Жалпы, біз осы заманға сай сауда жасай аламыз ба? Саудаласу турасында не білеміз? Тіпті көптеген елдерде нақ осы сауда жасау мәдениетіне қатысты арнайы ұстаным да бар. Мысалы, бұл ретте біраз қауымның «кез келген сауда жасап тұрған адам эмоцияға берілмеуі тиіс. Дүкенге барғанда дүкен сатушыларының амал-айласын және маркетингтік жүрістерді бақылап тұру керек. Сондай-ақ сауда жасауға қомақты қаржымен барудың да қажеті жоқ» деген қағиданы ұстанатын біз білеміз. Дегенмен бұл үрдісті керісінше ұстанып гу-гу ақшаны қалтаға басып алып базар аралауға, дүкенге барса жалақысының кем дегенде 30 пайызын сол дүкенге қалдырып кетуге бейіл жандардың бары да рас. «Осыдан барып елде айлықтан айлыққа әрең жететіндердің қарасы көбейіп келеді. Біз ақшаны тіршілік етудің бір құралы деп есептер болсақ, қолымыздағы қаржыны үнемдей білуді үренгеніміз абзал» дейді сарапшылар. Ал оны қалай үнемдейміз? "Алаш айнасы" арнайы мамандармен кеңесе отырып қолда бар қаржыны үнемдеудің біраз тетіктерін қарастырып көрді.
Ал бастаймыз...
Сонымен сауатты сауда жасай алу үшін бірінші кезекте нені ескергеніміз абзал. «Ол үшін алдымен мынадай қағидаттарды меңгеру қажет» деседі мамандарымыз:
• Бірінші, жоспарсыз сауда жасаудан сақтану үшін әмиянға көп ақша салып жүрудің қажеті жоқ. Бұл - үнемділікке бастайтын алғашқы жол.
• Екінші, жалақы алған күні дүкендерге әсіресе киім дүкендеріне, базарға барудан бас тарта тұрыңыз. Себебі сіз қолыңызға тиген ақшаның буымен ертеңгі күніңізді ойламай, өзіңізге қажетсіз нәрселерді көптеп алып қоюуыңыз мүмкін.
• Үшінші, қолыңызға қаржы тиген соң алдымен үйіңізге қажетті азық-түліктің легін жазып, тізіп алыңыз. Сосын азық-түлік алуға барғанда әрқайсысының тұсына қанша мөлшерде ақша кеткенін белгілеп қойыңыз. Бұл да кеткен ақшаның есебін шығаруға өте қолайлы дүние.
• Бұдан соң күнделікті жұмсаған қаржыңызды дәйім белгілі бір дәптерге есептеп жазып отырыңыз. Бұл да шығыс пен кірісті есептеуге, үнемдеуге таптырмайтын – тәсіл.
Міне, осы қағидаларды меңгерген адам сауда жасауда ұтылмайды.
Эмоцияны шектеу де маңызды
Сауда жасауда біз білуге міндетті тағы бір жайт бұл - маркетингтік жүріс. Яғни, қандайда бір сауда жасайтын адам алатын тауарының өзіне қаншалықты қажеттілігін тереңірек білгені дұрыс. Мысалы, дүкеннен шығар тұста өндірушілер мен дүкен иелері сыйлықтарды қайсыбір тауарларға қосып сатады. Мұның бәрі эмоциялық факторда есеп айырысу арқылы шешіледі. Сөз жоқ, жұрттың көбі сыйлық алғысы келеді. Осы сыйлық үшін сізге қажеті жоқ, керегі аса шамалы тауардың құнын төлеу керек болуы да мүмкін. Осындай сәтте жарнамалық акциялар мен бағасы төмендетілген науқандарға аса сақ қараңыз. Бұл турасында мамандар «кез келген адам сауда жасап, жоспарлаған бойынша аяқтаған соң, не тындырғанына салқынқандылықпен бір үңіліп көріп, сараптау жасау қажеттігін» алға тартады. Жалпы, маркетингтік жүріс дегенде алдымен жоспарланбаған шығыс жасаған себепті жазып отыру керек. Сондай-ақ өзіңіздің көңіліңіз әбден толғанша болған жағдайларға талдау жасауды жалғастыра берген жөн.
