Жылжымайтын мүлікті сақтандыруға дайынбыз ба?
ҚР Статистика комитетінің есебі бойынша еліміздегі жеңіл автокөліктер саны қазір 3 млн 700 мыңға жуық. «Айта бергенмен не пайда?» дей көрмеңіздер, үкіметтің жеке меншіктегі бұл мүлікті сақтандыруды міндеттеп қойғандарына наразы емес жүргізуші жоқ шығар, сірә...
Қорға түскен қаржыдан сақтандыру компаниялары қомақты пайда тауып жатқанымен, көлік иелері үшін бұл мүлде тиімсіз заңнама. Алты ай сайын орта есеппен әр көліктен он мың теңге түседі десек, сақтандыру компанияларының қалай байып жатқаны түсінікті (жалпы сақтандыру ұйымдарының тапқан пайдасы өткен жылдың 1 қыркүйектегі көрсеткіші бойынша 30,6 миллиард теңге). Иә, әр сақтандыру ұйымдарының артында бір-бір дөкей тұрғаны белгілі. Әрине «бұл әлемдік тәжірибеде бар үрдіс» дейміз. Дей тұрғанымен, ол жақта сақтандыру мәдениеті өте жоғары деңгейде дамыған. Дүние-мүліктерін сақтандыруға халықтың өзі мүдделі. Тарихқа сенсек, шетелде сақтандыру құл иелену заманынан, яғни XII ғасырдан бастау алады. Біздегі жағдай сарапшы мамандардың пікірлеріне сенсек, әлі пісіп-жетілмеген.
Т.Назханов, заңгер:
– Бізді шетелмен салыстыруға мүлде келмейді. Айырмашылық жер мен көктей. Неге дамыған елдерде халық үйін, көлігін тұрмақ тіпті ит-мысығына дейін сақтандырады? Өйткені олардың ұйымдары әлеуетті, капиталы қомақты. Қорларында миллиардтаған қаржы жатыр. Бұл – бірінші. Екіншіден – шетелдегі сақтандыру компанияларының құқықтық базасы өте күшті дамыған. Үшіншіден – алуан түрлі. Мысалы айтайын, адвокат жалдаған клиент бірінші кезекте сақтандыру ұйымдарымен келісім-шартқа отырып алады. Егер қорғаушының тактикасы дұрыс болмай шықса, ақшасын қайтып өндіріп алуға құқылы. Төртіншіден – дүние-мүлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру келісім-шартының барлық тетіктері екі жаққа да ұтымды.
Нарық заманы басталған жылдары біздің елдегі сақтандыру нормаларының механизмдері мүлде дұрыс болмады, соның салдарынан бұл секторда негізінен тәжірибесі жоқ ұйымдар жұмыс істеді. «1994 жылдан 1998 жылға дейін олардың саны 900-ге дейін көбейіп кетті» дейді статистика. Бірақ, олардың басым бөлігі «аты бар, заты жоқ» ұйымдар еді. Нақты жұмыс істегендері бірен-саран. Сөйтіп, бірте-бірте нарық өзі ысырап тастаған бұл секторда қазір 35 ұйым ғана қалды.
Келесі кезекте – жылжымайтын мүлік. Негізі үкіметтің тұрғын үйлерді қамсыздандыру қамына кіріскендеріне біраз болды. Төрт жыл бойы толғатқан жаңа заң енді бірер айдан кейін дүниеге келмек. Бұл сақтандырудың көлік сақтандырудан айырмашылығы шамалы. Сақтандыру құны қанша болады, ол жағы әлі белгісіз. Бір білетініміз – жеке тұлғалар иелігіндегі баспаналарды сақтандыру 35 шаршы метрден басталады. Бұл міндетті. Егер үйіңіз үлкен болса, оның қалған жерлерін сақтандырасыз ба, жоқ па, ол өз еркіңіз. Естеріңізге сала кетейік, жылжымайтын мүлікті сақтандырумен жекеменшік емес, мемлекеттік қорлар айналысатын болады. Бір қарағанда жаман емес. Бірақ...
