Ақмола өңіріндегі төрт түліктің 95 пайызы жекеменшіктің иелігінде. Соңғы кезде өңірде мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөлетін ірі тауар өндірушілер қатары көбейіп келеді. Бұған – елорданы азық-түлік белдеуімен қамтамасыз ету бағдарламасы себеп. Мал шаруашылығын дамытуға ден қойып отырған осындай шаруашылықтардың бірі - Бурабай баурайындағы «Қымызынай» серіктестігі.
Шаруашылық қысы-жазы қымыз өндіруге бейімделген. Басында қымыз тек қана іргелес жатқан республикалық туберкулезден емдеу шипажайы үшін дайындалып келген. Уақыт өте келе, шаруашылықтың тасы өрге домалап, өндіріс көлемі арта түскен. Қазір бұл арадан шыққан өнім Көкшетау және Астана қалаларының ірі сауда орталықтарына жөнелтіліп келеді. Жалпы, «Қымызынайдың» бал татыған қымызына сұраныс күннен-күнге артып келеді, – дейді шаруашылық жетекшісі.
Кеңес заманында бұл ауыл мал өсіруге маманданған аудандағы ең ірі шаруашылықтардың бірі еді. Ол кезде қымыз ғана емес, шұбат та аста-төк болатын. Алайда өтпелі кезең мұндағы мыңғырған малдың да түгесілуіне түрткі болды. Бір бейнеттің бір зейнеті бар. Осыдан төрт жыл бұрын инвесторлар қаржы құйып, «Қымызынай» серіктестігі қайтадан мал өсіруге ден қойды. Қазір шаруашылықта 600-ден астам жылқы, 70-тей түйе, 300-дің үстінде қой және 70-тен жоғары ешкі бар. Қымыз өндіру технологиясын мейлінше меңгерген мұндағы мамандар биені қысы-жазы сауып, қымыздан айтарлықтай табыс тауып отыр. Базарда қымыздың бір литрі 500-600 теңге тұрса, серіктестік одан 200-300 теңгеге арзан сатады.
Биылдың өзінде серіктестікте 70 тоннаға жуық қымыз, 10 тоннадан астам шұбат, 600 литрдей ешкі сүті өндірілген. Соңғы кезде шаруашылық түйе өсіруді мықтап қолға алмақ. Өйткені шұбатқа сұраныс күн санап артып келеді. Әсіресе емдеу мекемелері өнімнің бұл түрін аттай қалап әкететін көрінеді.
«Қымызынайдың» қымызын-ай!
Последние статьи автора