Бүгінде жиһаз атаулы ең өтімді тауарлардың бірінен саналады. Әсіресе нарықта итальяндық, түркиялық, малайзиялық жиһаздардың бәсі басым. Қытайлық өнім де өтімділігі жөнінен өкіртеді. Бірақ отандық жиһаздың үні бәсең. Жатын жайыңыздағы жиһазыңыз да қазақстандықпын деп тұрған жоқ. Расында жарнамасы жер жаратын жиһаз нарығын отандық өнім жаулап алуы тиіс еді. Алайда керісінше болып тұр.
Бүгінде еліміздегі жиһаз нарығының 70 пайызын шетелдік өнім жайлап алған. Отандық жиһаздар нарықтың 30 пайызын ғана қамти алады. Отандық жиһазшылар шетелдіктермен бәсекелесе алмайтындығы тағы белгілі. Статистиктерге сенсек, үш жыл бұрын еліміздегі жиһаз нарығының айналымы 1 миллиард долларды құраған екен. Тіпті титімдей де терек өспейтін елдердің өзінен ағаш бұйымдары тасымалданып жатқан соң өзімізден өзгеге өкпелемесек те жарасар. Дәл қазір еліміз жиһаз өндіруден бәйгенің басын бермейтін елдер үшін шыбын шақыратын шырын іспетті болып тұр. Өйткені отандық өнім өндірушілер шетелдік өндірушілердің алдында сапа жағынан да, сан жағынан да ұтылып отырғаны анық. Нарықтың тізгіні солардың қолында. Үй жиһазын айтпағанның өзінде бүгінде елімізде ауруханалар мен мектептер, балабақшалар көптеп салынуда. Тіпті олардың саны бұрын соңды болмаған қарқынмен өсіп жатыр. Оның бәріне де әрине парта, орындық, түрлі жиһаздар, тақта қажет. Дәл осы салада жүгеннің жібін босатпауға тиісті едік. Алайда... Елімізде жиһаз өндірісімен айналысатын ірілі ұсақты өндіріс орындары баршылық. Жиһаз өндірісінде соңғы 10 жылдың ішінде біраз ілгерілеушілік бар. 2009 жылдың есебі бойынша, еліміздегі жиһаз саласы 7 пайызға ғана өскен. Дегенмен олардың басым бөлігі қажетті материалдардың денін вагондап шеттен тасиды. Сөйтіп шетелден алынған өнімді қолдан құрастырып, сатқан соң шетелдік баға қойылады да... Бүгінде бағасының арзандығына байланысты әрі тұтынушыларының тұтыну пайызының көптігіне байланысты Қытай жиһазы бәйгенің алдын бермей тұр. Сапасы жағынан сұранысқа ие Ресейлік өнім екінші орында. Ал, қоланың көрсеткішімен Италияндық жиһаз да қалыспай тұр. Эксклюзивті жиһазды Франциядан, Ұлыбританиядан арнайы тапсырыспен алдыратындар саусақпен санарлық қана. Осындай осындай кедергілердің кесірінен отандық өнімнің алдыңғы орыннан көрінер күні алыстап барады. Арадағы 10 жылда нарықтың 90 пайызын тек тапсырыспен істейтін шағын кәсіпорындар иеленсе, бүгінде орта және ірі кәсіпорындардың саны артыпты. Дегенмен ол да жыртықты жамауға сеп бола алмауда. Бюджеттің бүйірін толтыруға сеп болатын жиһаз өндірісінде әр облыста кем дегенде 20-дан астам кәсіпорындар бар екен. Сарапшылар биыл жиһаз өндірісі 15-20 пайызға артуы мүмкін деп болжам жасап отыр. Қазақстандық кәсіпкерлер ішкі сұранысты толық қанағаттандыру үшін импорт үлесін кеміту керек деп есептейді. Алайда нарықта өз кеңістігін құрып алған шетелдік өнім оған дес бере ме? Мәселе осында.
