Алматы қаласы тарихының музейінде 2013 жылдың 1 шілдесінен бастап елордамыз Астана күніне орай «Астана – мәңгі жас қала» атты көрме ұйымдастырылды.
1997 жылы 20 қазанда Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды. 1998 жылы 6 мамырда Елбасының Жарлығымен ҚР-ның астанасы Астана болып аталды, ал 20 мамырда «ҚР-ның астанасының мәртебесі туралы» ҚР Заңы қабылданды. Осы жылғы 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.
2008 жылдың 18 маусымы күні Парламент Астананың 10 жылдық мерейтойы қарсаңында «Мерекелер туралы» Заңға толықтыру енгізу туралы» Заң жобасын мақұлдап, оған Мемлекет басшысы Н. Назарбаев қол қойғаннан кейін шілденің 6-сы – Астана күні жаңа мемлекеттік мереке болып белгіленді. Осылайша еліміздегі мәні зор, маңызы айрықша мерекелердің қатары тағы бір күнмен толыққан болатын.
Аталмыш көрмеге мемлекетіміздің саяси, әкімшілік, экономикалық, мәдени орталығы – Астана қаласының бүгінгі әсем бейнесі мен өткен тарихын танытатын музей қорындағы жәдігерлер көрсетілген. Оларды фотосуреттер, мұрағат деректері, кітаптар құрайды.
«Астана – мәңгі жас қала»
Последние статьи автора