Сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде айқындалып отырғандықтан бұл ұстаным салық қызметі органдарының жұмысында да маңызды орын алды. Әлеуметтік құбылыс ретінде жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық салық органдарының жұмыс барысына, имиджіне нұқсан келтіріп қана қоймайды, ол мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің нығаюына, нарықтық экономиканың дамуына кедергі келтіріп, еліміздің ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сондықтан да еліміздің Қаржы министрлігінің Салық комитеті төрағасының 2007 жылғы №689 Бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының салық органдарындағы жемқорлықпен күрес стратегиясын» жүзеге асыру барысында салық органдары әрдайым өз қатарындағы жемқорлық көріністерімен күресіп келеді.
Осыған орай Алматы қаласының Медеу аудандық салық басқармасы осы әлеуметтік құбылыспен күресуге ерекше назар аударып, жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен болдырмау шараларын қабылдап, басқарма қызметкерлерінің арасында осы бағыттағы тиісті жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Біздің қызметкерлердің моральдық келбетінің биік болуына жеке әңгіме өткізу, жемқорлық деректері бойынша бейнематериалдар көрсету, жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылық пен қылмыстарға қатысты заңнамалық негіздерді түсіндіру тәрізді алдын алу шараларын жүргізу де оңды әсерін тигізіп отыр. Өндірістік жиындар барысында келіп түскен арыздар мен Алматы қаласының Салық департаментінің шолу хаттарында келтірілген деректер жан-жақты талқыланып отырады. Қызметкерлер салықтық, әкімшілік және жемқорлыққа қарсы заңнамалардағы өзгерістер жөнінде ұдайы құлақтанып отырады. Сондай-ақ қызметкерлердің еңбек және жемқорлыққа қарсы заңнамалардағы тиісті баптарды орнықты түрде жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшін қызмет ғимараттарында бейнекамералар ілініп, ал келушілерге арнап хат жәшіктері мен ұсыныс пен арыз кітапшалары қойылған.
Өзге де мемлекеттік органдардың арасында Салық органдары алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызмет көрсетудің дәл, нақты регламенттерін жасап шығарды. Ол 19 түрлі қызмет түрінен тұрады және онда Қазақстан Республикасының салық төлеушілерін тіркеу, салықтық заңнамалардың баптарын түсіндіру, салықтық алашақтар мен берешектер туралы анықтама беру тәрізді қызмет түрлері қамтылған. Салық төлеушілердің көрсетілетін қызметтермен қанағаттануының сыпайылық, объективтілік тәрізді принциптерге сүйенген, салық төлеушілердің сұранымдарына уақытында жауап беру, оларға дәл де толық ақпарат ұсыну, қызметкерлердің кәсіби деңгейінің жоғары болуы тәрізді мәселелер қамтылған мақсаттық көрсеткіштері белгіленген.
Бүгінгі күнге Қазақстан Республикасының Салық төлеуші Хартиясы қабылданған. Онда салық органдары қызметкерлері тарапынан құқық бұзушылық әрекеттерді болдырмау мақсатында салық төлеушілердің нақты құқықтары белгіленген.
Салық қызметі әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге және оның жариялылығын қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді жүзеге асырады. Біздің басқарманың қызметкерлері мемлекеттік қызмет көрсетудің белгіленген мерзімін бұлжытпай сақтайды. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың туындауына ықпал ететін қолайлы жағдайларға жол бермейді. Қазіргі кезде біз салық есебінің электронды формасын үгіттеп, оны енгізуге үлкен мән беріп отырмыз. Осы орайда электрондық қызмет көлемі ұлғайғанын айтқан жөн. Біздің басқармада салық төлеушілер салық есебін электронды түрде өткізе алатын терминал жұмыс істейді. Мұның артықшылығы айқын. Біріншіден, бұл салық төлеушінің уақытын үнемдейді, екіншіден, салық инспекторымен бетпе-бет жүздесуге мүмкіндік бермейді.
Салық мекемесінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге бағытталған шаралармен қатар, біздің қызметкерлер өзге де мемлекеттік органдарда жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылықты әшкерелеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл шара қазір өз жемісін бере бастады. Осы орайда салық органдары тарапынан құқық бұзған мемлекеттік қызметкерлерге қатысты, атап айтқанда, табысын жарияламау немесе өзіне тиесілі мал-мүлкі туралы жалған мәлімет бергені үшін әкімшілік іс қозғалады. Осындай сыбайлас жемқорлыққа жол берген азаматтарға процессуалдық шара қолдану үшін барлық әкімшілік құжаттар сот органдарына жіберіледі.
Салық органдары қабылдаған осы тәрізді шаралар мемлекет үшін аса қауіпті болып табылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өз нәтижесін беруде. Алайда жемқорлықты түп-тамырымен жою үшін салық төлеушілерді мұндай шараларға түсіністікпен қарауына және біздің осы бағыттағы қадамдарымызды қолдауға шақырамыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, сыбайлас жемқорлықты бірлесіп еңсергенде ғана мемлекетіміздің гүлденуіне баға жетпес үлес қосатынымыз сөзсіз.
Сонымен қатар заңнамаға байланысты, туындаған мәселесін пара арқылы шешуге ұмтылатын салық төлеушілерді өкілетті тұлғаға пара ұсынудың өзі қылмыстық жаза қолданылатын әрекет екенін ескерткіміз келеді. Мұндай жайттарды болдырмау мақсатында біздің тарапымыздан көпшілік түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Салық басқармасының ғимаратында өкілетті тұлғаға пара ұсынғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны жөнінде ескерту ілінген. Сондай-ақ құқық қорғау органдарымен бірге осы тәрізді құбылыстардың алдына алуда бірлескен шараларды жүзеге асырамыз.