Жол азабы жолаушыға таныс, жетейін десем, ауылым алыс...
Қазақ әдетте сапарлап шыққан адамға «Жолың болсын!» дейді. Жақсы тілектің астары аман барып, сау қайт дегенге сайып тұр. Ал «Жол азабын тартқан білер» деген мәтелді естігенде бойың дір ете қалады. Көз алдыңда ми батпаққа батқан көлігің, боранда тоңған кезің, басқа да жолдан көрген құқайың қорқынышты түстей тұрып алады. Бұл көрініс, әсіресе, Жайық өңірінің жұртшылығы үшін етене таныс, әбден ет үйренген жағдай. Өйткені Батыс Қазақстан – республикадағы қатқыл табанды жолмен қамтылуы жағынан кенжелеп қалған облыс. Көлік күретамырының 10 пайызын асфальт жауып жатса, 90 пайызы топырағы бұрқыраған кәдімгі қара жол. Жалпы, газды өңірде қатқыл табанды жамылғылы жол алты ауданда ғана бар. Қалған алты аудан халқы жол азабын тартудай-ақ тартып жүр. Әсіресе, көктемгі және күзгі лайсаңда, сосын қытымыр қыста көлігіңіз қанша мықты болса да, сапарлап шығу шынымен қауіпті. Өткен жылғы ақпанның ақ түтегінде көлігі бұзылып, далада қалған бірнеше адам құтқарылды. Қауіп-қатерге қарамай жолға шығып, оның арты орны толмас өкінішке ұрындырған оқиғалар да тіркелді.
Жалпы, жол «жыры» жергілікті билікке де, жоғарыдағыларға да жақсы таныс. Бірақ бір шақырым жол салу үшін миллиондаған теңге қаржы қажеттігі көп шаруаға қолбайлау. Дегенмен қол қусырып отырған ешкім жоқ. Соңғы жылдары жол құрылысына жан бітті. Аудан-ауылды Оралмен байланыстыратын бірнеше магистральдің бетіне асфальт төселіп жатыр. Алайда оның қарқыны халық ойлағандай емес, тым баяу.
Көп жағдайда кінәні мердігерден іздейміз. Көтере алмайтын шоқпарды беліне қыстырады. Көкейді ақша теседі. Тендерді ұтып алады да, техникасы сайлы болмай, жұмысты тоқыратады. Жолшы маманы түгіл, жұмысшы адамы жоқ кәсіпорындар да аз емес. Мұны болдырмас үшін республикада өтетін тендерлерге облыстардан өкілдер қатысса, дұрыс болар ма еді. Өйткені олар жергілікті мекеме-ұйымдардың әлеуетін жақсы біледі ғой. «Сол кезде аты бар да, заты жоқ қаптаған «жол салғыш» ЖШС-ларды жеп отырған «жемдерінен» айыруға мүмкіндік туады» дейді сала мамандары. Оған қоса мердігердің іс-әрекетін бақылау, қыңырайғандарын қамшылап алу құзыретін жергілікті әкімдіктерге берген де дұрыс секілді.
Мысықтабандап жылжитын магистральдар құрылысы тұрғындардың қалтасын да қағып барады. Себебі жаңбыр жауса, боран тұрса, жолақы бағасы лезде қымбаттайды. Аспанға қарап, бүгін күн қандай болар екен деп бал ашып жүргеннің несі жақсы?! Жолақыны өсірме деп тағы айта алмайсың. «Қазаншының өз еркі: қайдан құлақ шығарса» дегендей, кісі таситын көліктің бәрі жекеменшік. Жол ауыр болса, жанармай көп кетеді, көлік те тез бұзылады. Қысқасы, жолақыны өсіруге себеп көп. Барайын десем, жер шалғайдың кебін киген халық, амал жоқ, төзеді.
Батыс Қазақстанның бір ерекшелігі, облыс орталығы Орал мен Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының арасы – 600 шақырым. Ұшқан құстың қанаты талатын қашықтық. Осы екі ауданмен қатқыл табанды жол байланысы ешқашан болған емес. Жаздың аптабында, қыстың қырауында жолаушылап шыққан жан әуелі ауа райына құлақ түреді. Бәрі дұрыс болса, 12 сағат бойы «Уаз» немесе «Газельмен» селкілдейді. Жай күндері бір адам 6 мың теңге төлеп келсе, лайсаңда жолақы 10 мыңға бір-ақ секіреді. Жарты тәулігін жолға жұмсап жеткенде жұмысы бітсе, жақсы. Бітпесе, тағы екі-үш күн жатып, көлік күтуге мәжбүр. Неге десеңіз, жолдың нашарлығынан күткен көлігіңіздің келе алмай қалуы немесе орын болмауы әбден ықтимал.
