Бүгін футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Литвада өтіп жатқан әлем чемпионатында Иран командасымен турнирдің ¼ финалы аясында кездеседі. Статистикаға жүгінсек, қос ұжым осыған дейін 10 рет кездесіп жерлестеріміз бірде-біреуінде жеңіске жете алмаған. Бұл ретте "Нұр-Сұлтан" ФК аға бапкері Нұржан Әбдірасылов жауапты ойын алдында Vesti.kz тілшісіне пікір білдірді.
- Нұржан, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетіп жатыр. Бірінші кезекте Таиландпен өткен ойынға бағаңызды берсеңіз...
Ең алдымен Таиландпен өткен ойынға жоғары баға беремін. Біздің жігіттер Кака бапкердің барлық нұсқауларын бұлжытпай орындадап шықты. Таиланд осыған дейін әлем чемпионатына үш рет қатысып, 1/8 финалға дейін жеткен. Ал Қазақстан командасы болса соңғы әлем біріншілігінде өз атын жақсылап тұрып жазып кеткен болатын.
- Осы жолы ұлттық құрама сапында қазақ ойыншылары көптеп шақырылыпты...
Қазақ құрамасында өзіміздің қаракөздердің жүргеніне қуаныштымын. Соңғы әлем чемпионатымен салыстырғанда құрамада қазақ ойыншылары көбейген. Олар үшін қуаныштымыз. Олар да бапкердің сенімін ақтап жүр. Бұл ретте елімізде футзал жақсы дамып келе жатқанын аңғаруға болады. Мысалы бұрындары Бразилия командасы кез-келген турнирде фаворит болып саналса, қазіргі таңда әлем чемпионатында оңтүстік америкалықтарға қарсы ешқандай құрама қорықпай доп тебетін деңгейге жетті. Бұл дегеніңіз басқа да құрамдардың деңгейі өскендігі білінеді. Олардың арасында біздің команданың да деңгейі өскен.
- Бүгін Иран ойыншыларына қарсы ойнаймыз. Тарихқа көз жүгіртсек, парсы командасын ешқашан ұтпаған екенбіз...
Футзал әлемінде ойып тұрып орын алған ұжым ғой. Азияның бірнеше дүркін чемпионы. Біздің жігіттер де ирандықтардан кем емес. Ия, осы уақытқа дейін Иран командасымен талай рет кездесіп, ұта алмай келеміз. Сондықтан Ираннан есе қайтаратын уақыт келді. Өте маңызды матч. Командадағы ойыншылардың біразымен күнде байланыстамын. Олардың мотивациясы мықты. Ұлттық құрамамызға сәттілік тілеймін.