Өткен аптада ғана Алматыда күшті жер сілкінісі болуы ықтимал деген ақпарат біраз қауымды даурықтырды. Бұл туралы Лондон Корольдік қоғамының мүшесі, Кембридж университеті жер туралы ғылым департаментінің басшысы, профессор Джеймс Джексон «сілкініс әдетте жер қыртысының жарылған тұстарында болады. Ал Алматы маңында мұндай 10 шақты жер бар» деп өзінің дәлелдерін алға тартты. Артынша еліміздің сейсмолог ғалымдары әзірге Алматыда қуатты жер сілкінісі болжанып отырмағанын құлаққағыс етті. Дегенмен «Алаш айнасы» осы тұста «сейсмологиялық қауіпсіздігіміз, оны болжау ахуалымыз халықаралық межені маңайлай ала ма? Бұл бағытта жүргізіліп жатқан істер халықаралық талапқа сай ма? Қазірде сейсмологиялық аумаққа жатпайтын аймақтарда да жер сілкінісі болу үрдісі жиілеп кетті. Мұны техногендік сілкіністерге жатқызуға бола ма?» деген сауалдарға жауап іздеп көрді.
Жалпы, біздің қазақ апаттың айтып келмейтінін жақсы біледі. Айталық, нақ осы жер сілкінісе қатысты бас-аяғы он жылдың ішінде дамыған, қауіпсіздік бекінісі мығым бірнеше елде үлкен жер асты дүмпулері болды. 2004 жылы, мысалы, Индонезияда болған жер сілкінісінен 240 мың адам зардап шекті. Ал 2008 жылы Қытайдың Cичуань аймағында болған жер сілкінісінің күштілігі сонша - 69 мың адамның қаза тапқаны белгілі болды. Одан кейін Индонезияның Суматра аралына жақын аймақта Тынық мұхитында аралға 40 шақырым жерде үлкен жер сілкінісі болды. Оңтүстік Америка елдері – Перу, Чили елдерінде болған жер сілкіністері де, қай тұрғыдан алғанда да, зор шығындар алып келгені белгілі. Ал Жапониядағы болған жер сілкінісінің магнитудасы 8,9 болса, ошағының күші 11, 12 балға дейін жеткені бізге белгілі. Жапонияның сейсмолог ғалымдары жер сілкінісі мұхитта емес, құрлықта, яғни төрт аралдың бірінде болуы ықтимал деп топшыланған. Ал ол жерде алапат жер сілкінісі аралдан 130 шақырым жерде мұхитта болды. Тереңдігі 25 шақырым болған мұхиттық жер сілкінісі апаттың айтып келмейтінін тағы бір дәлелдеді. Бұл - дамыған өркениетті елдерде орын алған жайт. Қазірде ғылыми, технологиялық тұрғыда дамыған елдердің өзі сеймикалық қауіпсіздіктері үшін алаңдап отырған тұста біздегі ахуал қандай? Не істелінуде? Қанша жерден өндіріс орындары өркениетті елдермен салыстырғанда бізде аз дегенімізбен өндіріс орындары жер сілкінісіне дайын ба? Бұл ретте, Сейсмология институтының директоры, Таңатқан Абақанов былай деген еді:
– Жалпы, сейсмикалық қауіпсіздік жайын сөз еткенде сейсмикалық картаның сауатты жасалуы - қай елде де асқан қажеттілік. Сейсмикалық картаның негізгі қызметі – сейсмикалық қауіпті аймақтарды айқындау. Бұл дегеніңіз – сейсмикалық қауіпті аймақтарда құрылыс жұмыстарының қалай салынуы керектігі; тұрғын үйлердің орналасуы қалай түзілу керек; қандай заңдылықтар сақталынғаны жөн; ал қауіпті аудандарда ірі кәсіпорындар салынбағаны абзал. Міне, осының барлығы сейсмикалық карталарда көрініп, сайрап жатуы керек. Негізі, сейсмикалық карталар үш түрде түзіледі. Бірінші, күллі Қазақстанның сейсмикалық картасы жасалынуы керек. Бұл картаны қазірде еуростандартқа сай етіп жасау қажеттілігі байқалып отыр. Әлемде сейсмикалық карталарға байланысты Еуро-8 деген стандарт бар. Соған бұл карта сай болуы керек. Бұдан соң екінші дәрежедегі сейсмикалық карта, бұл әр облыстың сейсмикалық картасы болуы керек. Мұндай карталарды біз ғылыми тұрғыда қазірде Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарына жасап қойдық. Бірақ бұл карталар теориялық тұрғыда ғана дайын тұр, аталмыш сейсмикалық карталар әзірге тәжірибе жүзінде қолданылған жоқ. Аталған облыстардың басшылары сейсмикалық карталарды тәжірибеде қолдануға енді-енді тапсырыс бере бастады. Карталарды тәжірибеге енгізу үшін ғалымдарға әлде де болса жұмыс істеу керек. Сейсмикалық қауіпсіздікті сақтаудың тағы бір жүйесі, ол – болжау. Болжаудың өзі үш сатыға бөлінеді. Ұзақ мерзімді – бес жылдан жеті жылға дейін, орта мерзімді – бір жылға дейін және қысқа мерзімді – сағаттық, тәуліктік. Осы үш мәселені бірдей шешу керек. Біз қазірде 5-7 жылдық болжам картасын өзіндік дәрежеде жасай аламыз. Бұған қатысты ешкімнен кем емеспіз. Орта мерзімді, яғни бір жылдық сейсмикалық болжамды жасауға да қабілетіміз жетеді. Біздің болжамымыз бойынша соңғы төрт жылдық мерзімде Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша алапат, дүлей зілзала болмайды. Біз осы іспетті мәліметтерді Үкімет саласына жыл сайын беріп отырамыз. Нақ қазір бізге ең қиыны қысқа мерзімді болжам жасау болып отыр. Қысқа мерзімді болжам жасау дүниежүзілік тәжірибеде әлі шешіле қойған жоқ. Бүгінде болжамның бұл түрін санаулы мемлекеттер ғана теория жүзінде жасай алады. Оның өзі тәжірибеде әлі қолданылмаған.
