Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, Саяси ғылымдарының докторы, профессор:
– Адам несиені еріккеннен алмасы белгілі. Мұқтаждық, қажеттіліктен соған барады. Рас, той жасау үшін де, тұрмыстық техника алу үшін де несиеге жүгіретіндер көбейді. Өйткені банктердің өзі қызықтырады. Алмасыңа қоймайды. Адамда пендешілік басым, ешкім ешкімнен қалғысы келмейді. Осыдан келіп той жасаса да бәсекелесінен асып түсу үшін де банктен молдау қарыз алады. Бірақ ертең қалай қайтарарын ақша алып тұрғанда ойламайды. Сосын банктердің пайызы өте жоғары. Аларын алып алғанымен, көптеген азаматтардың ақшаны қайтаруға шамасы келмейді. Бар кінәрат осыдан басталады. Әрине, бүкіл әлем қазір несиеге байланып қалған. Бірақ сол шетелде қалай? Пайыз өте төмен. Сондықтан шетелдіктер несиеге не алса да, қайтаруға мүмкіндігі бар. Ал бізде бәрі керісінше. Тіпті түкке тұрғысыз анықтама қағаз алайын десең де біршама ақша төлеуге тура келеді. Осының бәрі халықтың қалтасына соққы болып тиері анық. Егер банктер қарызымыз уақытында қайтсын десе, бірінші кезекте пайызды арзандатуға тиіс. Екіншіден, Үкімет жұмыссыздықпен күрескені дұрыс. Жұмыс болса, табыс орнықты, жоғары болса, халық несиесін де қайтара алар еді.
Сайра ЖИЕНБАЕВА, Қыздар педагогикалық университетінің «Педагогика және психология» факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
– Несие –нарық экономикасының бір заңдылығы. Қажет пе, ал. Бірақ уақытында қайтар. Өркениетті елдердің бәрі несиемен күн көреді. Алайда оларда пайыз өте төмен. Халықтың төлеуге мүмкіндігі бар. Бізде қалай? Бәрі керісінше? Пайыз жоғары. Табыс төмен. Осыдан келіп, халықтың біраз бөлігі несиені уақытында төлей алмай, қарызға батып, дау-дамайға қалып жатады. Тіпті отбасы бұзылып, өзіне қол салып жатқандар да баршылық. Сондықтан несиенің пайызын халықтың әл-ауқатына қарай төмендетіп, реттесе жөн болар еді. Сонда халықтың банкке берешегі де көбеймес еді.
Еркін РАҚЫШЕВ, режиссер:
– Несиенің қайтпауының бірнеше себебі бар. Ең бастысы – айлықтың жетпеуі. Күн көрістің қиындығы. Осыдан келіп жұрт тығырықтан шығарға жол таппай, несие алып, жыртығын жамауға тырысады. Бұған амалсыз мәжбүрліктен барады. Қайтарайын десе, пайыз жоғары, табысы жетпейді. Содан келіп «бір қайыры болар» деп жүре береді. Банктің қызметі де ақылы. Құжаттарды рәсімдеу үшін де біраз ақшаны алып қалады. Той үшін де алатындар көп. Талайды көріп жүрміз. Қазақта бәсеке деген қиын ғой. «Той жасаймын» деп үйін кепілдікке қойып, кейін несиені қайтара алмаған соң, банк баспанасын тартып алған азаматтарды да естіп жатырмыз. Жалпы, банк несие берерде, азаматтың оны қайтаруға мүмкіндігі бар ма, жоқ па, соны зерттеп алғаны дұрыс қой.
Қазақстандықтар шамадан тыс несие алуға неге құмар?
Последние статьи автора