Шымкенттен не шықпайды десеңізші! Бүгінде бұл қаладан нарыққа қажетті барлық өнім шығады.
Тіпті әншейінде елей бермейтін түйме де осы жақта жасалады. «Қазақстанда жасалған» деген атауы бар түймелерді 2007 жылдан бері KazPlast компаниясы өндіріп келеді.
KazPlast компаниясының директоры Дана Жұмабаеваның айтуынша, алғашында кәсіпорын тек әскери формаларға арналған киімдердің түймесін шығарған. Кейін жұмысшылардың арнайы киімдеріне арналған түйме түрлерін жасауға көшкен. Алғашқы 2007 жылы түйме шығаруды 1 станок, 4 жұмысшымен бастапты. Ал қазір бір ауысымда 20 адам жұмыс істейді. Италиялық қымбат жабдықтар сатып алынған.
«Бұрын біздегі түйме өндірісі қалыптасқан ескі әдіс бойынша жүргізілетін. Кейін түймелерді әртүрлі формада жасауға талпындық. Бірнеше түрін, түсін шығаруға тырыстық. Ол үшін, әрине, түймелерге жеке пресс-формалар қажет болды. Ал пресс-формаларға тапсырыс беру қосымша қаражатты қажет етті. Сол себепті, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша «Даму» қорының банк заемын алдық» дейді Дана Жұмабаева.
«Даму» қоры KazPlast компаниясына жоба құнының 44,3 пайыз мөлшерінде кепіл беріп, 45,175 миллион теңге көлемінде банктен заем алуына мүмкіндік жасаған. Мемлекеттің осындай қамқорлығының арқасында, инновациялық технологияларды қолданудың мүмкіндігі туды. Өндіріс көлемін кеңейту, сұранысты көбейту мақсатында компания италиялық қымбат жабдықтар сатып алды. Сөйтіп, түймелердің неше атасын шығаруға кірісті. Атап айтқанда, жейделерге, көйлектерге, тондарға және арнайы киімдерге арналған түймелер жасауда.
Зауыттың түйме дайындау технологиясы автоматты түрде іске асады. Алайда бірнеше өндірістік сатыдан өтеді. Алдымен түймеге қажетті қоймалжың сұйықтық кептіріледі. Сосын оны әртүрлі пішінге салады. Артынша тесіктері ойылып, қажетті қалыпқа келтіріледі. Соңында, түймені бояп, тапсырыс берушінің қалауы бойынша сауда белгісінің таңбасын немесе жазу басады. Тапсырыс берушінің талабына қарай мұндағы түймелердің пішіндері де әртүрлі. Түрі де, түсі де көп. Сапасы жоғары әрі сәнді. Бағасы да қолжетімді, шетелдікінен 20 пайызға арзан. Түйменің пішіні мен диаметріне байланысты 1-5 теңге аралығында сатылады. Кәсіпорын осы уақытқа дейін шамамен 150 млн түйме шығарып, тұтынушыларға жеткізген.
Бүгінде компания тек түйме ғана емес, тігін фурнитурасын, соның ішінде қапсырма, пластмасса ыдыстардың негізі, қақпақтар, карабин, фиксатор өндіріп, сатумен де айналысады. KazPlast компаниясы қазір бір ауысымда 50 мың дана түйме шығарады. Осылайша, еліміздегі барлық тігін фабрикасының сұранысын, яғни ішкі нарықты түгел қамтып отыр. Тіпті зауыт өнімдері халықаралық нарықта бәсекелестікке ие бола бастады. Олай дейтініміз — компанияның түймелері Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне экспортталып жатыр. Ресей мен Беларусь елдеріне де түйме тарату жоспарлары бар.
Айта кетейік, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев импортты азайтып, «Қазақстанда жасалған» белгісімен шығатын тауарларды молайтуға шақырған болатын. Елбасы отандық тауар түрлерін шығарып қана қоймай, оны сатып алу шараларын ұйымдастыруды міндеттеген еді. Сондықтан KazPlast компаниясының бұл өндірісі сол міндеттемеден шығарылған қорытынды деуге болады.
aikyn.kz