«Жасыл экономика»: Баламалы энергия көзін қоқыстан да алуға болады

«Жасыл экономика»: Баламалы энергия көзін қоқыстан да алуға болады

 Қазақтан халықаралық ЭКСПО көрмесін дүркіретіп өткізіп жатыр. Баламалы энергия көздерін табуды, дамытуды және оны қолданысқа кеңінен енгізуді мақсат ететін осынау көрмеге және оның тақырыбына қазір оң баға берушілер көп. Бұған дейінгі халықаралық көрмелердің ешбірі бұл тақырыпқа арналмаған. Көрмеден үміт күтушілер көп. Энергетика көздері қолжетімсіз болып барады. Оның тапшылығы Орталық Азия елдері арасында да қатты сезілуде. Мұнай мен көмірдің орнын басатын энергия көздері дәл осы ЭКСПО-2017 көрмесінде таныстырылуы керек дейді әлем сарапшылары.
Қазақстан ЭКСПО-2017 көрмесіне баламалы энергия көздеріне арналған 30-ға жуық жобасын ұсынғанын бұған дейін айтқанбыз. Барлығы дерлік желден, су мен күннен және жерден энергия алуға лайықталған жобалар. Алайда, қоқысты, яғни тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы энергия алуға бағытталған бірде-бір жоба жоқ. Ал, елімізде қоқыс полигондарының саны бүгінде 4 мыңнан асып кеткенін біреу білсе, біреу білмейді. Онда жиналған қалдықтардың көлемі мүлдем жаңа ұстатарлық, бүгінге дейін бүкіл Қазақстан аумағында 43 млрд тонна қоқыс жиналып қалыпты. Жуырда «Время» газетіне шыққан мақалада отандық экологтар осылай деп дабыл қақты. Расында бұл дабыл қағатын-ақ көрсеткіш. Өйткені, елімізде қоқысты қайта өңдейтін алып кәсіпорындар жоқ деуге болады. Барларының өзі шағын ғана зауыттар.
Қоқыс полигондарының проблемасы тек Қазақстанда ғана өзекті болып отырған жоқ. Әлемдегі дамыған және дамушы елдердің бәрінде бұл проблема бар. Мемлекеттің экономикасы, өнеркәсібі қаншалықты дамыған сайын қалдықтардың да көлемі арта түседі. Ал, тығырықтан шығу үшін Қазақстанға сол дамыған елдердің тәжірибесін қолданғаннан артық шара жоқ. Бұл тұрғыда Қазақстан үшін «Азия жолбарысы» атанып кеткен Сингапурдың тәжірибесінен артығы жоқ деп сеніммен айтуға болады. Өйткені, аталған шағын мемлекет қоқысты өңдеумен қатар, одан энергия қуатын өндіріп те шығарады. Баламалы энергия көздерін іздеп жүрген Қазақстан үшін бұл «бір оқпен екі қоянды атып алудың» таптырмас үлгісі.
Қарап тұрсаңыз, кәдімгі қоқыстан да электр қуатын алуға болады. Зауытын салып, қажетті технологиясын орнатсаңыз болғаны. Қазақстанда оның шикізаты су тегін – 43 млрд тонна қоқыс далада жатыр. Бірақ, неге екені белгісіз, біздің ел бұл технологияны жүзеге асыруға қазір аса құлшыныс танытып отырған жоқ. Биыл құрылысы басталған Алматыдағы ірі қоқыс өңдеу зауыты да қалдықтардан энергия алуды әзірге жоспарламапты. Республикадағы үлкенді-кішілі қоқысты қайта өңдеу зауыттарында да мұндай технология жоқ. Қазақстан баламалы энергия көздері тақырыбында халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізіп жатқанын ескерсек, ертелі-кеш біздің елге Сингапурдың осынау тәжірибесін қолдануға тура келеді.
Енді сол мақтаулы Сингапурдың тәжірибесіне егжей-текжейлі тоқталсақ. Мемлекет басшысы Қазақстанның даму бағыты Сингапурдың жолындай болуы керек дегенді жиі айтады. Сингапур – Азия жолбарысы болса, Қазақстан Азияның барысына айналуы тиіс. Елбасының көздегені де осы.
Сингапур қолданатын бүкіл энергия қуатының 3 пайызын осы тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы алады екен. Жиналған қоқыс елде орналасқан 4 электр станциясында өртеліп, одан электр энергиясын өндіріп шығарады. Жалпы, 5 миллион халқы бар бұл ел 1 жылда 7-8 миллион тонна қоқысты қайта өңдейді. Нәтижесінде, Сингапур бүгінгі таңда Азияның экология тұрғысынан ең таза мемлекеттерінің біріне айналып отыр.
