Бір көшеге бір кісінің есімін бірнеше мәрте берген жерді естігеніңіз бар ма? Бір көшенің екі атауы бар қаланы көргеніңіз бар ма? Бар екен. Айтпағымызды түсініп отырған боларсыздар. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» кебін киген, жаза-жаза жауыр болған тақырып» дерсіздер, бәлкім. Жоқ, ономастика мәселесі қазақ үшін қашанда мәңгілік тақырып. Қозғамаса, қаузамаса түйіні тарқамайтын өзекті тақырып. Сондықтан Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында ел көкейінде жүрген мәселелерді ел талқысына тағы бір мәрте салғанды құп көрдік.
Кеңес келбетті кенді өлке
Өскемендегі бүгінгі тілдік-ономастикалық жағдайды сипаттауға осыдан басқа теңеу таппадық. Рас, осыдан екі жыл бұрын Өскеменге Абай ескерткіші орнатылғанда қуанбаған қазақ жоқ шығар. «Ақ түйенің қарны жарылды», «Өскеменге Абаймен бірге Алаштың рухы келді, қазақтың мәртебесі асқақтады» деп бөркімізді аспанға аттық бәріміз. Расында, Өскеменге Абайдың келуі талай жүректерге үміт отын жаққаны анық. Жұрт енді Абай келген Өскеменге мұхит Мұхтар мен шалқар Шәкерім, киелі өңірдің топырағынан шыққан өзге де қайраткер тұлғалар келіп, сан жылдар бойы санасы сансырап, қазақы рухтан айырылып қала жаздаған шаһарда Алаш рухы атой салар деп сенген. Кешегі күндер келмеске кетті деп түйген. Бірақ, міне, екі жыл өтіп, үшінші жылға аяқ бастық. Өзгерген ештеңе жоқ. Баяғы жартас – бір жартас. Сол көше, сол алаң, сол ескерткіш, сол көрсеткіш.
Көрсеткіш деп бекерге айтып отырғанымыз жоқ. Мына деректер мен жер-су атауларына бір сәт көз жүгіртіп көріңіз.
Қалада ұзын саны 579 көше бар екен. Соның 32-сі ғана қазақ тілінде. Яғни – 5,5 пайыз. Өкініштісі сол – 579 көшенің дені мән-мағынасы жоқ атауға ие. Мәселен, шаһарда Центральный, Паровозный (1-ші Паровозныйдан 6-шы Паровозныйға дейін және жай Паровозный) деген 7 көше, Полтавский, Коммунальный, Кривонос, Невский, Арычный, Б.Хмельницкий деген төрт көше бар. Ал осындай 12 көше үш реттен, 31 көше екі реттен қайталанған. Өскемендегі көшелердің атауларына көз салсаңыз, Ресейдің бір қиырындағы әлі күнге Кеңес өкіметі кетпеген бір қаласы екен деп ойлап қалуыңыз әбден мүмкін.
Бір қызығы, қала көшелеріне қазақ тұлғаларының атын таппағандай, кешегі қызыл империяның көсемдері мен шешендерінің есімдерін қабаттастырып қоя берген. Қараңыз, Карл Маркстың «құрметіне» екі көше атауы берілсе, Киров, Куйбышев, Кутузов, Курчатов, Суворов, Степан Разин, Ермак, Фрунзе, Чапаев, Жуков, Свердлов, Дзержинский, Калинин, Микоян, Ворошилов, Р.Люксембург, Клара Цеткин мен Крупскаяға үш көше атауын «сыйға тартқан». Сау адамның өзі санынан шатасуы мүмкін. Шәкәрім көшесінің санынан шатасып, Абай көшесінің санынан адасып жүрсек арман не?
Ресейдің Волгоград, Владивосток, Новосибирь, Хабаровский, Тульский, Омск, Саратов, Спасск секілді қалаларының атауын да Өскеменнен табасың.
Айтпақшы, Өскемендегі 34 шағын ауданның аттары да түгелдей орысша. Октябрский, Красина, Ахмирова, Самсоновка, Защита, Прохладная, Аблакетка, Меневное деп жалғаса береді.
Ең сорақысы, қаладағы бір көшенің екі атауы бар. Мәселен, шаһардағы Тәуелсіздік даңғылын проспект Независимость десе, Жеңіс көшесін Победа деп атайды. Құжаттарда солай жазылып жүр. Өкініштісі сол – соны бақылап, қадағалап, тоқтау айтқан жанды көрмедік. Өскемен ғана емес, облыс орталығымен іргелес жатқан Глубокое, Шемонайха, Бородулиха, Зырян аудандары мен Риддер қаласындағы ономастикалық жағдай да мәз емес. Бұл аудандардың тарихи атауы болса да (мәселен, бұрындары Глубокое – Ақтас, Зырян – Көктас, Бородулиха – Белағаш деп аталған екен) оның қайтарылар түрі көрінбейді.
