Қойшымен сөйлессең, қолындағы таяғын, қойының аяғын, саудагермен сөйлессең, сауда-саттығын айтады. Ауыл адамы – ауылдың ахуалын. Түп тамырымыз ауылда жатқандықтан, бұл жер емген жұрттың жағдайын түнде тұрғызып сұраса да, жағымыз талмастан жатқа айтып беретін халдеміз. Қойын құрттап, қойыртпағын ішкенге мәз ауылдың бейқам тірліктегі қожалық-фермасы қашан шетелдіктердің фазендасындай үріп ішіп, шайқап төгеді? Далалықтар қалаға емес, қалалықтар далаға қашан ағылады?
Жасыратыны жоқ, ауылдағы ағайынға түлігін өргізу үшін субсидия беріледі деген 2005 жылы қой қайырған ауылдың баласымыз ғой, ішіміз жылығаны рас. Бірақ қожалықтардың қотанын – қойға, қорасын сиырға толтыруға тиіс субсидияның «сыры» көп екен. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, бұл субсидияңыз кез келген шаруаның «уысына түспейтін», кез келген бақташының «бақшасында піспейтін» дүние...
Қашпаған қашардың уызынан дәмету
1998 жылы 31 наурызда «Шаруа қожалығы туралы» Заң қабылданғанда мүйізі қарағайдай болып, фермер мәртебесін алғандардың бүгінде талайының сол қарағайдай мүйізінен тұқыл да қалған жоқ. Мүйізі әбден қағылған. Бір қой бес кір сабынға айырбасталған 90-жылдары-ақ бірқатары қолындағысынан айырылып, шашылып қалған. Одан аман қалғандары азды-көпті малын иіріп отыр. Бірақ олардың бәрі бірдей субсидияға іліге алмайды.
Субсидия берілетін ереже бойынша (біз бұл арада оның сүтіне, етіне қатысты айтып отырғанымыз жоқ) кемінде қойыңыз – 600, бордақыдағы сиыр – 400, биеңіз 75 болуы тиіс. Парадокс!
Өзіңіз ойлаңызшы, 600 саулық қойы бар фермер – пәленбай миллион теңгенің үстінде. Мемлекеттің жәрдеміне аса зәру емес. 600 қойы, 400 сиыры, 75 жылқысы бар фермер түкірігі жерге түспейтін ауылдың алпауыты емес пе? Ендеше, бұл қайдан шыққан қисын? Логикаға салсақ, олардан гөрі, тапқанын ит жеп, арқасын бит жеп жүрген шаруаларға субсидия – екі өкпеден қысқан, тыныстауға мұрша бермей тұрған қиындықтан құтқарар оттегі. Ал мұнша мал жоқ екен, субсидияны өңіңіз түгіл, түсіңізде де көрмейсіз. Қазірде шаруалардың шаруасы шатқаяқтап тұрғаны да осындай жобасыз есептен. Бүгінде мал өнімін беріп отырған түліктің 80-90 пайызы – жекеменшік қарапайым халықтың қолында. Ал олар тоқалдан туғандай.
Мәселен, Қарағанды облыстық статистикалық департаментінің деректері аймақтағы негізгі ет өндірушілер жұртшылықтың шаруашылықтары екенін көрсетіп отыр. Олардың үлесіне барлық ет өндірісінің 63,3% тиесілі екен. Шаруа (фермерлік) қожалықтарының үлес салмағы 18,5% құрайды, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары – 18,2%. Әйткенмен, субсидия бұларға бұйырмайды. Білуімізше, субсидия мұндай жағдайда қорасында бір асыл тұқымды бұқасы болса ғана беріледі. Құрлық асып келген ондай бұқалардың құны – қарапайым қазақтың екі-үш жылғы бюджеті. Оның үстіне, ол асыл тұқымды бұқалар, я сиырлар «қазақтар күтіп отыр екен, пәленбай мыңға сатып алды ғой бізді» деп келе сала шелектеп сүт, кесектеп ет бермесі тағы анық. Сонда қайтпек керек? Демек, шағын шаруаларды субсидиядан қақпау керек. Мұның салдары ішкі нарыққа да кері әсерін тигізуде. Басқасын былай қойғанда, Қазақстан 63 мың тонна қой етін Австралия, Жаңа Зеландия, Ресей, АҚШ сияқты елдерден сатып алып отыр. Сонда дейсіз, субсидия сылтауымен мал шаруашылығына 7 жылдан бері пәленбай миллиардтаған қаржы бөлінді. Малы мыңғырған қожалықтар миллиондаған субсидия алды. Ал соның етін қашан тоя жеп, сүтін қашан сіміре ішеміз? Жұртымызды жарылқаймыз деп, біреудің бұқасын сатып аламыз. Сөйтеміз де, «импортный» ет жейміз. Парадокс!
