Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Бөлшек саудадағы темекінің шекті бағасын белгілеу туралы» бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«20 фильтрлі, фильтрсіз сигаретке, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға:
- 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 2023 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін 710 теңге;
- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 770 теңге мөлшерінде ең төменгі бөлшек сауда бағалары белгіленсін», - деп жазылған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қол қойған құжатта.
Айта кетейік, қазір темекінің бөлшек саудадағы ең төменгі құны - 650 теңге. Ал, келер айдан бастап бұл сома 60 теңгеге қымбаттайды.
Ведомствоның түсіндірмесіне сай, темекі өнімдерінің бөлшек саудадағы шекті бағасының өсуіне мыналар себеп:
- 2023-2024 жылдары акциз мөлшерлемесі 14%-ға көтерілді;
- импортталатын шикізат пен материалдардың құны орта есеппен 20%-ға өсті;
- темекі өнімдерінің шикізаты мен компоненттерінің логистикасы едәуір күрделенді;
- 2022 жылы инфляция 20,3% құрады.
Тиісті бұйрық 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.