Саңырауқұлақ 80-ші жылдарға дейін бай-бағландардың тағамы ретінде танылып келді. Өйткені базардағы бағасы өте қымбат, ал шыныға жабылғандары тіптен ғарыштық бағамен сатылатын. Ал одан жасалған тағамдар, нешетүрлі салаттардың да бағасы анау айтқандай арзан емес еді. Микологтардың есептеулерінше жер шарында қозықұйрықтың 1,5 миллион түрі бар екен.
Ресейде 10 мыңнан астам түрі анықталған. Жеуге жарамды түрі мынан сәл ғана асады. Батыста қозықұйрыққа деген сұраныс жоғары болғанымен оны өздері термейді. Тек қолда өсіргендерін ғана сатып алады. Әрине сақтық үшін. Уланып қалмау үшін. Батыстық өнім болса да оған деген талап жоғары. Жеуге жарамды дегендерінің өзіне еуропалықтар аса сақтықпен қарайды. Олар өте сирек кездесетін трюфел атты түрін ғана таңдайды. Трюфелдің келісі 700 еуро тұрады. Әрине трюфел емес, одан басқасын өсіру мен өндіру де қазекемнің қолынан келеді. Бүгінде бабын тауып, қолдан қозықұйрық өсіріп, қап-қап ақша тауып отырғандар жетерлік. Әсіресе оңтүстікте жақсы жолға қойылған. Саңырауқұлақтың атасы Сайрамда өсіріледі. Василий Бабенко қозықұйрығын баптап, базардағы саудасын қыздырып отыр. Арнайы орында сөрелерге самсатып саңырауқұлақ өсіруде. Қозықұйрығын құпиясын ашып айта бергенді онша қаламайды. Әйтеуір тілін тауып, бабын келістіріп, кәсіп көзін жолға қойған. Қыста белгілі бір температураны сақтау қажет дейді. Қажетті тыңайтқыштарды қолдан өзі жасайды. Бүгінде “Мэрс” тыңайтқышын пайдаланып, соның арқасында өнімінің өсімталдығы артыпты. Соның арқасында биыл 4 тонна саңырауқұлақ алыпты. Келер жылғы жоспары бұдан да көлемдірек. Өнім алатын алаңқайын кеңейтпек ниетте. Базардағылардан да, мейрамханадан да тапсырыс деген жетіп артылады. Кейде тапсырысты қанағаттандыра алмай қалатын кездері де көп болады екен... Ал Сарыағашта да саңырауқұлақ өсіріп, кәсібінің нәсібін көріп отырғандар жетерлік. Кәдімгі ұзын шұлыққа ағаш үгіндісі мен шитті мақта сығындысын толтырып, ортадан биіктеу ағашқа іліп, жан-жағын тесіп қояды. Тыңайтқышпен нәрлендіріп, суғарып тұрса болғаны. Жұмылған жұдырықтай ірі болуы үшін адамның ойына келмес амал да ойлап тапқан. Көктемде найзағай жарқ-жұрқ ойнаған шақта қаптап қозықұйрық шығады емес пе? Алланың құдіретімен болатын табиғат құбылысына екі аяқты пенденің әмірі жүрмейтіні айдан анық. Мұндайда әрине аз-маз қулыққа баруға тура келеді. Жаңа жылдың сәнін келтіретін от шашудың мұндайда көмегі көп. Кәдімгі салютты тарс-тұрс еткізіп, аспанға атса жетіп жатыр. Тәулік өткенде екі қолдың саласындай қомақты қозықұйрығыңыз қаптап шығады... Расында қолынан кетпені түспейтін оңтүстіктің бағбандары кәсіптің неше атасын игеріп, көпке үлгі көрсетуде. Енді осы кәсіп түрінің деңгейін көтеріп, ірі жобаларға да жол ашылса деген тілек бар. Жуырда Ресейдің Пенза облысында саңырауқұлақ зауыты салынатыны жөнінде хабар тарады. Ірі жобаны қолға алған «РосСельхозРазвитие» компаниясы салғалы отырған зауыттың қуатылығы айына 600 тонна саңырауқұлақ өндіретін болады. Жобаға инвестиция ретінде 500 миллион рубль салынған. Болашақтың бағдарламасы ретінде қолға алынған жобаның жемісті боларына ресейліктер үміт артып отыр. Бұл да қарапайым азаматтардың идеясының негізінде қолға алынып отырған шаруалар. Бізде де қолға алуға, қолдауға да болады-ақ. Түрілмеген тың емес, негізі бар, болашағы да бар тиімді жоба болар еді...
Салют атып саңырауқұлақ өсіреді
Последние статьи автора