«Ленин атаны» қия алмай жүрміз
«Сегіз ұлым – бір бөлек, Ер Төстігім – бір бөлек» демекші, өңірдегі ескерткіштер мәселесі де таңды-таңға ұрып жыр қылуға тұрарлық тақырыптың бірі.
Бәлкім, сенерсіз, бәлкім, сенбессіз, Шығыс Қазақстанның кейбір аудандары Ленин бабасын әлі күнге қимай, әлпештеп-аялап отырған жайы бар. Күн көсем сол баяғы қасқайған қалпында. Құдды заман өзгермегендей, уақыт жылжымағандай.
Ленин ескерткіші қазіргі күні Ұлан ауданының Таврия ауылындағы (бұрынғы аудан орталығы – А.Қ) Мәдениет үйінің алды мен Глубокое ауданының Уварова ауылындағы көшенің қақ ортасында қасқайып тұр. Шемонайха ауданының бір елді мекені мен Зырян ауданының орталық алаңында «ұрпағына» жол нұсқап тағы бір Ленин ескерткіші тұр деседі көргендер. Көкпекті ауданының Самар ауылында кеуде мүсінінің бар екенін білеміз. Тек Ленин ғана емес, кешегі Кеңес өкіметінің сойылын соққан Киров, Калинин секілді қызыл көсемдердің ескерткіш, мүсіндері өңірдің әр аумағында (қаптаған көше атаулары өз алдына – А.Қ) жетіп-артылады.
Облыста қанша Ленин, қанша Киров бар екенін тап басып айта алмаймыз. Біздің білетініміз, көргеніміз осы... Білмейтініміз, әлі көрмегеніміз қаншама...
Ленин демекші, Өскемендегі ірі мәдени ошақтардың бірі, металлургтердің Мәдениет сарайының ішіндегі кең залға енсеңіз, «күн көсемнің» бейнесін көресіз. Жай тұрған жоқ, төл өнеріне сусап жүрген қалың көрермендерге, сахна саңлақтарына жол нұсқап, қолын көтеріп тұр. Мұны бір деп қойыңыз. Тағы бір сорақысы, осы Мәдениет сарайының екінші қабырғасында 15 одақтың өкілдері бейнеленген үлкен сурет бар. Сол суретке көз жүгіртсеңіз, көзге көрінер-көрінбес болып шетте тұрған байғұс қазақты көресіз тағы.
Айтпақшы, шаһарда «Жастар саябағы» деп аталатын тамаша демалыс орны бар. Ол жерге барсаңыз, сізді қолын көкке созған Киров ескерткіші қарсы алады.
Мәдениет сарайына барсаң, төбеңнен төніп Ленин тұрады, «Жастар саябағына» барсаң, қарсы алдыңда қасқайған Киров, алшаңдап басар алаңың Ушанов атында. Шаһардағы ұлттық рух туралы сөз қозғап көр енді.
Астанадан үлгі алсақ...
Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі авторы болып табылатын, үнемі қадағалап, бақылап отыратын Астана қаласының 800-ден астам көшесі қазақыланған болатын. Қаланың тіл басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазының жер-жердегі қаламгерлерге хабарласып, қазақ қайраткерлерінің есімдерімен бірге еліміздегі ең маңызды, тарихи, әдемі атауларды жиыстырғаны да есімізде. Соның нәтижесінде Астанаға Алаш арыстарының аттарымен қатар, Тұран, Түркістан, Алтай, Сығанақ, Сауран, Сарайшық, Ұлытау, Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Шардара, Қызылқұм секілді тарихи атаулар да ажар кіргізді.
Осы ретте Өскемен неге Астанадан үлгі алмасқа? Тәуелсіздіктің 20 жылдығында ең болмағанда шаһардағы 20 көшеге неге қазақша атау бермеске? Шаһардағы Киров ескерткіші тұрған Жастар саябағын Ғани Мұратбаев саябағы, қаланың қақ ортасындағы Ушанов алаңын Шәкәрім немесе Мұхтар Әуезов алаңы деп неге атамасқа?
«Мен байғұста арман көп» депті ғой баяғыда біреу. Сол айтпақшы, өңірдегі жұрттың сан жылдар сарғая күткен арманы да – біреу. Ол – Өскеменді қазақыландыру. Қаланы қазақыландыру ұлттық рухты бойына молынан сіңірген Бердібек Сапарбаев пен Ислам Әбішев сынды білікті басшылардың қолынан келетініне жұрттың сенімі зор.
Ұзын сөздің қысқасы, кенді өлкенің кеңестік атаулардан құтылар кезі жетті. Ендігі іс ел сенген ерлерімізде.