Міне, маманның сөзінен пайымдағанымыз, бізге алдымен сейсмикалық карталар жүйесін нықтап алуымыз қажеттігі байқалады. Себебі қазірде сейсмикалық қаупі жоғары аймақтарды қойып сейсмологиялық аумаққа жатпайтын өзге аймақтарда да техногендік жер сілкіністері болып жатады. Мамандардың байыптауынша, ол жер сілкіністері көбіне газ, мұнай, яғни шикізат алатын жерлерде болуда. «Мәселен, мұнай мен газды қазір бес шақырымға дейінгі тереңдіктен алады. Ал шикізат алынған жер қыртыстары босап қалып жататыны даусыз. Міне, осындай бос жерлер өзінің табиғи қалпына бірден келе қоймайды. Бұл жерде табиғи заңдылық бұзылып отыр. Сөйтіп, физика-механикалық құрамы өзгерген аймақта техногендік жер сілкіністері пайда болып жатыр. Ал техногенді жер сілкіністері табиғи жер сілкіністерінің болуына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін», - дейді мамандар.
Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:
– Мысалы, Башқұртстанда, Татарстанда бұған дейін жер сілкіністері болған емес. Бірақ жер қойнауынан табиғи шикізаттың көп мөлшерде алынуы себепті сол аймақтарда 5-6 балдық жер сілкіністері үдеп кеткен. Ал біздің елде 200-ден астам кен орны бар. Бірақ сол шикізат өңдіріп отырған жеке компаниялардың көбі сейсмикалық қауіпсіздікке мән беріп отырған жоқ. Талай шикізат өндіретін кен орындарының сейсмикалық әлсіз тұстары баршылық. Олар жер қыртысын тереңнен ұңғып, осыдан барып жердің қабаты бос қалып, шытынаған жер сілкіністері орын алады. Өкінішке қарай, алпауыт кен орындарының осындай бейқамдығынан техногендік жер сілкіністерінің жиілеп кеткені рас. Бізге осы техногендік жер сілкінісін болдырмау үшін әр кәсіпорында, кен орындарында, жылу және су электр стансыларында сейсмологиялық бақылау жүргізіп отыру аса қажеттілік. Қазіргі кезде елімізде тек Қапшағайдағы су электр стансысының сейсмикалық ахуалы қандай деңгейде тұрғаны ғана кешенді түрде зерттеліп жатыр. Негізінде, мұндай жұмыстар еліміздегі барлық ірі кәсіпорындарда, стратегиялық маңызы бар нысандарда жүргізілуі керек. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма, Шүлбі, Өскемен су электр стансылары осындай тексерулері тиіс. Жалпы, әрбір ірі нысанның сейсмологиялық шыдамдылығын бақылау – міндетіміз. Ол нысандардың қаншалықты сейсмикалық жағдайға дайын екені туралы мәлімет бізде ашық болуы керек. Бізде көптеген осындай стратегиялық маңызы бар нысандардың басшылығы бұған салғырт қарап отыр. Негізі, әр нысанның аймағын бақылайтын сейсмологиялық стансалар болуы тиіс. Бірақ тиісті кәсіпорындар осындай маңызды іске мән бермей отыр. Бұған қатысты арнайы міндеттемелер жүктеген абзал.
Міне, мамандар алға тартып отырғандай болашақта нақ осы мәселеге қатысты Үкімет тарапынан әрбір мемлекеттік маңызы бар нысандарға және жекеменшік ірі кәсіпорындарға сейсмикалық стансалар орнату туралы арнайы міндеттеме жүктелуі тиіс. Бұған жергілікті әкімдіктер, кәсіпорын басшылары, Үкімет мүшелері айрықша мән бергені абзал. Қазақта «Сақтанғанды сақтаймын» деген нақыл бар. Осыны жадымызға түйгеніміз абзал. Төтенше жағдайда «бір Алла сақтайды» дегенді емес, «сақтансаң – сақтайды» деген қағиданы көкірегімізге түйген жөн.
Керек дерек:
Негізінен, сейсмикалық қауіпсіздікке 1887 жылдың өзінде қатты мән берілген. Мәселен, 1887 жылы 9-10 балдық Верный жер сілкінісі болғанда, қала мүлдем қирап қалған тұста, сондай-ақ 1889 жылы Шелекте 7-8 балдық тағы да бірнеше жер сілкінісі болып өткен кезеңде қалада саманнан, тастан үй салуға қатаң тыйым салынған. Ол кездері үйлер бөренеден салынатын болған. Тіпті Алматы Верный болып тұрған тұста әр тұрғын үйдің астында жер сілкінісі кезінде адам паналайтын сыйымдылығы кең арнайы жертөлелер де болған. Бұл талап бертін келе Кеңес өкіметі тұсына дейін сақталып, ол кездері көпқабатты үйлермен қоса, жер үйлерде де төтенше жағдайға арналған арнайы жертөлелер болуы міндетті еді. Ал қазір жекеменшік үй иелері, тұрғын үй құрылысын жүргізетін қайсыбір жекеменшік компаниялардың бұл талапқа, расымен де, аса мән бермейтіні жасырын емес.
Стратегиялық маңызы бар нысандар жер сілкінісіне дайын ба?
Последние статьи автора