Қалыптасқан жағдайдан шығатын жол бар ма? Әрине, бар. Ол – Кеңес Одағы тұсында қос ауданды Оралмен байланыстырған жолаушылар пойызын қайтадан қалпына келтіру. Ресеймен шекарадағы Бөкей ордасы және Жәнібек теміржолдың үстінде тұр. Кезінде Оралдан шыққан тіркемелі вагондар Астраханьға бет алған пойызға тіркеліп, осы екі ауданға жеткізілетін. Одақ ыдырағаннан кейін көршілер келіспеді ме, әлде біз табандылық танытпадық па, әйтеуір, тасымалдың осы бір жайлы да арзан түрі көзден бұл-бұл ұшты. Қазір, Құдайға шүкір, еліміз – Кедендік одақтың толыққанды мүшесі. Алыс-беріс оңайлап, жолаушы тасымалы жақсара бастады. Ендеше, екі елдің арасын жалғайтын қос ауданға пойыз шығарса, ешкім ұтылмайды. Бұл пойыз шыға қалса, экономикалық тиімділігімен қатар, туризм де дамыр еді. Тарихы терең Бөкей ордасында әйгілі Бөкей ханның мұражай-кешені, Жәңгір ханның, дәулескер күйші Дәулеткерейдің, даңқты ғалым Мұхамед-Салық Бабажановтың кесенелері бар. Құм қойнауынан орын тепкен адам еңбегінің ғажайып көрінісі – қарағай орманы да талай туристің түсіне еніп жүргені анық. Қазақ даласындағы алғашқы дәріхана, 40-тан астам қарағайдан қиылған үй де – осы өңірде. Бір сөзбен айтқанда, жолдың салынуы, жолаушы пойызының шығуы халықтың тұрмысын жақсартып, өңірді ірі туристік орталыққа айналдырар еді.
Рашит АХМЕТОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Жол мәселесі – Батыс Қазақстандағы ең күрделі тұстардың бірі. Соңғы 20 жылда ауылдың ауызсу, газ тарту, мектеп, балабақша салу секілді көптеген әлеуметтік мәселесі шешілді. Енді кезек жолға жетті. Өзіміз де осы жолдармен жүрген соң жағдайды жақсы білеміз. Кейбір аудандарға жол салу, күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Алдағы уақытта облыс әкімдігімен бірлесіп, жол мәселесін республикалық деңгейде көтере беретін боламыз.
Көбіне алыс аудандарға жету оңай емес. Әсіресе Жәнібек, Бөкей ордасы секілді шалғай аудандардан облыс орталығына қатынау қиын. Жалпы, автокөлік жолын салу аса ірі қаражатты қажет ететін болғандықтан, менің пікірімше, бұл аудандарға бұрын болған теміржол байланысын қалпына келтірген тиімділеу. «Қазақстан темір жолы» АҚ арнайы пойыз бөлуге келісіп отыр. Түйінді мәселе Қазақстан мен Ресей арасындағы шекаралық бақылауға тіреліп тұр. Ресейлік Дума депутаттарымен бұл жөнінде пікір алмастық. Енді республикалық шекара қызметінің басшылығына шығып, ресейлік әріптестермен бір келісімге келу үшін келіссөз жүргізуді ұсынбақшымыз. Кеден одағы аясына біріккен екі елдің экономикалық байланысы тығыз. Сондықтан бұл мәселенің түптің түбінде шешімін табары анық. Әрі теміржол байланысы Тасқала және Переметный ауылдарын да қамтыр еді.
Қазақстан-Ресей шекарасындағы жолаушыларды шекаралық тексеру мәселесіне қатысты айтар болсам, ол міндетті түрде керек. Өйткені біз егемен елдерміз, шекараның болуы ұлттық қауіпсіздіктің мүддесі үшін: есірткі тасымалының, халықаралық экстремизм мен лаңкестіктің, ұйымдасқан қылмыстың алдын алу және болдырмау үшін қажет.
Сергей ҚАБДЕШОВ, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ Орал тасымал бөлімшесінің директоры:
– Кеңес Одағы кезінде Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандары арқылы Ресейге бағыт алған пойыздар Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарының тұрғындары үшін қолайлы еді. Бүгіндері ресейлік әріптестеріміз нарықтық ахуалды алға тартып, аталмыш бағыт бойынша жолаушы мөлшері мардымсыз болғандықтан, әзірге біздің ұсынысымызға ыңғай танытпай отыр. Бірақ бұл мәселе – облыс басшылығы мен біздің облыстан сайланған ҚР Парламенті депутаттарының ұдайы назарында. Осы мәселенің оңтайлы шешілуіне Үкімет те оң қабақ танытса екен дейміз.
Санат САРИЕВ, зейнеткер:
– Мен бұрынғы Орда ауданының тұрғынымын, зейнеткермін. Еліміздің қуаттанып әрі көршілес Ресеймен қарым-қатынас күннен-күнге жақсарып келе жатқанына қуанамын.
Біздің Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандары тұрғындарының облыс орталығымен қатынасы өте қиын екенін бәрі де біледі. Әсіресе көктем мен күзде, қыс күндерінде жолаушылар жол азабын қатты тартады. Сау адам әрең шыдайтын сапарда ауру, науқас адамдарға тіпті қиын. Жолда өліп те кетуі мүмкін. Сондықтан облыс басшыларынан, мәслихат депутаттарынан өтініп сұрайтынымыз: бұрынғы Орал-Астрахань тіркеме пойызын қайта қалпына келтірсе. Меніңше, қазір бұл жөнінде Кедендік одаққа біріккен Ресеймен келісімге келу қиын болмас.
Сондай-ақ Сайхын мен Жәнібекке баратын автожолды да тезірек жөндеу – қос ауданның мыңдаған тұрғыны талап ететін мәселе.