Қызылорда облысы Жалағаш ауданында жаңашыл жоба жүзеге аспақшы. Үстіміздегі жылдың соңына дейін ауданда қызыл мия тамырын өңдейтін зауыт іске қосылады деп күтілуде. Жақында аталмыш өндіріс ошағының іргесі қаланды.
Сыр өңірінде мия өсімдігі молынан кездеседі. Бұршақ тұқымдасына жататын көпжылдық өсімдік Қызылорда облысының барлық аймағынан табылады. Ол маусым-шілде айларында гүлдейді, жемісі тамызда толықтай пісіп-жетіледі. Мамандардың айтуынша, оның тамырында гликозид, сахароза, эфир майы, органикалық қышқылдар, минерал тұздары көп кездеседі. Бұл дүниелер өзімізде әзірге кеңінен қолданысқа ие бола қоймағанымен, шетелдерде медицина, темекі және тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Бізде мия өсімдігінің жапырағы мен сабағын мал азығы ретінде пайдаланудан әріге аса алмай отырмыз.
Игі бастаманы жергілікті «БИС-групп» ЖШС қолға алып отыр. Серіктестік директоры Ділдәхан Ахметовтің айтуынша, бұл жоба еліміздің индустриалды-инновациялық бағдарламасына енгізілген. Алдағы уақытта өнім толықтай экспортқа шығарылмақшы. Мамандар зауыттан шығарылатын қызыл мия тамырының ерітіндісінен бөлек, 1200 түрлі медициналық препаратқа қажетті шикізат дайындайтын болады. Әлемдік нарықта қызыл мия тамырына Германия, АҚШ, Түркия, Жапония елдері ерекше сұраныс танытып отыр. Осы зауыт толық қуатында іске қосылғанда 320 адам жұмыспен қамтылады.
Кәсіпорын тек қызыл мия тамырын өңдеп қана қоймай, сұранысқа қажетті 2000 гектар жерге қызыл мия егеді. Өндіріс орны жылына 22 мың тонна қызыл мия тамырын өңдейді. Мамандар қазір Қызылорда облысында 80 мың гектар алқапта қызыл мия қорының бар екенін мәлім етті.
Қызылордада қызыл мияны өңдейтін зауыт салынады
Последние статьи автора