Бауырсақтың қанша түрі бар?
Еліміздің әр өңірінде сүйікті асымыз бауырсақ әртүрлі пісіріледі. Әсіресе шығыста, оңтүстік өңірлерде дастарқанға бауырсақтың түр-түрі қойылады. Жалпы, қазақта бауырсақтың қанша түрі бар?
Мұрат Рахметов, Алматы облысы
Қазақ дастарқанына келген кісі, ең алдымен, наннан ауыз тиеді. Дастарқанымыздың сәнін келтіретін, жаңа піскенде иісі мұрныңды жаратын қызыл күрең бауырсақ – нанның ең жиі кездесетін түрі. Нанның негізгі түрін санасақ, тіпті сан жоқ. Тек майға пісірілетін қарыма, шелпек, жайма, сәлде, құймақ, жұқпас, май ботқа, қатырма, қаттама, табанды айтпағанның өзінде, бауырсақтың ши бауырсақ, ақ бауырсақ, тәтті бауырсақ, ашыған бауырсақ, бармақ бауырсақ, жалпақ бауырсақ, кеспе бауырсақ, сапар бауырсақ, өрме бауырсақ, одан басқа күлше, қатталған шелпек, қиықша секілді нанның түр-түрі жетерлік. Соңғы уақыттарда бауырсақ пен қуырдақтың қосындысы ретінде «бауырдақ» деген де тағам пайда болды. Алайда ірі нан зауыттары қазақтың мұндай нан тағамдарын пісірмейді. Балаларымыз әлемге тараған пиццаны жейді. Ал пицца біздің кәдімгі ақ нан. Мұндай нанды әзірлеу үшін қамырға ептеп сары май қосылады да, бетіне пияз бен шұжық себіледі. Ал арасына ірімшік, ет, жұмыртқа салып немесе бал жағылып, тәтті және ащы қуырылған нан түрлері де жеткілікті. Елімізде өзіміздің жоғарыда аталған төл тағамдарымыз әзірленсе, балаларымыз бүгінгідей «кириешкиге» жүгірмес еді.