Маман тапшы....
Сосынғысын жиһаз саласының мамандары тапшы. Көбісі «самоучкалар». Сондай-ақ бүгінде жиһаз дизайнерлері де ең аз мамандық иелеріне жатады. Тапсырыспен дайындайтындар көбіне шетелдік журналдарға «ұрлыққа» түспеске амалы кем. Көшірме көбісі. Тек қолмен құрастыру жағы ғана біздің мамандардыкі болмаса. Мәселен, ағашы Ресей, Түркия, Германияныкі болса, шпон-Турция, Италия, Қытайдікі. Лактар мен бояғыш заттар Германия, Италиянікі, фурнитура Италия, Испания, Германиянікі. Шикізаттың бәрі шетелдікі. Тек құрастыру жұмысының 80 пайызы қол еңбегімен жасалынады. Ұтатынымыз осы ғана. Бір қуантарлығы тапсырыспен жиһаз әзірлейтін кәсіпорындар сандық, кебеже сынды қыз жасауына берілетін, сондай-ық, үйдегі қазақы бөлмеге лайықтап ұлттық ою-өрнек салынған нақышты жиһазды дайындап бере алады. Сондай-ақ, соңғы заманауи үдерістерден қалмай, алға жылжудың кілті жарнама екенін бағамдаған өндірушілеріміз өздерінің жеке сайттарын ашып, жарнамасын жүргізіп отыр. Бұл да болса бұл салада ілгерілеушіліктің бар екенін айғақтаса керек.
Орман болмай, қорған болмайды...
Елімізде жиһаз өндірісіне аса қажетті ағаш өңдеу саласы Шығыс Қазақстан облысында ғана дамыған. Бүгінде мұнда төрт ірі кәсіпорын бар. Басқа өңірлерде өлі тыныштық десе де болады. Ағаш өңдеу ісінде ресейліктердің үлгісі бізге көрнекі құрал бола алады. Әсіресе олар тұмсық батпайтын орыс ормандарының өзінен май шайқап отыр деуге болады. Мұнымен ғана тоқтап қалмай олар Алтай аймағында ағаш өңдеу саласын дамыту үшін миллиардтаған қаржы құюда. Бүгінгі шыбықтан ертеңгі күні шынар өсіріп шығарып, игіліктеріне пайдаланбақ. Сөйтіп орман шаруашылығына инвестиция тарту арқылы жиһаз өндірісіне көп көмек көрсетпек. Ал, бізде қолдағы алтынның қадірі арзандау болып тұр. Онсыз да орман-тоғайы аз еліміз үшін ауқымды бағдарлама қабылдайтын кез келген сықылды. Бүгінде еліміздегі орман шаруашылығы 26 миллион 216 мың гектарды алып жатыр. Алайда ағаш өңдеу саласына жеткіліксіз екендігі айтпаса да белгілі. Шикізат өзімізде өндірілсе бұл да болса отандық өндірушілерге зор демеу болар еді. Бір қызығы, «Бизнестің Жол картасы – 2020» бағдарламасына еліміздегі ағаш өңдеу және жиһаз өндірісі енбей қалыпты. Кәсіпкерлер осы жөнінде Үкіметке үндеу жасаған болатын. Әрине, ел игілігі үшін қолға алынған қай істе болмасан отандық өндірушілерге зор қолдау көрсетілуі тиіс...
Владимир Резанов, Орман, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі қауымдастығының төрағасы:
- 2015 жылы негізгі пайдалану үшін ағаш кесуге мораторий аяқталады. Осы уақытқа дейін ескі ағаштарды өңдейтін кәсіпорындар құрып, көшеттер отырғызып, плантациялар салуымыз керек. Бүгінде еліміз орман шаруашылығынан пайда көріп отырған жоқ. Бұрынғы ағаштарды отап, әжетке жарату жағын қалыс қалдырмауымыз керек.