Елорданы бүкіл әлемге танытудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
Алмас ТҮРТАЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Астана Тәуелсіз елдің бас қаласы ретінде әлемге танылып келе жатыр. Жас қала болса да, көріктілігімен көз тартып, әлем халқының назарын өзіне аударып отыр. Әлемдік деңгейдегі маңызды шешімдер де осы Астанада қабылданып жатыр. Бейбітшілікті сүйгіш, әлемге достықты насихаттағыш ел ретінде танылып отыр. Әлемдегі дін мәселесі күрделенген тұста дүниенің түкпір-түкпіріндегі дін басыларының да басын қосып, бір мәмілеге келтірген шешімдер осында қабылданды. Астанада қабылданып жатқан шешімдер, айтылып жатқан позициялар, түрлі мемлекет басшыларының кездесуі, ядролық қарулардан бас тарту, үлкен апаттардың алдын алу, дінаралық келісім, адамзатқа пайдалы шешімдердің қабылдануы секілді келелі мәселелер айтылған Астанамыз қазір әлемге үлгі болып отыр. Осы орайда Астана әлемге, ең алдымен, бейбітшіліктің символы ретінде танылған секілді. Алдағы уақытта да әлем бойынша тұрақтылықты, бейбітшілікті, ынтымақты насихаттайтын, Еуразияның кіндігіне айналған ел ретінде таныла берсе екен деген тілегім бар.
Дайрабай ҮСІПБАЕВ, «Қазимпэкс Ақтау» қорының директоры, экономика ғылымының кандидаты:
– Астананы бүкіл әлемге таныту үшін, ең алдымен, еліміздің өндірісін дамытуымыз керек. Өнімдерімізді экспортқа шығаруға тырысуымыз қажет. Бүгінде Елбасының жүргізіп отырған саясатының арқасында Астана әлемге жақсы жағынан танылып келеді. Көптеген халықаралық дәрежедегі форумдар, жиындар өтіп жатыр. Әлемдегі бейбітшілікті насихаттайтын халықаралық жиындар да Астанада өтуде. ЕХPO-2017-нің өзі Астананың даңқын асқақтата түсетініне сенемін. Енді алдағы уақытта Астана атауын бренд ретінде пайдаланып, экспортқа шығаратын ұлттық өнімдер өндірсек, Астана қаласын өндірістік қала ретінде де дамытуға болар еді. Жапон елі, мәселен, SONY брендімен бүкіл әлемге танылды ғой. Бізге де осындай бренд керек. Елімізде шикізат жетеді, тек өнім өндіруге, сол арқылы елімізді, Астанамызды танытуға күш салу керек.
Дәурен БАБАМҰРАТОВ, «Болашақ» Республикалық қозғалысының төрағасы:
– Астананы әлемге танытудың бірден бір жолы – қазақты әлемге таныту. Егер біз қазақты әлемге таныта алсақ, әлем халқы Астананы да мойындар еді. Сондықтан қазақты күшті қылудың жолдарын іздестіру керек. Экономика, спорт, мәдениет мұның бәрі халықты танытады. Алдағы уақытта білім беру саласын дамытып, ғылымымызды күшейтуіміз керек. Сонда қазақтың ұрпағы әлем халқы мойындайтын халыққа айналады. Әрбір қазақтың баласы толыққанды спортпен айналысып, терең білім алуын қамтамасыз етуіміз керек. Сондай мүмкіндіктердің бастауы Астанадан басталуы керек. Қашан қазақ халқы мықты елге айналса, сонда «Астанада айтылған мықты идеялар», «Астанада бастау алған жобалар» деген секілді сөз тіркестері қалыптасады. Кореяның «Гангам стайл» деген әні шықты. Біраз уақыт хит та болды. Гангам деген Оңтүстік Корея астанасының бір ауданы екен. Бір-ақ ән арқылы олар шағын қаласын танытты. Осы секілді танылудың жолдары көп. Бірақ біз ұлтымызды ұлы қылуға ұмтылу арқылы, Астананы дамытуға күш салуымыз керек секілді.