Келесі дүйсенбі, қазанның 20-сынан бастап елімізде автокөліктердің VIP-нөмірлерін сатып алуға болады. Алайда ол жұмыс қаншалықты ашық жүргізіледі? Бұрынғыдай сыбайлас жемқорлыққа мұнда да жол беріліп, ерекше үлгідегі нөмірлер таныс-тамырластар арасында үлестіріліп кетпей ме? «Алаш айнасы» интернет-газетінің тілшісі осы мәселеге назар аударып, Астанадағы «VIP-нөмірлерді сату орталығына» барып қайтқан еді.
Астанада автокөліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлері бұрнағыдай жол полициясында емес, мамандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында беріледі. Мәселенің мәнісіне қанығу үшін сонда барғантұғынбыз: сөйтсек қазіргі сериямен шыққан VIP-нөмірлердің бәрін бір сөреде тізіп қойыпты. Құдды бір дүкен сөрелеріне тауар шығарғандай ма дерсің. Басшылық та осында жүр екен. Ақырын әңгімеге тартып көрдік. «Енді, қазір бізге барлық VIP-нөмірлерді тізіп қоюға тапсырма берді. Жоспар бойынша кез келген адам осы жерге келіп, өзіне ұнаған нөмірді таңдай алады. Алдымен кассаға барып, ақысын төлейсің. Сосын VIP-нөмірлердің біреуін алып, кете берсең, болады. Оп-оңай-ақ», - дейді орталық басшылығы. «Ал таныстар арқылы белгілі бір нөмірге «бронь» жасауға бола ма? Мәселен, бір нөмірді тығып қойып, ол сатылып кетті деп айта салса, оны қалай тексеруге болады?», - деп сұрадық. Оған тұщымды жауап болмады. Демек, заң бойынша VIP-нөмірлердің бағасын бекітсек те, ондай «қымбат тауарды» ашық түрде сатудың жолы толық қарастырылмаған ба, деп қалдық. Ал олай болса, «алтын» нөмір үшін тартыс жоғары деңгейде жүреді деген сөз емес пе? Байшыкештер бірінен бірі асып түсуі үшін барын салмай ма? Ендеше «крутой нөмір» үшін біреуге және бір қосымша ақы төлеуге тура келетін тәрізді. Осылайша, бір жағынан сыбайлас жемқорлықпен күресіп жатсақ, екінші жағынган жемқорлықтың және бір көрінісі туып тұр.
Айтпақшы, мамандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығы журналист екенімізді білген соң ресми түрде мәлімет беруден бас тартты. «Неге?», - деп сұрасақ, «Қазір біз жоғарыдан бұйрық күтіп отырмыз. Бұйрық түспей, ештеңе айта алмаймыз, істей де алмаймыз», - деп шорт кесті. Олардың сөзіне қарағанда, заң бойынша VIP-нөмірлердің бағасы бекітілсе де, оны сату жұмысы арнайы бұйрықпен айқындалады екен. Бұл дегеніміз, қазір «ашық сатылым» деп жарнамаланғаннан кейін, ондай сөрелерді «нөмір бітті» деп қайта алып тастауы әбден мүмкін екенін білдірмей ме? Сосын ерекше үлгідегі нөмірлердің тізімін «электронды үкімет» сайтына жариялаймыз деген еді. Ол да жоқ.
Негізі, Үкімет, соның ішінде ішкі істер министрлігі бұған дейін VIP-нөмірлерді сату мерзімін бірнеше рет ауыстырған болатын. Соған қарағанда, жоғары жақтағы біреулер нақты шешімге келе алмай отырған сыңайлы. Сосын бір «крутой» нөмірдің бағасы 253-422 мың теңге аралығында болса, ондай «майлы жілікке» қалай таласпасқа?
Оған қоса, қазір мамандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары тек Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтау мен Тараз қалаларында ғана жұмыс істейді. Демек, басқа аймақтарда автокөлік нөмірлерін беру жұмысы бұрынғы тәртіппен беріледі. Ал ондай «тәртіптің» қандай екенін көлік жүргізушілері жақсы біледі емес пе?
P.S. Шет елдерде VIP-нөмірлерді аукцион арқылы сату тәжірибесі кеңінен тараған. Сату процедурасы да қарапайым: барлық нөмір кезек-кезекпен шығарылады, кім көп ақша тіксе, сол өзіне ұнаған нөмірін алады. Мұндай жүйенің тиімділігі – ашық, бюджетке де түсетін қаражат салмақты. Қазақстан да бұл бағытта бір қадам алға жылжығанымен, екі қадам артта қалып қойды. Өйткені, ерекше нөмірлердің бағасын заң арқылы бекіттік, ал аукцион өткізу жағы тағы бір көзге көріне бермейтін «дөкейлердің» қолында қалды. Мұны не дейміз? Сыбайлас жемқорлықты жоғары деңгейде заңдастырдық дейміз бе?
VIP-нөмірлер дөкейлерге ғана бұйырып жүрмей ме?
Последние статьи автора