Сенімді дүкендерді жазбай танисыз ба?
Негізінен бүгінде электронды сауданы сауатты меңгеріп отырған елдер баршылық. Мысалы, Қытай халқының қазірде 67 пайызы осы электронды дүкендердің қызметіне жүгінеді. Ал ресми деректер Қазақстан халқының 82 пайызы электронды сауданың қалай өрбитінінен хабарсыз екенін көрсетеді. Деректер қазақ елінде тек кәсіпкерлікпен айналысып жүргендердің ғана электронды дүкендері бар екенін көрсетеді. Санамалап көрсек, электронды дүкендерді пайдалануда біздің елдегі көрсеткіш небәрі 8,6 пайызды құрайды. Осы мардымсыз көрсеткішке қынжылған мамандар электронды сауда нарығына бойлап ену арқылы «сенімді дүкендер желісіне қол жеткізуге болады» дейді.
Жаңабай Алдабергенов, экономист-ғалым:
- Жалпы, кез келген адам сауда жасауда ақпараттық сауаттылықты меңгеру керек. О үшін интернет кеңістігінен хабардар болу өте маңызды. Электронды дүкендер ашуға, электронды түрде сауда жасауға, қажетті затына электронды түрде тапсырыс беруге әркімнің құқы бар. Білесіздер, еліміздегі бірқатар сауда нүктелері тауарларының бағасын бірнеше есеге төмендетіп, маусым сайын жеңілдіктерді жарнамалап-ақ жатыр. Қазіргі маусымда тауарларының бағасын тіпті 70-80 пайызға дейін төмендетіп жібергендер де баршылық.Десек те, бұл жеңілдіктердің артында үлкен қулық жатады. Халықтың басым бөлігі сол жеңілдіктерден ұтпайды, керісінше, ұтылады. «Жеңілдік» деген сөз адамға айрықша әсер ететінін біздің сауда орталықтары жақсы білетіндіктен олар ең алдымен, заттың бағасын қолдан екі есе көтеріп, артынан бастапқы бағасына төмендетеді. Осыдан барып мынадай есеп туындайды: мысалы, сіз бір жейдені 6700 теңгеге жеңілдікпен қуана-қуана сатып алдыңыз делік, ал келесі бір дүкенге барсаңыз, жеңілдіксіз ол жейденің бағасы 4500 теңге болып тұрады. Сондай-ақ бізде бұқараның құлағын елең еткізетін жеңілдіктің ең жетілген бір түрі бір зат алсаң екінші затты тұтынушыға тегін сыйға ұсыну «жомарттығы». Бірақ бұл жерде ескеретін дүние, тегін зат алғашқысынан 80 пайыз арзан болуы керек. Мәселен, сыртқы киімге – белбеу, тағы басқа дүниелер. Тіпті қайсыбір тұтынушыларымыз осындай жеңілдікке ұрынып, екінші заттың тым ескі, киілген зат екенін айтып шағымданған кездер де болады. Сондықтан кез келген жағдайда сауда жасау саласындағы ақпараттарды сауатты түрде сүзгіге сала алғанымыз өзімізге жақсы. Демек, бізге заманға сай ғаламтор арқылы да сауда жасауды меңгергеніміз абзал.
Қара базардан, супермаркеттерге дейін...
Жалпы, еліміздегі сауда-саттық саласына қатысты деректерге жүгінсек, елімізде тұтынушылардың 73 пайызы отандық сауда саттық саласының жұмысына разы емес. Тұтынушылардың құқын қорғау бірлестіктерінің жүргізген сауалнамасы осыны айқындайды. Бір қызығы, тұтынушылардың дені қара базардағы саудаға емес, қаладағы ірі супермаркеттер мен дүкендердің сауда-саттық жүргізу жұмыстарына қанағаттанбай отыр. Мәселен, біз күні бүгінге дейін «таразыдан кем өлшеу, тұтынушы алатын затты кем салу, затты ескі безбен таразылар арқылы өлшеп пайда табу тек базар саудагерлеріне тән қылық» деп оған үйренісіп те кеттік. Ал мұндай алдау түрлері қазірде ірі супермаркеттерде де орын ала бастаған. Тіпті қайсыбір супермаркеттер тауарлардың бағасы жазылған штрихкодтарды өзгерту арқылы пайда табуға көшкен. Бұған қатысты айтарымыз, мысалы, тұтынушы бір қорап шоколад алғысы келді делік, сөреде әлгі шоколадтың бағасы 120 теңге деп көрсетілген болса, кассаға сатушы шоколадтың штрихкодын сап кеп жібергенде тауар бағасы экраннан 220 болмаса 260 теңгені көрсетуі ғажап емес. Мұндайда тауар бағасы бірден екі есеге дейін өсіп шыға келеді. Бұған қатысты «Адал» тұтынушылардың құқын қорғау бірлестігінің төрайымы Артық Сейітқалиева:
- Осындай жайтқа ұшырай қалса, тұтынушылардың көбі «тауар бағасы сөреде қате жазылған болды ғой» деп мән бермеушілікке салынады. Айналып келгенде бұл жерде өрескел заң бұзушылық жатыр. Заңдылық бойынша сөредегі баға мен кассада көрсетілетін экрандағы баға сәйкес болуы керек. Бұл жерде тауардың штирхкоды әдейі алмастырылған болуы да мүмкін. Ондайда жаңағы шоколадтың бағасы шынымен де 120 теңге болып, штрихкодтың ауысуына байланысты сіз басқа қымбат тауардың бағасын төлеген боласыз. Сондықтан бұл жерде дереу супермаркеттің әкімшілігіне шағым айтып, бұлай алдаудың заң жүзінде алаяқтық екенін түсіндіруге тырысыңыз, - дейді.
Сатушылар да сізді сан соқтыра ма?
Әрине, кеңестік кезеңде арнайы оқу орнын бітірген, сауда-саттық мәдениетінен хабар-ошары бар мамандар ғана арнайы еңбек кітапшасын алып дүкенге сатушы болып қызметке орналасатын. Ол кездерде сатушылық та білдей бір қызметтен кем емес-тін. Қазір керісінше, сатып тұрған тауарының сапасынан, қайда өндірілгенінен, қандай тауар екенінен, тіпті тауар бағамынан мүлде бейхабар сатушылар жетіп-артылады.
Негізінен бұл ретте тұтынушылардың құқын қорғау бірлестігінің мамандары қазірде сол сатушылар тұтынушыны сан соқтыруда мынадай амал-тәсілдерді көп қолданатынын алға тартады:
• Егер сіздің қапшыққа салынған затыңызды сатушы электронды таразыға еппен қоймай, екпінмен лақтырып қоса, бұдан күдіктегенген абзал. Себебі электронды таразыға зат екпінмен түссе, онда заттың салмағы тым артық болып көрінеді. Бұдан сіз бірнеше есе желінесіз.
• Дүкенге барғанда таразының беті өзіңізге қарап тұрғанына назар аударыңыз. Егер таразы басы сатушыға қарап тұрған болса оны ескертуге сіз құқылысыз.
• Төртінші, чек талап етіңіз және кассадан ұзамай алған затыңызды чектің бағасымен салыстырыңыз. Қайсыбір сатушылар чектің ішіне алмаған тауарыңызды басып жіберуі де ғажап емес.
• Бесінші, сатушының сөзуарлығынан сақтаныңыз, қайсыбір сатушылар өзара әңгімелесу арқылы таразыдан жеп, жарамсыз тауарды сөмкеңізге тоғытып жіберуі мүмкін.
Міне, мамандар сатушылардың осындай әрекеттері тұтынушыны үнемі сан соқтырып жататынын сондай-ақ мұндай жағдайға тап болғанда мәселені сол жерде ушықтырмай шешу қажеттігін алға тартады.
Жадынама: Қаперіңізде жүрсін, негізінен, сауатты сауда жасауда сіз алдымен тауарды сізге ұсынушымен тең құқылы екенін білгені жөн. Егер қандайда бір өнімді сұранысыңызға қарай сатып ала алмағаныңызға көзіңіз жетсе дереу тұтынушылардың құқын қорғайтын органдарға хабарласуыңыз керек. Бұған қоса сауда жасайтын сәтте жоспарлы саудаға баса назар аударған жөн. Жасайтын саудаңыз жоспарлы болса, сауда-саттық жасарда «шынымен де осы зат маған қажет пе?» деп ой таразысына сала білсеңіз әмияныңыз да, өзіңіз де қаржыдан тарықпасыңыз анық. Бастысы сауда-саттық жасағанда да құқықтық сауатты болу керектігі даусыз...
Кэссон қағидаларын қажетке жаратыңыз...
Сөз соңында біз әйгілі кәсіпкер Герберт Н.Кэссонның сауда жасаудағы қағидаларын оқырмандарымызға ұсынуды жөн көрдік. Пайымдасақ оның қайсыбір қағидаларынан үйренетін дүинелер баршылық. Мысалы, сауатты және берекелі сауда жасау үшін сондай-ақ қаржы үнемдеу үшін мынадай ережелерге сүйенеді екен:
1. Мен әрбір аптаның арнайы бір күнінде дүкеннен ештеңе сатып алмаймын. Дәл сол күні бір рупий жұмсамауға ант беремін.
2. Мен «көненің көзі – асыл» деген қағиданы берік ұстаймын. Іске жарамсыз ескілерді пайдалануды көздеймін.
3. Сонымен қатар түрлі бәйгелерге қатысамын. Бәлкім, жүлде алудың реті келіп қалар.
4. Егерде үйде бос бөлме болса, онда оны уақытша жалға беремін.
5. Мен банктегі сақтық жинау есебімді өзімнің атыма емес, балаларымның атына ашамын. Сонда оны қайта-қайта алуға мүмкіндігім болмайды.
6. Ешқашан қарызға ақша сұрамаймын. Егерде қарыз тіпті қажет болса, онда ақша емес, ақшаны қалайша көп табу керек екенін білу үшін ақыл-кеңес сұраймын.
Сондай-ақ Герберт Н.Кэссонның сауда жасаудағы қағидасы «білетін затыңды ғана сатып ал» дегенге саяды. «Осы қысқа, қарапайым бес сөзден тұратын ереже орындалса, сауда әлеміндегі шығынның төрттен бірі болмас еді» дейді ол. Бұл ретте оның сүйенер ережесі төмендегідей:
а) Бірінші ереже: байқампаз болу;
ә) Білетін затыңды ғана сатып алу;
б)Зорлықпен зат сатып алудан аулақ болу;
в) Ақша жұмсаймын деп алдын-ала жоспар құрмаған жөн. Мәселен, мен жалақы алғанда ана затты сатып аламын болмаса мына киімді сатып аламын деп жоспарлау ақшаны тек құнсыздыққа жетелейді;
д) Шығынсыз қайта сатуға болатын нәрсені ғана сатып алуға тырысу керек;
Міне, өз қаржысын сақтауда осындай жайттарды жадында сақтайтын Герберт мырза, қаржы жұмсарда асығыстыққа салынбау қажеттігін, не нәрсені болсын өзіңе ұнағаны үшін ғана сатып алудан тыйылған абзал екенін ескертеді. Ендеше қаржысын үнемдегісі келетін оқырман сіз де бір сәт осы қағиданы бағытқа алып көріңіз. Мүмкін, бұл капиталыңызды қомақты етуге ықпал етер...
«Алаш айнасы» мұрағатынан