2015 жыл бүкіл әлемдік шикізат өндірісшілері, оның ішінде біздің Қазақстан үшін де аса ауыр кезең болғалы тұр. Мұның басты себебі сол тауарлардың дүние жүзі тауар биржаларында бағаларының мол мөлшерде түсуі.
Айталық, мұнай бағасы былтырғыдан дәл қазір екі еседей арзан. Өндірістік металдар бағасы 25-30 пайызға төмендеді. Оның ішінде ферроқорытпалар (шойын, темір, болат) бағасы шамамен 60 пайызға арзандады. Мұның негізінен, екі себебі бар. Біріншісі – дүние жүзі бойынша металдарды пайдаланатын дайын тауарлы өндірістің ықшамдалуы. Яғни дамыған елдер экономикасының рецессияға жол беруі басты себеп болып тұр. Сұраныс сол себептен азайған. Екіншіден, ұсыныс шамадан тыс көбейіп кеткен. Бұған кешеге дейін өндірістік металдарды сырттан импорттап келген қарқынды дамушы Қытай Халық Республикасында металлургия саласының қарқынды дамуы қозғаушы күштей әсер еткен. Осы айтылғандардан шығатын жалғыз қорытынды бар, ол – таяу болашақта өндірістік металдардың бағасы 2014 жылдың басындағы деңгейіне жетпейтіндігі. Ал біздің металлургиядағы жетекші сала ферроқорытпалар бағасы көтерілудің орнына әлі де түсуі мүмкін дегенді дүние жүзі сарапшылары жаппай мәлімдеуде. Оған да себепкер Қытайдың бұл шикізатты өндіруі еселеп артқандығы екен.
Біз әлемдік тауар биржаларындағы бүгінгі баға конъюнктурасы және сол бағалардың болашағы металлургтерімізді қыспаққа тірейтіндей жағдайға жеткенін айттық. Бұдан «сонда не істеу керек?» деген орынды сұрақ туындайды. Өйткені металлургия – қазақстандықтардың ауқымды бөлігі күн көрісін үзіп тұрған жетекші сала. Мұндағы ағайын өндіріс тиімділігі түссе, қысқартуларға ұшырап, күн көрістерінен айырылып қалуы ықтимал. Осындай келеңсіздікті болдырмау үшін не істей аламыз деген сұраққа жауап беруді осы мақаланың басты мақсатына алдық.
Әрине, әлемдік бағаның ауытқуларына атқарушы билік назар аударып отырғаны баршаға белгілі. Бәлкім, онда, яғни Үкіметте осы жағдайға байланысты «кеселдің алдын алу» шаралары қарастырылып та қойған шығар. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы бұл ретте арқа сүйейтін бір тірек болатынын бұған дейін де «Айқын» газетінде жазғанбыз. Металлургтеріміз алдағы үш жыл бойына негізінен, ішкі базар сұранысын қамтамасыз етуге жұмыс істейтіндей жағдай жасалды. Десек те, байқауымызша, бағаның мұндай деңгейі үш жыл емес, ұзақ мерзімді алуы мүмкін. Сондықтан да әлемдік базардағы өндірістік металдар бағасына тәуелсіздікті қамтамасыз ету жолын ішкі базар сұранысын ұдайы өсіру арқылы жасаймыз деген ұсынысты күн тәртібіне шығару парыз.
Ішкі базар сұранысын қалай молайтамыз? Бұл сұраққа жауапты әркім әртүрлі мәлімдер. Бірақ бір ақиқаттың беті ашық, ол – ішкі базар сұранысын өсіретін мүмкіндіктер «2050 стратегиясын» жүзеге асырып жатқан Қазақстанда жетіп-артылады. Тек соларды дер кезінде жоспарға енгізу парыз.
Қуаныштысы сол – біздің ұлттық компанияларымыздың кейбірі және жекелеген отандық кәсіпкерлер осы мақсаттағы жұмысты бастап та кеткендей. Айталық, елімізде металға, оның ішінде қара металға көп сұраныс бере алатын жүк вагондарын құрастыру зауыты іске қосылды. Сондай-ақ шойын жолдарды жасау зауыты жұмыс істеп жатыр. Дж.Электрик компаниясының соңғы үлгісімен әлемдегі ең қуатты локомотивтер біздің елде шыға бастағанына біраз болды. Міне, осындай игіліктерді елімізге әкелгені үшін «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясына тек алғыс айту керек. Сонымен бірге мұндағы басқару тізгінін қолына алған мырзаларға құлаққағыс айту да парыз. Онымыз былайша өрнектеледі: тек құрастырушы болмай, аталған дайын тауарлардың барлық құрамдастарын, бөлшектерін өзімізде құйып шығаратын жағдайға жетсек, бізге керегі – сол. Осы саладағы келіссөздерді бүгіннен бастасақ, онымыз білімділік болар еді.
«Нұрлы жол» бағдарламасында бүкіл жолдарымызды еуроқалып бойынша жаңадан жасауға нұсқау берілген. Міне, осы жолдарда ферроқорытпалар мен басқа да металдар молынан пайдаланылады. Бірақ бір ескеретін тұс бұл үш жылға ғана лайықталған жоспар ғой. Ал бізге ішкі базардың металға сұранысын ұдайы және ұзақ мерзімде ұлғайту – қажеттілігі. Демек, дәл осы «Нұрлы жол» бағдарламасындағы екінші басты буын – қолжетімді баспана саласына қажетті материалдарды өзімізде құйып шығаратын зауыт өзінен-өзі өмірге сұранып тұрғандай.
aikyn.kz
(Түпнұсқадағы тақырып: ТЕМІРДІҢ ДЕ ТӨЗІМІ ШЕКТЕУЛІ)