Заңсыз алтын айналымы кім үшін тиімді?

Мәжілісте кеше Инвестициялар және даму вице-минстрі Альберт Рау заңсыз алтын өндіру мәселесін көтеріп, өз бетінше алтын іздеушілерге тосқауыл қою қажет деп айтып қалды. Яғни, заңды айналып өтіп жүрген алтын кезушілердің жолы кесілмек. Шынын айтқанда, бұл жаңалықты естіген кезде не күлерімізді, не жыларымызды білмегендейміз. Өйткені, алтын кенінің кәсіпорындары шоғырланған Степногор жақта заңсыз алтын өндіру бір кездері ақша табудың негізгі көзі болды. Халық тек осымен ғана күн көрді. Тіпті көзі мен жолын тапқандар алтынды тонналап тұрып, шетелге сатты. Қазір де аталған кәсіппен айналысып жүргендер аз емес. Шенеуніктер болса, осыны жаңа ғана біліп отырғандай. Ал соның барлығын ертерек қолға алғанда, еліміздің алтын-валюта қорын айтарлықтай толтырып алуға болатын еді.
Рау мырзаның сөзіне сенсек, бүгінде Қазақстанда бағалы металлдардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық, я болмаса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған. Демек, сонау 90-жылдардан бері заңсыз кәсіппен айналысып, алтынды шетелдік делдалдарға сатқанымыз туралы жаза берсек, тіпті атымызды жасырмай-ақ қойсақ та болатын шығар. Бұл шындығында басымыздан өткен. Сондықтан да жазып отырмыз.
Шынын айтсақ, сол кезде біз секілділерді тәртіп сақшылары аңдыса да, алтынды «жуған» кезде ешбір бөгет жасаған емес. Бұл тұтас бір ауылдың негізгі кәсібі, күнкөрісі болды десек, қателеспеспіз. Әлі есімде, халық таң атпай тұрып, өзен-суға, тіпті жаңбырдан кейін қалған шағын көлшіктерге қарай ағылатын. Жол-жөнекей карьерден құм алып, соны күні бойы «жуып-шайып» жатты. Біреулер құмды қапқа салып, тәшкемен тасыса, енді біреулер арбамен тонналап апарып жүрді. Ал ол құмның бәрі – алтын өндіру фабрикасының қалдықтары. Кеңестік Одақ кезінде шикізат өндіру технологиясы жетік болмағандықтан, ұсақ алтындар қалдықпен бірге карьерге кетіп қалатын. Соны біліп алған халық карьерге лап беретін-ді. Түске қарай көлдің жағасында ине шаншар жер болмайтын. Түскі ас та, кешкі ас та сол жерде. Бір сәтке кетіп қалсаң, орныңды алып қояды. Осылайша, Кварцитка кентінің халқы күнін көрді, байыйтындар осыдан байыды. Әйтеуір ешкім де бұған қой деген жоқ.
Айтпақшы, әлі есімде алтын кезушілер үшін ең қуанышты сәт – кешкі уақыт. Себебі күні бойы езгілеп жуған бірнеше тонна құмнан кішкентай ғана концентрат қалады. Сол қасықтап жинаған концентратты тағы бір рет жуып, азотқа күйдірген соң, тап-таза алтын шығады. Соны ауылдың шетіндегі бір үйге апарамыз да, Ресейден келетін делдалдарды күтеміз. Олар кешке қарай келіп, кем дегенде, бір келі алтынды сатып алып кететін. Себебі жалғыз біздің ғана бір күнде 60 грамм алтын тапқан кездеріміз де болды.
Бертін келе, ұзақ жылдар бойы карьерде жиналған құм да түгесілді. Бірақ халық онымен тоқтаған жоқ. Фабриканың өзіне түсіп, ескі-құсқы жерлерін қопара бастады. Фундаментке дейін ақтарып, алтын тауып жүрді. Ал фабриканың қауіпсіздік шаралары күшейгеннен кейін жұрт шахтаға түсті. Ол жердің алтыны таусылмайтыны белгілі. Сондықтан Кварцитка, Ақсу, Бестөбе сияқты ауылдардың халқы әлі күнге дейін шахтаға түсіп, күн көріп жүр.
