2009 жылдың маусымында Нигерияда безгекті емдеуге арналған дәрі-дәрмектің ірі партиясы ұсталды. Жалпы құны 210 мың доллардан асатын тауар Қытайдан жеткізілгенімен, қорап сыртында «Үндістанда жасалған» деген жазу болған. Үндістан сауда министрлігінің өкілдері Оңтүстік Африка Республикасы, Гана, Кот-д`Ивуар және қара құрлықтың өзге де елдеріне жалған дәрі-дәрмек жіберетін Қытай компанияларын анықтады. Қытайдың құқық қорғаушылары да қарап қалған жоқ, саудаға қатысы бар алты адамды құрықтады. Олар түгелдей өлім жазасына кесілді.
Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Жер бетінде өндірілетін жалған дәрі-дәрмектің 60 пайызы Қытайдың үлесінде» деген мәліметі таңғалдырмайды. Ал әлем бойынша оның айналымы 30 миллиард доллардан асып кетеді. Көп елде жалған дәрі-дәрмек жалпы айналымның оннан бір бөлігін, кей елдерде тең жартысын құрайды. Статистика үрейлі, жалған дәріні қолдану нәтижесінде жылына 1 миллион адам жарық дүниемен қош айтысады екен. Бірақ қалтасын қампайтқысы келетіндер статистикаға пысқырмайды да. Себебі бұл өндіріс пайда табу жағынан есірткі мен қару-жарақ саудасынан кейін үшінші орында тұр.
Ал «көшірме» дәрінің түрі көп. Бірақ, негізінен, «ақ» және «қара» деп екіге бөлінеді. «Ақ» түрі барлық технологияны сақтау арқылы әзірленеді. «Қара» түрін өндіруші авторлық құқықты бұзу, салықтан жалтару және тіркеу мен сапаны бақылау кезеңдерінде қаржы үнемдеу есебінен пайдаға кенеледі. Әйтсе де мұндай өнімнің сапасына ешкім кепілдік бере алмайды.
«Қара» түрі сапасы жағынан да, құрамындағы әсер етуші заттардың саны жағынан да талапқа сай келмейді. Мәселен, қымбат дәрінің заттаңбасын (этикетка) арзан түрінің сыртына жапсыра салуы мүмкін. Не болмаса мерзімі өтіп кеткен дәрі сыртындағы қағазды ауыстырады.
Біздегі жалған дәрі-дәрмек нарығы 10-12 пайызды құрайды деген мәлімет бар. Бұл – 120-130 миллион долларға тең. Дәрі-дәрмек сапасын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шараларға қарамастан, дәрі контрабандасы да, контрафакт өнім өндірісін де жоқ деп айта алмаймыз. Мамандардың айтуынша, оны шектеу де мүмкін емес. Өйткені жалған дәрі-дәрмек өндірісі – трансұлттық, әлемдік маңызы бар мәселе.
Одан кейін дәрі-дәрмектің «дженерик» деген түрі де соңғы кезде бас қатыратын мәселеге айналды. Сол себепті дәріханаға кірген әрбір адам мынаны есте сақтауы қажет: дәрі-дәрмек түпнұсқа және дженерик деп екі топқа бөлінеді. Дәрі жасап шығарушы жаңа формула ойлап тапқанда, осы дәріні алдағы 20 жыл ішінде өндіріп, сатуға тыйым салатын патентті иеленеді. Бұл түсінікті де, себебі зерттеуге жұмсалған көп қаржыны қайтарғысы келеді. 20 жылдан соң патент мерзімі аяқталып, дәріні шығаруға басқалар да кірісе алады. Алайда технологияны жетілдіруге көп шығын жұмсалмайтындықтан, әлгі дәрі дәл сондай сапамен шығарылмайды. Дженерик деген – осы.
Сонда дженерик жақсы ма, жаман ба? Бұл сауалға жауап табу қиын. Емдеуші дәрігерлердің айтуынша, дженериктердің тиімділігі анағұрлым төмен. Бұл тіпті бас аурудың қарапайым таблеткасына да қатысты. Кей кезде ауруға әсер ету үшін түпнұсқаға қарағанда дженерикті 2-4 есе көп мөлшерін қолдануға тура келеді. Сайып келгенде, науқас 2-4 есе шығындалуы мүмкін.
Оның үстіне дженерик бағасы түпнұсқаға қарағанда арзан. Сол себепті де дженерик кедейдің дәрісі саналады. Бірақ дәрігерлер мүмкіндігінше дәрі-дәрмектің түпнұсқасын сатып алуға кеңес береді. «Қалтаң көтермесе, тым құрығанда дамыған елдердің дженериктерін сатып алуға тырыс» дейді. Бірақ оның да жалған боп шықпайтынына кепілдік тағы жоқ.
Жалған дәріні қалай ажыратуға болады?
Сапалы көшірменің түпнұсқадан еш айырмашылығы жоқ. Сыртқы қорабы, штрих-код, шығу мерзімі, голограммасы күмән туғызбайды. Оны тек химиялық-фармацевтикалық зерттеу арқылы ғана анықтауға болады. Алайда кейбір көшірмелерді тұтынушы өзі де анықтай алады. Полиграфиялық безендірілуі нашар, логотипі бұлдыр, нұсқаулығы қате, сақтау мерзімі мүлде көрсетілмейді, штрих-коды шығарушы елге тиесілі емес. Тағы бір ереже: нарықта баға сан құбылғанымен, мұнда бағаны екі есе құлдырату деген кездеспейді. Сондықтан әдеттегіден арзан дәрі ұсынғанға алғыс айту артық. Әрі жалған дәрілер көбіне шағын дәріханаларда, базарда, жерасты жолдарында көп кездеседі. Беделіне мән беретін ірі дәріханалар бұл жағына сақ келеді.