Тоқсаныншы жылдарың соңында әлемдік сарапшылар Сингапурды Мумбаи, Джакарта, Бангкок, Манила секілді лас мегаполиске айналады деп болжам жасағанын да айта кету керек. Өйткені, шағын мемлекетте қоқыс тастайтын орын қалмай, қала мен оның жағалауы ластана бастаған еді. 2000 жылдың өзінде қоқыс тастайтын басты полигон лық толып қалған болатын. Ал, халық арасында түрлі жұқпалы аурулар пайда бола бастағанда билік түбегейлі өзгеріс жасауға кірісті.
Түбегейлі өзгерісті жасаған атақты саясаткер, қазақстандық шенеуніктердің аузынан түспейтін Сингапурдың тұңғыш премьер-министрі – Ли Куан Ю. Ол ел тұрғындарының көшеге қоқыс тастауы былай тұрсын, түкіруіне де тыйым салған болатын. Ал, 2001 жылы қоқыс өңдеуді ынталандыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламаны іске қосты. Оның шарты бойынша, кез келген Сингапур тұрғыны ақылы түрде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге атсалысуы керек. 2005 жылы бұл бағдарлама аясында елдегі отбасылардың 56 пайызы қоқыс өңдеумен айналысып, күндерін көріп отырды. Әрі қала қоқыстан тазарды, әрі елдегі жұмыссыздық жойылды.
Бүгінгі таңда Сингапур жиналған барлық қоқыстың 60 пайызын өңдеп, 38 пайызын энегрия алу үшін өртейді екен. Қалған 2 пайызы күл күйінде полигонға жіберіледі. Бірақ, бұл 2 пайыздың өзі көп. Өйткені, әу баста Сингапурдың жер көлемі біздің Қарағандыдан сәл ғана үлкен болатын. Жиналған қоқыстың артып кеткені соншалық, Сингапурдың аумағы 20 жылға жетер-жетпес уақытта Алматымен теңесті. Яғни, қала-мемлекеттің жағалауы күлдің есебінен әліге дейін кеңейіп келеді. Бірақ, сингапурлықтар мұның өзін пайдаға жаратып отыр. Ол жайында сәл кейінірек. Қазір Ли Куан Юдың қоқыс проблемасын қалай шешкені туралы азды-кем сөз қозғайық.
Тоқсаныншы жылдардың соңында Ли Куан Ю қоқысты теңізге тастауға тыйым салды. Өйткені, Сингапур бұғазы Азия мен Еуропаның кемелері жиі қатынайтын су жолы екені белгілі. Жыл сайын екі құрлық арасына аталған бұғаз арқылы 50 мың су көлігі жүзіп өтеді. Яғни, бұл акватория онсыз да бұған дейін былғанып қойған. Одан әрі былғай берсе экологиялық апаттың болатыны мектептегі балаға да белгілі еді. Сондықтан, саясаткер басқаша амал қолданды.
Тоқсаныншы жылдары Сингапурға қарасты Семакау аралында шағын ғана балықшылар деревнясы орналасқан болатын. Ел билігі ондағы тұрғындардың барлығын Сингапурға көшіріп, аралды қоқыс полигонына айналдырды. Бұл жерге өртенген қоқыстын күлін әкеліп төге бастады. Бұл процесс әлі жалғасып жатыр және аралдың көлемі де күн сайын өсуде. Сингапур аумағының Алматымен теңескен себебі де осы.
Жиырма жылдай уақытта полигонға барлығы 60 миллион текше метр қоқыс тасталып, оның күлі бүгінде тыңайтқыш топыраққа айналып үлгерген. Қоқыстың өзін пайдаға жаратып отыр дегеніміз осы. Қазір аралдың аумағы 350 гектар жерді құрап жатыр, беті болса көк шалғын шөп. Жергілікті биліктің айтуынша, бұл полигонға әлі 2045 жылға дейін қоқыс төгуге болады. Яғни, атақты реформатор ойлап тапқан жобаның арқасында Сингапур жарты ғасыр бойы қоқыс проблемасына басын қатырмайды.
Семакау аралын қоқыс төгетін полигон деп бүгінде ешкім айтпайды. Туристер тіпті, бұл аралды «Жердегі жұмақ» деп те атап кеткен. Мұнда жасыл желекті айтпағанда коралл питомнигі де бар. Ли Куан Ю үкіметі бұл мега жобаны жүзеге асыру үшін 400 миллион доллар жұмсапты (Қазақстан болса ЭКСПО кешенін салу үшін 1,25 млрд доллар жұмсады).