Бір сорақысы, сол 90-шы жылдардан бері Қазақстанда алтын сияқты бағалы металдарының айналымы саласындағы мемлекеттік саясатты реттейтін арнайы заң да қабылданбаған болатын. Соның салдарынан ұлттық мүддені емес, жеке пайданы жоғары қойған бәзбіреулер еліміздің біраз байлығын сыртқа шығарып үлгерді. Сосын отандық зергерлік өнеркәсіп те дамымай қалды. Білуімізше, біз сатқан алтыннан Ресейде зергерлік бұйымдар жасап, бізге «Ресей алтыны» деп қайта сатты. Әлі де сатып жатыр. Ал зергерлік бұйымдарды жасаған кезде, бір грамм алтынға басқа да металдарды қосады. Себебі таза алтын жұмсақ болып келеді. Демек, қазақтың бір грамм алтыны ресейлік екі сақинаны жасауға жетті. Ол бізге келіп, он есе қымбат бағаға сатылады.
Бүгінде мұнайдың әлемдік бағасы түсіп, валюта бағасы ала-құла болып тұрған кезде алтынның құны артып келеді. Қазақстанның Ұлттық банкі де алтынды көбірек сатып алуға кірісті. Ашығын айту керек, 90-шы жылдары да оңай болған жоқ. Сол кезде жергілікті билік те, үкімет те халықтың алтын «жуып» жүргенін білді. Мінеки, сол кездері осы мәселені заңмен айқындап, өз алтынымызды халықтан мемлекеттік ақшаға сатып алуға да болатын еді. Өйткені ол алтынның барлығы қалдықтан, былайша айтқанда, күл-қоқыстан шықты. Алайда билік ешбір әрекет жасамады.
Ал Мәжілістегі жаңа заң жобасына келсек, вице-министр Альберт Рау жауапкершілікті арттырып, халықты қудалайтын секілді. Бұ қалай? Шындығында, жауапкершілікті делдалдарда болуы керек, халықтың тапқанын заңдастыру керек. Делдал дегеннің бәрі шетелдіктер. Ал делдалдарға қатысты бұл жолы да үшін үнсіз қалса, оның сана-сезімі сол 90-жылдардың деңгейінде қалды деуге болады. Әйтпесе, сол билікте отырған біреуге немесе біреулерге алтынның заңсыз сатылғаны тиімді болып тұрған сыңай бар.
Айтпақшы, жиын барысында Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақовтың «Қазақстандағы зергерлік бизнестің 95 пайызы «көлеңкелі» қызметте жатыр. Соның салдарынан мемлекет қазынасы шамамен 200 млн. доллардан қағылады» деуі де билікті алаңдатпай ма? «Қазақстандағы зергерлік бизнестің 99 пайызы шетелдіктердің, шетелдік компаниялардың қолында тұр. Ал біздің отандық өндіріс тек 1 пайызға жетер-жетпес зергерлік бұйымдарды қамтамасыз етеді», - дейді депутат Тұрсынбек Қазенұлы.
Өз кезегінде Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау қазақстандық зергерлер негізінен «қара» нарықтан, ломбардтардан сатып алынған шкізаттарды пайдаланатынын алға тартады. «Біз заң арқылы осының бәрін жолға қоятын болсақ, онда қазақстандық зергерлер үшін шикізаттарды Ұлттық банктен «Лондон» биржасындағы бағалар бойынша сатып алуға мүмкіндік болады. Яғни, заң жобасы арқылы зерлердік бұйымдар өндірісін ынталандыру мүмкіндігі баршылық», - деді вице-министр.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста