Жаратқан иеміздің біздің ұлтқа деген көзінің түзулігі шығар, Қазақ елінде өткен ғасырдың аяқ шенінде азаттықтың арайлы таңы атты. Содан бері өз алдына егеменді елміз. Салқар даланың төрінде жаңа астана бой көтерді. Сәулеті де көз тартады. Соған қарап көңіліміз сүйсінеді. Алыс-жақындағы жұрт қызыға қарайтын болды. Қас қаққандай уақытта еліміздің нақ ортасынан таңды таңға ұрып, мақтана алатын әсем шаһар бой көтерді. Бұрын біз ондай тек шетелден көретін едік. Енді сондай төбесі көк тіреген ғимараты бар қала біздің елімізде де бар. Сондай-ақ, Алатау баурайында тұрған Алматы да жылдан-жылға құлпырып, өркениетті қаланың қатарына қосылып келеді. Әрине, бұл қалалар біздердің мақтанышымыз. Десе де осындайда ойға оралатын пікірлер бар. Біз әрбір қаламызды осылайша дамытсақ, әлем жұртшылығы алдындағы беделіміз биіктей түсері анық.
Қазақстанның оған барлық мүмкіндігі бар. Қаржылық әлеуетіміз жетеді. Менделеев кестесінде кездесетін барлық элементті қазақ топырағын түрте қалсаңыз, молынан кездестіруге әбден болады. Оған тек ынта, ықылас, ыждағаттылық қажет. Расы керек, еліміздің кейбір қалаларында қазірге дейін бас жоспары болмағаны да бар. Сол дүниені енді ғана әзірлеп, қаланы дамытуға көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, 2008 жылға дейін Қызылорда қаласының бас жоспары болған жоқ дегенге біреу сеніп, біреу сенбес. Соның салдарынан бұл қалада қиқы-жиқы салынған ғимараттар саны көбейген. Өркениет өресіне шығамын десеңіз, мұндай келеңсіз көреніске жол беруге болмайды.
Қазақ халқында «Қонақ аз отырып, көп сынайды» деген тәмсіл бар. Қазір есік-тереземізді ашып, алыс-жақыннан мейман шақырып жатырмыз. Сырттан келген меймандар біз жайында қандай ой түйеді? Әрине, ең әуелі қаланың келбетіне көз салады. Ешқандай келбеті жоқ, көріксіз ғимараттар жаңадан келген адамды қандай әсерге бөлейді? Мәселен, өз тіршілігіне салдыр-салақ қарайтын отбасына қонаққа бара қалсаңыз, өзіңіз қандай әсерде болар едіңіз? Әлгі шаңырақтың жүйесіз тірлігіне іштей наразы боларыңыз анық қой. Ендеше, сырттан келген адамдар біздің тіршілік ауанымызды бағамдап, содан кейін өзіне ой түйеді.
Қазіргі таңда елімізде шетелден инвесторлар шақыру мәселесі өзекті болып тұрған жайы бар. Қалталы компаниялар тектен-текке келе бермейді. Оларға барлық жағдай жасалуы тиіс. Дегенмен, кейде біздің тіршілік барысын байқай отырып, одан әрі жұмыс жасауға құлықты кейіп таныта қоймайтын инвесторлар да баршылық. Олардың көңілін қалай табамыз? Әйтпесе, олардың жұмыс жасауы үшін бізде көптеген қазба байлық көздері бар емес пе?
Қазір жер-жаһандағы жұрт бір-бірімен сәулет өнері бойынша жарысып жатқан секілді. Жолың түсіп, сол елдерге бара қалсаңыз, сан алуан ғимараттарды көзіңіз шалады. Оларға қарай отырып, өзің де ерекше көңіл-күйге бөленіп, сол мемлекет жөнінде оң пікірді көкейге түйесің емес пе? Мұхиттың арғы бетінде жатқан АҚШ-та іргелі шаһарлардың барлығы төбесі көк тіреген зәулім ғимаратымен көз тартады. Бір қызығы, мұндай қалалар оларда біреу ғана емес. Қай қаласына барсаңыз да, сондай ғимараттар жетіп артылады. Өкінішке қарай, біздің елімізде әзірге Астана мен Алматы қалаларынан өзге мұндай шаһарлар мүлдем жоқ десек те болады. Бүгінгі таңда елімізде құрылыс салу жөнінен ешкімге дес бермей келеміз. Бір қызығы, олардың басым көпшілігі қаланың келбетіне көрік қосатындай көркем салына бермейді. Бәз-баяғы қалпымен төрт бұрышты күйінде салына береді. Одан қалаға келіп жатқан ешқандай пайда жоқ. Оған қаншама қаржы жұмсалды емес пе? Сәулетшілер сол жобаны жасардың алдында оның ерекшеліктеріне неге мән бере қоймаған. Көпшілікті осы жағы ойландырады. Болмаса, біздің сәулетшілердің көпшілігі жасы ұлғайған азаматтар болуы әбден мүмкін. Олардың жасаған жобаларында ешқандай жаңалық болмай, ғимараттар асығыс салына береді. Тіпті, кейде қалада салынған ғимараттар бір-бірімен үйлеспей, көріксіз күй кешіп тұратыны да жасырын емес.