Экономист-сарапшы Ілияс Исаев:
– Жылжымайтын дүние-мүлікті сақтандыру керек дегенге әрине қосыламын. Бірақ біз соған дайынбыз ба?Әлбетте, сақтандыру жарнасы қалтаға сезілмейтіндей аз болмайды. Қарапайым халық үшін қиындық туғызуы мүмкін. Көпшілік жүргізушілер үшін қазір сақтандыру полисінің өзі қымбатқа түсіп жатады. Қазір елде жұмыссыздық. Қанша адам жұмыссыз қалып отыр. Анау бір күні құзырлы орындар «елдегі жұмыссыздық 5 пайыздан асады» деп есеп беріп жатыр, бұл – жалған дерек. Оны жұрт жақсы біледі. Осы жуырда ғана қаншама жұмыс орындары қысқарды. Міне, осындай жағдайда жылжымайтын мүлікті сақтандыру үдерісін бастап кету қалай болар екен?Осы жағын ойлаған абзал. Менің ойымша, әлі ертерек. Алдымен әлеуметтік сегменттің барлық жағын ретке келтіріп алған жөн.
Айта кетейін, жылжымайтын мүлікті сақтандырудың мен құптайтын бір тұсы мынау: қазір бір басында зәулім-зәулім неше қабатты бір емес, бірнеше үйлері бар зейнеткерлер жоқ емес. Міне, сақтандыру шаралары кезінде осындай «қалталы зейнеткерлеріміздің» артында кімдер тұрғаны белгілі болып қалар еді.
Талғат Үсенов, сақтандыру маманы:
– Біздің отандық сақтандыру нарығы тәуелсіздік алған жиырма жылдың ішінде біршама жақсарды. Оны мойындау керек. Алайда шетелдік ұйымдарға бәсекелес бола алмайды. Ол – анық. Бір ғана мысал келтіре кетейін, бізде жол апатынан зардап шеккен көлікке ең көп дегенде 600 АЕК-тен артық төлемейді. Егер көлікті жөндеуге көрсетілген сомадан артық ақша қажет болса, онда оның қалғанын жүргізуші өз қалтасынан шығаруы тиіс. Ал дамыған елдерде, мысалы Германияда ең жоғарғы төлем 5 миллион еуро. Әрине мұндай дәрежеге жетуге бізге әлі ерте.
Ал жылжымайтын мүлікті сақтандыру мәселесіне келсек, бұл бізге қажет. Қазір оған үлкен дайындықтар жүріп жатыр. Менің ойымша, оны жүзеге асыру анау айтқандай қиынға соқпауы тиіс. Қалай деген де, уақыт көрсетеді оны.
Білген абзал, жалпы сақтандырудың екі формасы бар: жеке сақтандыру мен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру. Екеуінің айырмашылығы – жеке адамның сақтандыру қорын өз жарналары есебінен оның материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған әрі ол ерікті сипатта болады. Сақтанушы тәуекелдікті тандауға да, сақтандыру компаниясын тандауға да ерікті. Мемлекеттік болса – адамдарды сақтандыру арқылы олардың қорғауын күшейту және қорға жиналған ресурстарды инвестицияға салып немесе аталған еркін ақша қаражаттарын мемлекеттік қағаздар, кәсіпорындар акцияларына, банкінің бағалы қағаздарына және басқа да қаржы құралдарына жұмсаудан пайда табу арқылы сақтандыру қорларын жұмыстарын арттыру.
Айта берсе, сақтандырудың түр-түрі бар. Тағы бір маңызды формасы – адам өмірін сақтандыру. Бұл – ерікті. Келісім-шартқа қарай белгіленген мерзімде жарна құйып отырып, уақыты біткенде егер ондағы актив бұзылмаса, онда жинаған ақшаңды толық көлемде қайтып аласың. Міне, айтайық дегеніміз, көлік және жылжымайтын мүлікті сақтандыру шартына осындай норма енгізсе қалай болар екен? Сонда, екі тарапқа да тиімді болар ма еді. Былайша айтқанда, «құда да риза, құдағи да тыныш». Сіз не дейсіз оқырман?