Экономикалық мүддеден қағылған шаруа елді тойдыра алмайды
Жаңылмасақ, халқымыздың 46 пайызға жуығы ауылда түтін түтетуде. Сондағы дәтке қуат еткені – қолындағы азын-аулақ малы. Аштығы да, жоқтығы да малдың арқасында білінбей келеді. Бірақ өспесе, өнбесе, ол тұяқ та түгесіледі. Сонда әлгі 600 қойы, 400 сиыры бар субсидия алғандардың шарапаты тие ме? Жоқ. Сол себепті де ауылдың тағдыры таразыға тартылғанда аса ыждаһаттылық қажет. Өйткені ауыл республика экономикасы дамуындағы маңызды фактор болса, ауыл халқы еліміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығының да шешуші факторы деп есептейді ғалымдар. Ал ондағы шаруа қожалығы – ауылшаруашылық өндірісінің жаңа түрі, екінші жағынан, бұл кеңшар мен ұжымшарлардан ескі формаларының бірі екенін ежіктеуде. Демек, бүтін бір ауылдың тұрмысы, түтінінің түзу шығуы, әлеуметтік жағдайы – төрт түліктің соңында жүрген шаруаларға тікелей тәуелді.
Мұны зерттеушілер де жеріне жеткізе айтудан кенде емес. Қытайдың 80 пайызына дейінгі халқы ауылдарда тұрады. Бір ерекшелігі – ауыл шаруашылық мекемелерінде емес, ауыл шаруашылығына жатпайтын ұйымдарында барлық айдалатын жердің 90 пайызы отбасылық, жалгерлік, кооперативтік әдіспен жұмыс істейді екен. Жерді 50 жылға дейін жалға келісімшартпен алып жұмыс істеп, әр алуан өнімдер өндіреді. Осы өндірген өнімнен жалгерлер мемлекетке жылдық ақы есебіне – 3 пайыз, кооператив ұйымдарына 7 пайыз беріп, қалған 40 пайызын мемлекетке жоғары бағамен сатып отырады. Енді қалған өнімнің 50 пайызын жалгерлік ұйым мүшелері өздері бөледі, не мемлекетке немесе басқаларға нарықта еркін бағамен сатады.
Ал АҚШ ауыл шаруашылығында фермерлік шаруашылықтарының мойнында – барлық штаттар бойынша өндірілген өнімнің 60 пайызы. Әрі жекеменшікті отбасылы фермерлер 1 мың доллардан 20 мың долларға дейін өнім өндіріп, сатады екен. Бұған қосымша, ауыл шаруашылық өнімдерін тағы да 16% бірігіп жұмыс атқаратын туысқан адамдардан құралған серіктестік фермалар береді екен. Яғни шаруаларда экономикалық тұрғыда қызығушылық бар. Сосын олар өзін де, өзгені де қарық қылып отыр.
Нарықтың тілімен айтсақ, экономикалық мүддесінен қол үзген шаруа елді тойдыра алмайды. Сондықтан ауыл шаруашылығына жұмсалған қаржы қандай көлемде болса да, құмға сіңген су сияқты. Еш ықпалы жоқ. Сала ілгері баспайды.
Енді статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметтері бойынша, фермерлер табысындағы мемлекеттік көмек үлесі Австралияда – 15, АҚШ-та – 30, Канадада – 45, Австрияда – 52, Швецияда – 59, Жапонияда – 66, Финляндияда – 71, Норвегияда – 77, Швейцарияда 80 пайыз екен. Бізде қателеспесек, 5 пайыздың арғы-бергі жағы. Оның өзі «таңдаулыларға» ғана тиесілі...
«Арыстан айға шауып, мерт болыпты»
Субсидияға іліге алмағандар өзінен зорларға қарап бой түзейді-міс. Сөйтіп, алдағы уақытта қолындағы малын көбейтеді-міс. Бірақ ол айға шапқан арыстан кебін кимесіне кім кепіл? Оларға бұл қаржы алдағы бесжылдықта емес, тап қазір қажет. Ауылдың өркен жайғанын көргіміз келсе, ондағы шаруагерді ала қойды бөле қырыққандай еткеннен аулақ болған абзал тәрізді.
Әнуар МҰСАЕВ, Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
– Мемлекет бұл бағдарлама арқылы дұрыс саясат жүргізіп отыр. Мұнда малдың санын жоғары етіп қою – ол басқа қожалықтар, мал шаруашылығымен айналысатындар соған қарап талаптансын деген мүддеден туған мақсат. Әйтпесе олар сол санаулы малымен отыра береді емес пе? Ал олар өздері қатарлы фермерлердің мал басын белгілі бір санға жеткізіп, сол арқылы субсидияға қол жеткізгенін көрген соң, олар да соған ұмтылатын болады.
Талғат ДОСКЕНОВ, Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығының президенті:
– Жоғары жақта отырып алып, ауылдың тағдырына байланысты шешім қабылдайтындар – сол ауылдың тірлігінен мүлде бейхабар адамдар. Ондай маңызды мәселелер қаралғанда ауыл шаруашылығының проблемасын жетік білетін мамандардың пікірі ескерілуі керек. Бірақ ондай жүйе бізде жоқ. Ауыл шаруашылығына қатысты заң қабылдаушы органдардың арасында ауылмен байланыс орнатылмаған. Соның кесірінен ақылға қонымсыз заңдар, кедергілер қолдан жасалады. Тым құрығанда, сондағы мәселелердің бүге-шігесін білетін аймақтағы кәсіпкерлік қауымдастықтарының пікірлерін сұратып отырса дұрыс болар еді.
Төрт жүз сиырың болмаса субсидия жоқ
Последние статьи автора