Сондықтан осы орайда біз сәулетшілердің тәжірибесін арттыру мәселесіне мән бергеніміз дұрыс секілді. Олай бола қоймаған жағдайда, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып қоятыны анық. Өйткені, кезінде барлық ғимараттар бір-біріне аумайтын. Бұл мамандық иелері оған ешқандай мән беріп те келген жоқ. Үйренген әдетімен сол жобаларды жасай беретін. Сенбесеңіз, еліміздің кез-келген қаласына барып қайтыңыз. Сол кезден қалған ғимараттарды қайтадан қарап көріңізші. Барлығы бір-бірінен аумайды. Құдды бір егіз қозыдай дерсіз. Қазіргі таңда әлемдегі сәулет өнері басқаша дамып барады емес пе?
Сарыарқа төсінен әсем қала бой түзердің алдында дүниежүзінің маңдайалды сәулетшілерін арнайы шақырып, олармен Астананы салу жөнінде ақыл-кеңес құрдық. Күннен-күнге жасанып келе жатқан қаланы көргенде сол жайлар еске түсе береді. Сонда өз сәулетшілеріміз жаңа қаланы салуға неге өз идеяларын ұсына алмады. Жалпы, біз үшін қала салу барысында қандай істерге маңыз беруіміз тиіс? Ең алдымен осы жағын ойланып алғанымыз артықтық етпейді. Бұл орайда басқа біреудің жолымен жүрген де жөн емес. Өйткені, әрбір елдің, әрбір халықтың өзіндік ерекшелегі болады емес пе?
Қазақ халқы да тереңнен тамыр тартқан ежелгі ұлттың бірі саналады. Біздің де өзімізге тән мәдениетіміз бар. Соны ерекшелеп, қаланы салу барысында өз мақсатымызға пайдалана алсақ, жетіп жатыр. Мәселен, Астана қаласында салынған Хан шатыры қазір әлем жұртшылығы алдында біздің мәдениетімізден хабар беретін сәулетті ғимараттың біріне айналды. Өкінішке қарай, бұл жобаны өзіміз емес, өзге елден келген сәулетші жасағанын бәріміз де білеміз. Біздің тағы да осындай қандай ерекшелігіміз бар? Бұл жағын ойланып көрдік пе? Әзірге осы тұрғыда нақты жоба жоқ секілді. Әрине, бұл біздің сәулетшілерге сын болып отыр.
Жаңа ғасыр жаңашыл жобаларға жол ашты. Өзіңнің қиялыңда жүрген оң бастаманы жүзеге асыруға әбден болады. Осындайда біз өз жобамызды қаланы дамытуға неге жұмсамаймыз? Бізді осы мәселе ойландырады. Қазақстанның әрбір қаласының өзіне тән ерекшелігі бар. Сол ерекшелікті екшей отырып, қаланың сәулет өнеріне пайдалана алсақ, қандай игілікті істі жүзеге асырар едік. Өкініштісі, әзірге бізге осындай оң бастама жетіспей жатыр. Бәлкім, біз сәулетшілер өнерін жоғары бағалай алмай жүрген шығармыз. Әйтеуір, қазақстандық мамандар тарапынан жаңашыл жобаларды жүйелей алмай келе жатқанымыз жасырын емес.
Рас, бұрынғы кезеңдерде де көркі көз тартатын ғимараттар салынды. Біз олардың сәулетін сақтай отырып, қала келбетін дамыта аламыз. Жаңа және бұрынғы сәулеттік өнер туындылары өзіндік өрнегін тапса, қандай ғанибет болар еді. Бұл біздің көкеймізді жиі мазалайтын мәселеге айналып отыр.
Жер шарында Қазақстан деген мемлекет пайда болғалы оны сырттай сынайтын жандар пайда болды. Өзгенің алдында ең алдымен көзге түсетіні – біздің сәулеттік өнеріміз. Біз бірден көзге түсетін көрікті қала тұрғыза алсақ, ол біздің мерейімізді өсіреді. Біз ең алдымен осы жағына баса мән бергеніміз орынды болар еді.
Қазақ қаласы қандай болуы тиіс?
Последние статьи автора