің бәрі – орыс тілді. Балаларым олардың айтқандарын толық түсінбейтіндей. Ал бапкерлер "все нормально" деп қояды. Әйтсе де, бостан-бос ақша төлеп отырғымыз келмеді. Өйткені балалар суда балықша жүзіп кетпеді...
Дзюдо мен таэквондо қол болып тұр
Сонымен жүзуді доғардық. Футболшы болсақ деген "арманымызға" әлі жете алмай жүрміз. Арлы-берлі ойланып, балаларымызды дзюдоға бердік. Айына – 7 000 теңге. Екі балаға 14 000 төлейміз. Бапкерлері де жақсы. Әр балаға көңіл бөліп отырады.
Үйден аса алыс емес жерден таэквондо секциясын да таптық. Айына 5 теңге екен. Сонда екі балаға 10 000 теңге ғой. Қаласақ, оған да бара аламыз. Бұған да шүкір...
Неге хоккей мен футболда қазақ аз, бокс пен күресте көп
Сізді қайдам, мен неге хоккей мен футболда қазақ балалары аз деген сұрақтың жауабын сезгендеймін. Сұрастырған жоқпын, бірақ екі баламды хоккей мен үлкен тенниске де апара алмайтынымды сеземін.
Ал бокс, күрес түрлері, дзюдо, таэквондо бізге, яғни мен сияқты тұрмыс деңгей орта және орталау "шаруаға" қол болып тұр. Бұл ащы шындық шығар.