Қазақстанда электр энергиясын орталықтандырылған тәртіпте сатып алу және сату тетігі енгізіледі. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Саладағы қазіргі жағдайды, яғни электр энергиясының болжамды тапшылығын, энергия өндіруші ұйымдардың әртүрлі тарифтеріне байланысты бәсекелестіктің тең емес жағдайларын, сондай-ақ генерацияның жаңа көздерін, оның ішінде ЖЭК салу жөніндегі жоспарларды ескере отырып, электр энергиясын орталықтандырылған тәртіпте сатып алу және сату моделі енгізіледі», - деді Ж. Нұрмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Осы орайда ол электр энергиясын бірыңғай сатып алушы жүйесі іске қосылатынын айтты. Бұл тұрғыда электр энергиясын сатып алу және сату кезінде алыпсатарлар операцияларына жол бермеу, делдалдарды қысқарту ескерілген.
Электр энергиясын орталықтандырылған тәртіпте сатып алу және сату моделі бірқатар міндетті шешуге арналған. Бұл ретте елдің энергиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін дереу реттеуді талап ететін қадамдар ескерілген.
Атап айтқанда, биылдың 1 шілдесінен бастап Бірыңғай сатып алушының моделін енгізу жоспарланып отыр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан аумағындағы 55 электр станциясының техникалық жағдайына қатысты аудит жүргізілді.