Ел астанасын Алматыдан Сарыарқа төріне көшіруге қарсы болғандардың бір сылтауы – арқаның сарышұнақ аязы мен қысы-жазы тыным көрмейтін, ұлардай ұлыған желі болатын. Сондықтан да алда шытымыр аяз бен ысқырған желге тосқауыл қою мақсаты тұрды. Бұл мақсат Елбасының Астана қаласының айналасына «Жасыл белдеу» жасау туралы тапсырысы негізінде оң шешімін тапты.
Шынымен де, алғашқы жылдары Астананың аязы мен тыным таппайтын желі жылы жақтан барғандарға қатаң болды. Сондықтан жұмыс бабымен барғандар да алғашқы кезде Астанаға көшіп баруға асықпаған еді. Сондықтан да халықты осы бір көңіл-күйден арылту керек болды. «Жұмыс істегісі келген жол іздейді, жұмыс істегісі келмеген сылтау іздейді» дейді дана халық. Елбасы жол іздеді. Тапты. Елорда Сарыарқа төріне қоныс тепкеннен бастап Астананы айналдыра ағаш отырғызылып, «Жасыл белдеу» қалыптасты. Бұл күнде қаланың көркеюімен қатар қала маңы жасыл желекке оранып, орман алқабына айналып келеді. Бастапқы кезде қайың, қарағай, шырша, емен ағаштары отырғызылса, соңғы кезде қарақат, долана, шие де егіле бастады. Осыдан 15 жыл бұрын отырғызылған шыбықтар бүгінде зәулім бәйтерекке айналып үлгерген. Бүгінгі таңда орманның жалпы аумағы 65 мың гектарға жетіп отыр. Ал 2020 жылға дейін орманды алқап 100 мың гектардан асып, Бурабайға дейінгі аймақты түгел қамтитын болады. Орман болған соң аң-құстың болуы да табиғи заңдылық. Сондықтан орман алқабына соңғы 3 жылда мыңнан аса қырғауыл жіберілсе, таяуда тағы 1000 қырғауыл «орман тұрғындары» қатарын көбейтті. «Жасыл белдеудің» жай-күйін үнемі бақылауда ұстап, жыл сайын арнайы барып, өз көзімен көріп қайтуды Елбасы әдетке айналдырған. Жылдағы әдет бойынша, биыл да орман алқабын тікұшақпен аралап қайтқан ел Президенті Н.Назарбаев «1997 жылдан бастап 65 мың гектар жерге орман отырғыздық. Жаңа көрдіңіздер, Астананың төңірегінде бір сағат тікұшақпен ұшып, аралап біте алмадық. 65 мың гектар деген – төрт-бес ауданның территориясы. Ресейден, басқа елдерден келген орманшы ғалымдардың айтуынша, дүниежүзінде мұнша орман салған мемлекет аз. Соның біреуі – біз. Орман деген – оттегі, адамның денсаулығы» деп атап көрсетті.
Cоңғы жылдары орман алқабы Астананың ауа-райына оң әсерін тигізе бастағаны жайлы зерттеуші мамандар да жиі сөз етіп жүр. Бұрындары азынап тұратын жел сабасына түсіп, қытымыр аяздың беті қайтқан. Сондай-ақ бұрындары жиі болатын, кісіні ұшыратындай дауыл соңғы жылдары тыйылған.
Қазгидромет мамандарының да мәліметі зерттеуші мамандардың мәліметтерімен сәйкес келеді екен. Ресми орын мамандарының мәліметінше, өткен жылдармен салыстырғанда, жалпы, орташа жылдық температура біршама жоғарылай түскен. «Климаттық зерттеулер қорытындысы соңғы жылдарда ауа температурасының 0,3°С-қа жоғарылағанын көрсетіп отыр. Бұл өзгеріс, әсіресе қыс мезгілінде айрықша сезіледі. Соңғы жылдары қыс мезгілінде екпінді жел азайып, үскірік аяз бәсеңдей түскен», – дейді Қазгидромет мамандары. Мамандар ауа температурасының жылынып, желдің бәсеңсуіне «Жасыл белдеудің» әсер етіп отырғанын да тілге тиек етеді.
Мамандардың сөзін қаланың байырғы тұрғындары да растайды.
Қайбулла ХАМИТҰЛЫ, Астана тұрғыны:
– Менің бұл қалада тұрғаныма 30 жылдай болды. Бұрын бет қаратпайтын үскірік аяздар, жүруге мұрша бермейтін желді борандар көп болатын. Соңғы жылдары ауа-райы жылынды. Бұл қала маңында жасалған орманның әсері шығар.
Сондай-ақ орман шаруашылығы мамандары да «Жасыл белдеудің» жайлылық әкелетініне сенімді.
Бағдат АЗБАЕВ, «Астана Орманы» АҚ директоры:
– Қазіргі кезде демалыс және мереке күндерінде қала тұрғындарының 30-40 пайызы Бурабайға барып демалып қайтуға мәжбүр. Ал қалғандары баратын жер іздейді. «Жасыл белдеу» өңірдің ауа-райының оңтайлануына ғана әсер етіп қоймай, демалыс және мереке күндері қала тұрғындарының табиғат аясында демалып қайтуына да қолайлы жағдай туғызады.
Сонымен қатар сала мамандары 6 шілде күні ауа-райында айтарлықтай өзгерістер болмайтынын айтады. Олардың болжауынша, мереке күні ауа температурасы өткен жылдардағы көрсеткішпен шамалас болады. Көшпелі бұлт шығады, жауын-шашынсыз. Солтүстік батыстан соққан желдің жылдамдығы 9-14 м/с. Ауа температурасы түнде +10+12°C, күндіз +23+25°C жылылықты көрсетеді деп күтілуде.
Астана – жасыл оазис
Последние статьи автора