Қазақстанға жеке арал салудың қажеті жоқ әрине. Жеріміз кең-байтақ. Бірақ, жиналып қалған қоқыс проблемасын түбінде шешуіміз керек. Бұл кейінге ысырып қоятын шаруа емес. Өйткені, тұрмыстық қалдықтар көлемі жыл сайын емес, күн сайын өсіп барады. Қоқысты қайта өңдеу зауыттары Қазақстанда жоқ емес, бар. Бірақ, мамандардың айтуынша, елімізде қоқысты көптеп өңдеу үшін оны алдымен сұрыптап алу қажет. Ол үшін халықты қоқыс тастау мәдениетіне үйрету керек. Мәселен, шыны қалдықтарын бөлек, пластик пен полиэтилен қалдықтарын бөлек, тамақ қалдықтарын бөлек, қағаз қалдықтарын бөлек, шүберекті де бөлек тастаған жөн. Бұл қоқыс өңдейтін кәсіпорындардың жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді. Қазір Қазақстандағы қалдықтардың тек 5 пайызы ғана өңделеді екен. Ал, мұндай көрсеткіште бізге баламалы энергия көзі туралы айту расымен де әлі ертерек.
Қазақстан бүгінде түрлі салаларды дамыту үшін мамандарды шетелге бірнеше айға оқытуға, тәжірибе алмасуға жібереді. Әсіресе, отандық дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, мемқызметкерлер, тіпті спортшыларға дейін шетел асып, біліктілігін шыңдап келіп жатыр. Бұл әрине жақсы бастама. Бірақ, осы бастама аясында қоқысты қайта өңдейтін кәсіпорын жұмысшыларын да дамыған елдерге жіберіп, тәжірибесін арттырып әкелсе артық болмас еді.
Мәселен, Сингапурды былай қойғанда, еуропалық державалар да тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуде керемет тәжірибеге ие. Әсіресе, «кәрі құрлықта» Германияның алдына түсер ел жоқ. Немістердің технологиясы дамығаны сонша, бұл елде қоқысты өңдеудің есебінен кей қалалардың тұрғындары электр қуатын да, жылуды да еш қиналмай алып отыр. Бағасы тегін болмаса да қалтаға мүлдем салмақ салмайды.
Германиядағы әр үйдің ауласында қоқыс тастайтын кем дегенде үш жәшік болады. Кейде олардың саны сегізге дейін жетуі мүмкін. Яғни, әр материалға арналған бір жәшіктен бар. Бірде-бір неміс қоқысты көрінген жәшікке тастай салмайды. Мейлі ол бір уыс қалдық болсын, сонда да алдымен оны сұрыптап, сосын барып тиісті жәшікке апарып тастайды. Яғни, халықтың арасында қоқыс тастау мәдениеті де аса жоғары деңгейде қалыптасқан.
Еуропаның өзге елдерінде де қоқыспен күрес, оны қайта өңдеу жұмыстары оң жолға қойылған. Мәселен, қоқыс жинап, оны зауытқа апарып өткізген Берлин жеткіншектері міндетті түрде бұл жұмыстары үшін ақы алады. Ал, Голландияда мұндай жасөспірімдерге купон беріледі екен. Бұл купон арқылы коммуналды қызмет түрлерінің ақысын төлейтін кезде жеңілдіктерге ие болады. Сондай-ақ, Испания билігі қоқысты сұрыптап, кәсіпорынға өткізген балаларға балмұздақ және өзге де тәттілерін сатып әпереді.
Мұның бәрін не үшін айтып отырмыз? Күні кеше Астанада әлемдегі танымал кәсіпкерлермен, экономист-сарапшылармен кездескен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы пайдалы қазбалардың қоры 34 млрд тоннаны құрайды деп, шетелдік инвесторларды елге шақырды. Ал, Қазақстанда жиналған қоқыстың көлемі сол пайдалы қазбаның көлемінен де асып кетіп отыр. Біздің елге қазір тек пайдалы қазбаны өңдейтін ғана емес, қоқыс өңдейдін те алып зауыттар қажет. Оларды салуға өз күшіміз жетпесе шетелден де инвесторларды тартуға болады. Тегін қоқыстан ақша жасау ұсынысынан бас тартатындар көп болмайды деп ойлаймыз. Жалпы, бұл проблеманы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында да шешуге болатын еді. Алайда, отандық ғалымдардың ешбірі қоқыстан энергия қуатын алатын жобаны ұсынған жоқ.
Дегенмен, Қазақстан «жасыл экономика» идеясын енді ғана қолға ала бастағанын ескерсек, елімізде қоқыстан энергия өндіретін әлі талай мега-зауыттың құрылысы басталатынына сенімдіміз. Тек бұл бағытқа да инвестиция тарта білуіміз керек. Бастысы жұмыс басталса, халық арасында қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру түк емес.

С.Абайұлы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста