Ауыл шаруашылығындағы ешкі секілді енші бұйырмай тұрған тағы бір сала бар. Ол – не өсімдік қатарында, не дәнді-дақыл есебінде жоқ саңырауқұлақ. Өсімдік шаруашылығында заты түгіл, аты қолданылмайтын саңырауқұлақты өзге шөп-шаламмен қатар күнде жеп жүрсек те, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тізіміне енбепті. Саңырауқұлақ – дамыған елдерде дара сала. Әлем елдері әжептәуір әспеттеп отырған бұл шаруаның қазаққа несі жат сонда? Той-томалақ, кафе-мейрамханаларда содан күнде салат жейтін қазақтың асқазаны саңырауқұлақпен әлдеқашан танысып, достасып алған. Ендеше, бұл шараушылықты дамыту неге кенже қалып отыр?
Саңырауқұлақ дегенде, шыны керек, есімізге Ғабеңнің «Талпақ танауы» келетінін қайтерсіз. Әйтсе де талпақ танаудың саңырауқұлаққа қарағанда «бағы» бар екен. Ол қазақтың төрт түлігінің қатарына енбесе де, ауыл шаруашылығына «бесінші» болып баса-көктеп кіріп, отауын құрып, уығын шаншып алған.
Ғалымдардың айтуынша, ХХІ ғасырдағы адамзаттың алдында тамақпен қамтылу, қоршаған ортаның ластануы, адам денсаулығының төмендеуі секілді өзекті проблемалар тұр. Саңырауқұлақтың жеті атасын түгендеп жүрген зерттеушілер мұнша мәселенің бір шешімі саңырауқұлақта деп отыр. Яғни саңырауқұлақ шаруашылығын дамыту арқылы тамағымыз тоқ, деніміз сау, ауамыз саф болмақ.
Тізімде жоқ, тірлікте бар тамақ
Бүгінде жеуге жарамды саңырауқұлақтардың дүниежүзіндегі өндірісі жылына 5 млн тоннаны құрайды екен. Соңғы 20 жыл ішінде ол 13-18 пайызға өсіп отырса керек. Бұл шаруашылықта да бірінші орынды Қытай иеленіпті. Одан кейін алпауыт АҚШ, Жапония, Франция, Таиланд, Германия, Польша, Канада. Венгрия да бұлардан қалыс қалған жоқ. Көрші Ресейде де жылына 6 мың тонна саңырауқұлақ шығаруды кәдімгідей жолға қойған.
Саңырауқұлақ өсіру шаруашылығы дамыған елдерде оны тұтыну жылына жан басына шаққанда 2,5 келіні құраса, ТМД елдерінде, соның ішінде біздің елде 100 грамнан ғана келеді екен. Бізде саңырауқұлақ шаруашылығы сала болмақ түгіл, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тізіміне енбей тұр.
Алпысбай Рахымжанов, Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы:
– Бізде саңырауқұлақпен айналысатын заңды тұлғалар, шаруашылықтар жоқ. Жекелеген адамдар өздері өсіріп, іске асырып жатады. Ал ол нақты бір салаға жатпайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің тізімінде де жоқ. Сондықтан оны дамытып, өсіруге мемлекеттік қолдау ретінде қаржы-қаражат та қарастырылмаған.
Әрине, кей аймақтарда бұл салаға аздаған бетбұрыс бар. Деректер «Алматыда, Көкшетауда мұнымен айналысатындар көптеп кездеседі» дейді, бірақ жеке адамдар. Тіпті былтырғы жылы «Алматы облысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы саңырауқұлақ өсіру саласы жолға қойылды деген сүйінші хабар да тарап кеткен. Ал одан кейінгісін естімедік.
Саңырауқұлақ жаңа өндіріске жол ашады
Етпен оразасын ашып, ет жеп ұйықтайтын қазақ үшін саңырауқұлақ ас еместей көрінер. Бірақ бүгінде бұған сұраныс көп. Тіпті қайсыбір елдер белгілі бір деңгейде саңырауқұлақ өсірудің жекелеген салаларына мамандануға бет бұрыпты. Мәселен, саңырауқұлақ өсіруге қажетті тыңайтқыш (компост) өсіруде Еуропада Голландия алдына жан салмай тұр. Ал Франция, Италия, Голландия, Венгрия саңырауқұлақ мицелийін өндірумен айналысады. Міне, аңғарғанымыздай, бір саңырауқұлақтың өзі бірнеше бағыттың өріс алуына ықпал етіп отыр.
Жеуге жарамды саңырауқұлақтардың екпінді дамуын оны өндірушілер бірнеше фактормен байланыстырады. Біріншіден, саңырауқұлақ өсіру шаруашылығы дамыған елдерде ол ауыл шаруашылығындағы жоғары өнім беруші сала болып саналады. Екіншіден, ол – ақуыздың, көптеген дәруменнің, дәрілік заттардың қайнар көзі. Үшіншіден, саңырауқұлақ өсіру үшін ауыл, орман шаруашылығының және қайта өңдеуші өнеркәсіптің қалдықтары қолданылады.
Сөйтіп, бір мезгілде тамақпен қамту, дәрі-дәрмекпен жабдықтау және қалдықтарды әжетке жарату мәселелері өз-өзінен шешіліп шыға келеді. Бұл – қалдықсыз өндіріс. Өйткені саңырауқұлақтар табиғатта зат айналымына қатысады, әртүрлі қалдықтарды ыдыратып, шірітіп, топырақ құнарлылығын арттырады. Сондай-ақ қауіпті аурулардың таралмауына пайдасын тигізеді. Қазір 70 елде қозықұйрық, жазғы түбіртек егу жолға қойылған. Одан жылына 14 млрд АҚШ доллары көлемінде қосымша табыс тауып отыр.
1 келі саңырауқұлақ – 1 келі ет
Осыдан бірнеше жыл бұрын Қарағандыда саңырауқұлақ өсірумен айналысқан Ермек Тұяқбаев өзі өсіретін саңырауқұлақтардан айына 1 тонна өнім алып отырған еді.
«Әдеттегі орман-тоғайдан жиналатын саңырауқұлақтарға қарағанда, жасанды жолмен өсірілетін бұл саңырауқұлақтардың басымдықтары баршылық. Біріншіден, таза, екіншіден, дайындалуы да жедел. Бар-жоғы 5-ақ минут. Ал кәдімгі орманның саңырауқұлағын кем дегенде жарты сағатқа таяу қайнату керек», – деген еді саңырауқұлақ бағбаны.
Адам ағзасына тигізер септігі зор екені ғылыми түрде дәлелденген. Оның 1 келісі 1 келі етті алмастырады екен. Сондай-ақ ағзадағы тұнып қалған ауыр металдарды, радиоактивті элементтерді шығарады. Мұны бір деп қойыңыз. Екіншіден, қартаю процесін кешеуілдетеді. Жаман аурулардың алдын алуға ықпал етеді. Бұл – үш. Асқазан-ішек жұмысын жақсартады – төрт, тағысын-тағылар. Бұл медициналық тұрғыдан алғанда.
Саңырауқұлаққа неге саңыраумыз?
Ес білгелі қазы-қарта, жал-жая жеп үйренген қазекемнің шөп-шаламға аса құнт қоймайтыны рас. Алайда білгенге бұл бекер-ақ. Қазақтар тағам деп қарамайтын шөп-шаламның пайдасы қай жағынан болсын орасан. Картоп, қырыққабат, қызылша т.б. секілді саңырауқұлақ та – ауыл шаруашылығы өнімі. Бірақ ресми олай есептеліп отырған жоқ. Сондықтан да саңырауқұлақтың елімізде бабы мен бағы болмай тұр.
Нарықтық экономикада негізгі талап үшеу-ақ. Не өндіру керек? Қалай өндіру керек? Кімге және қанша өндіру керек? Осы үшеуінің үдесінен шыққанда ғана өнім өндіруші бәсекеге қабілетті болмақ. Тауар сұраныстан тууы шарт. Бүгінде сондай сұранысы мол тауардың бірі – саңырауқұлақ. Қазақ жат көргенімен, экономика оны қош көріп отыр.
Дерек
Саңырауқұлақтардың құрамы ферментке бай. Жеуге жарамды саңырауқұлақтар құрамында 80-90% су, 2-4%-ға жуық нәруыз, 1%-ға жуық май болады. Өте қажетті дәрілер өндіруде де маңызы зор. Зиянды бактериялардың өсуін тежейтін дәрілер антибиотиктер деп аталады. Саңырауқұлақтардан өсімдікті тез өсіретін белсенді зат гибереллин алынады. Зең саңырауқұлағынан пенициллин антибиотигі алынады. Аспергилден лимон қышқылы өндіріліп, медицинада, өнеркәсіпте кеңінен қолданылады.