Ұнды да қажетті дәрумендермен байыту керек
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Құралай ҚАРАКЕН халық денсаулығына қатысты мәселе көтеріп, премьер-министр Кәрім Мәсімовтің атына хат жолдады.
Сондай-ақ бұл хатқа Мәжіліс депутаттары Гүлнәр Ықсанова, Майра Айсина, Ирина Аронова, Гүлмира Исимбаева, Айгүл Нұркина, Надежда Петухова, Гүлнәр Сейітмағанбетовалар қол қойған.
«Профилактикалық медицина академиясының» ғалымдары бәрімізді де алаңдатарлық болжам жасап отыр. Олар болашақта адам өлімі санының көбеюі тағамдардың сапасыздығынан болатынын айтуда. Осындай дабыл қаққан ғалымдар бұл тығырықтан шығудың жолы ұнды фортификациялау, яғни ұнды дәрумендермен, минеральдармен байыту екенін мәлімдеп отыр. Өйткені ұнды қажетті дәрумендермен байыту тәсілі әлемнің көптеген елдерінде жаппай қолданылады. Біздің елімізде осы мәселені шешу үшін заңнамалық тұрғыда негіз қаланды. Атап айтқанда, жоғары және бірінші сортты бидай ұндарын байыту туралы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте және «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Заңда арнайы жазылған нормалар бар» дейді халық қалаулылары.
Мысалы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 160-бабында ұнды және өзге де тамақ өнімдерін құрамында темір бар дәрумендермен, минералдармен және басқа да заттармен байыту (фортификациялау)қажеттігі жазылған. Осы баптың үшінші тармағында «Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын жоғары және бірінші сортты бидай ұны міндетті түрде құрамында темір бар дәрумендермен, минералдармен және басқа да заттармен байытылуға (фортификациялануға) жатады» деп атап өтілген.
Үкіметтің 2005 жылғы 7 шілдедегі «Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн жоғары және бiрiншi сортты бидай ұнын мiндеттi түрде фортификациялау (байыту) туралы» №708 қаулысына сәйкес 2008 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанда барлық ұн шығаратын кәсіпорындар ұнды құнарландыруды кезең-кезеңмен енгізуді аяқтауы керек еді.
2004 жылы Азиялық Даму Банкі еліміздің ұн шығаратын 16 кәсіпорнына мөлшерлеуіштерді орнату және витаминді-минералды кешендерді сатып алуды қоса алғанда, технологиялық фортификациялауды енгізу үшін 1,2 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлді. Осы жұмыстың нәтижесін байқау мақсатында Қызылорда облысында зерттеулер жүргізілді. Сол зерттеулер ол өңір тұрғындары арасында қан аздық ауруының таралуы 30 пайызға төмендегенін көрсетті.
Алайда, бүгінгі таңда ұн шығаратын кәсіпорындардың бәрі бірдей ұнды витаминді-минералды қоспалармен байыту жөніндегі заңнаманың нормаларын сақтамай отыр. Яғни сауда жүйесіне шығарылып отырған жоғары және бірінші сортты ұнның тек 20 пайызы ғана құнарландырылған.
– Осы орайда, витаминдер мен минералдар жетіспеушілігінен туындайтын аурулардың алдын алудың арзан әрі тиімді жолы болып табылатын ұнды құнарландыру бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының нормасы неліктен орындалмай отыр? Осы мәселені шешу үшін Үкімет қандай шара қолдану қажет деп есептейді?» - дейді депутат.
Айқын