Қазақстанда жалақы неге төмен?
Жалақың жоғары болса жағдайың да жақсара түседі. Айлығы көп жұмысқа кез келген адам орналаса бермейтіні бесенеден белгілі. Ол үшін әрине білікті маман болуы керек.
Көп жағдайда тәжірибеңіздің молдығы да жалақыңыздың жоғарылауына әсер етеді. Дегенмен күнделікті өмірде мықты мамандардың бағаланбай жататын кездері де жиі кездеседі. Аз айлықпен күн көріп, бір емес бірнеше жұмыс істеп жүрген жандар қаншама?!
Түптеп келгенде, мәселенің бәрі ақшаға келіп тіреледі. Сол үшін адамдардың көпшілігі еңбекте табысты болуға ұмтылады, жоғары лауазымды қызмет атқарғысы келеді.
Қазақстанда айлық жалақының мөлшері жұмысшының біліктілігіне, жұмыстың қиындығына, саны мен сапасына, сонымен қатар еңбек шaртына байланысты дифференциялы түрде бекітіледі. Өзге елдерде де солай. Бірақ… Әр елде айлық жалақының мөлшері әртүрлі. Бір елде төмен, ал бір елде жоғары.
Алдымен өз еліміздегі жалақының жай-жапсарын сөз етейік.
2018 жылғы статистика бойынша Қазақстандағы жалақының ең төменгi мөлшерi (ЖТМ) – 28 284 теңгені құрады. Ал 2017 жылы елімізде минималды айлық пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 24 459 теңге болған. Бұл – өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрсеткіш.
2017 жылы «Школа Инвестора» сайтының мәлімдеуінше, әлемдегі орташа жалақы рейтингісінде 157 елдің ішінде Қазақстан 86-орынға тұрақтады.
Статистика бойынша жалақысы ең көп ел – Швейцария атанған. Бұл елдегі орташа жалақы – 3855 доллар. Одан кейінгі орындарға Норвегия мен Люксембург жайғасқан. Екі елдегі жалақы мөлшері – 3781 және 3565 доллар. Ал жалақысы ең төмен ел Зимбабве екені анықталыпты. Ондағы орташа жалақы бар болғаны – 21 доллар.
Бұл рейтингте Ресей 69-орынға табан тірегенін де айта кетейік. Олардың орташа жалақысы 615 доллар шамасында болған.
Биыл еліміздегі Статистика жөніндегі комитет өкілдері қазақстандықтардың орташа жалақысы 157 мың теңгеден асатынын мәлімдеді. Статистикадағы мәліметтер ел тұрғындарының табысы артып, жұмыссыздық саны азайғанын да айғақтайды. Алайда көпшілік мұндай көрсеткішке көп сеніңкіремейді.
«Финпотребсоюз» АҚ төрағасы, экономист Айдар Әлібаевтың айтуынша, есеп жүргізу үшін салалар бойына орташа көрсеткіш алынады екен. Ол сонымен қатар еліміздегі орташа жалақының 70-80 мың теңге деңгейінде екенін де тілге тиек етті.
Тізімге көз сала отырып, Белоруссия мемлекеті жалақы көрсеткіші бойынша Қазақстан мен Ресейден алда екенін байқадық.
Әлеуметтік саяси институты Жоғарғы экономика мектебінің мамандары ТМД елдерінде, Шығыс Еуропада, Қытайда және Бразилияда табыс көзін есептей келе, долларға шаққанда осындай шешімге келді.
Мына қызыққа қараңыз, өткен жылы Белоруссияның орта есеппен ай сайынғы жалақы мөлшері – 1648 доллар болған. Ал Ресейдегі жалақы мөлшері – 1640 долларды құрады. Үшінші орында 1364,1 доллармен Әзірбайжан мемлекеті тұр. Қазақстан 1252,5 доллармен төртінші орынға табан тіреді.
Дегенмен номиналды бағам валютасы бойынша ресейліктер – алда. 2017 жылы Ресейде орта есеппен жалақы мөлшері 670,9 доллар болды. Екінші орында Қазақстан – 459,1 доллар, Беларусь – 421,9 доллар, ал Әзірбайжанда – 306,7 доллар.
Польша мемлекетінің орташа жалақысы Ресейдің жағдайынан әжептәуір озық болып шықты. Шығыс Еуропа елінің орташа жалақысы $1250 дейін көтерілген.
Ұлттық банктің 12 ақпанға белгілеген бағамы бойынша алсақ, 1 АҚШ доллары – 327,32 тг. Демек, 409 150 тг.
Отандық Lsm.kz порталы: «Қазақстанның ең төмен жалақысы – Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі (ЕАЭО) ең аз жалақылардың бірі» деп хабарлайды. Елімізде 2018 жылы ең аз жалақы мөлшері 14 пайызға өсіп, 24 459 теңгеден 28 284 теңгеге дейін артты. Бірақ әлі де 100 долларға жеткен жоқ.
Қазақстанның төмен табысы ЕАЭО елдерінде тек Қырғызстаннан ғана жоғары тұр. Көрші ел 17 доллар жалақысымен ең төменгі көрсеткішке ие.
2017 жылдың қараша айында Қырғызстан үкіметі елдегі ең аз жалақы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 4-5 есе аз екеніне алаңдаушылық білдірді.
ЕАЭО елдерінің ішінде ең төменгі жалақы көрсеткіші Ресейде ең жоғары, оның мөлшері 164,6 долларды құрайды. Бұл көрсеткіш Белоруссияда 154,6 доллар көлемінде. Арменияда минималды жалақы 100 доллардан асады.
Бұдан басқа, АҚШ-тың әр штатында әртүрлі ең төмен жалақы деңгейі бар.
Қорыта айтқанда, еліміздегі жалақының жайы бүгінде халықтың бас ауыртар басты мәселесіне айналды. Америкалықтар қазақстандықтардың бір айлық табысын, орта есеппен, бір апта ішінде таба алатынын естіген боларсыз. Біздің әл-ауқатымыздың қай деңгейде екенін осыдан-ақ бағамдай беруге болады.