Қауынның құны «қасарысып» тұр
Қазір мамандар тілімен айтқанда бақша өнімдерінің, яғни қауын-қарбыздың қызу саудаға түсіп жатқан кезі. Көше-көшенің барлығы кішігірім сауда нүктелеріне айналған. Сатуға түскен қауын-қарбыздың көлемі көп болғанымен, оны алушылар қатары да аз емес. Күннің ыстығындағы ең жақсы сусын да осы бақша өнімдері екені сөзсіз.
Қауын-қарбыз өсіруге оңтүстіктің ауа райы қолайлы. Әсіресе шардаралықтар мен мақтааралдықтар, сарыағаштықтар бақша өнімдерін өндірумен жиі шұғылданады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы облыста 36 мың гектар қауын-қарбыз егілсе, биыл оның көлемі 38,2 мың гектарға жетті. Былтыр егіс алқаптарынан 653,6 мың тонна өнім жиналған-тұғын. Биыл осы кезге дейін 138 мың тонна өнім жиналыпты. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады.
Өткен жылы егілген қауын-қарбыздың көлемі аз болғанымен, сатылу бағасы саудаға түскен сәттен көп ұзамай-ақ күрт төмендеп, халықтың қалтасына ыңғайлы болған еді. Биыл олай емес. Бір түсіп, бір көтеріліп тұр. Әсіресе қауынның құны «қасарысып», түспей тұр. Килограмы 90-100 теңге. Неге? Оның себебін шаруалардың өздерінен білейік.
– Биыл қауынға құрт түсіп, біраз алқапты қайта аударуға мәжбүр болды. Қазір, негізінен, Жетісай жақтың қауындары саудаға түсіп жатыр. Қайта егілген Шардараның қауындары да пісуге таяу қалды. Бағасы содан кейін түсетін шығар. Жалпы, биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты өнім берекелілігі төмен болды. Жыл сайын гектарына 45-50 центнерден өнім алатынмын, биыл 30-дың шамасында болып отыр. Алқап басынан 17-18 теңгеден сатып алып жатқан түріктер өнімді, негізінен Ресейге жөнелтіп жатыр. Жалпы, Дарбыз егу мақта өсіру емес. Бір жыл банкрот болған адам екінші жылы да еге береді. Өйткені шығыны аздау. Ал мақтадан бір жыл банкрот болған шаруаның он жылға дейін ол іске беттей алмай қалуы ғажап емес. Мақта баптаудың жұмысы өте ауыр, оның үстіне арнайы техника болмаса өсіру қиын, – дейді шардаралық «Қанат» шаруа қожалығының иесі Қанат Асилов.
Бақша өнімдерін өндіру үшін де мемлекеттен жәрдем қаралған, яғни субсидия беріледі. Алайда Қ.Асиловтың айтуынша, су мәселесі қиын көрінеді. Алқапқа су жеткізу үшін бес шақырым қашықтықтан айдап әкеледі екен. Ол біраз шығынды талап ететіні сөзсіз. Ал ең басты проблема өндірген өнімді сату болып отыр. Рас, бұрнағы жылдардағыдай Өзбекстаннан ағылып жатқан арзан өнімдер бәсекелестік тудырмайды. Дегенмен өнімді ақшаға айналдыру ісінде әлі де болса кедергілер жоқ емес. Мәселен, өткен жылы өнім мол болғандықтан, біраз қауын-қарбыз алқаптың басында қалып қойыпты.
Жазғы дастарқанның сәні саналатын қауын-қарбызды сүйіп жемейтін адам кемде-кем. Бірақ сатылымдағы өнімдердің сапасына деген алаңдаушылық басым. Мамандар бақша өнімдерін өсіруде улы дәрі-дәрмектерді шамадан көп пайдаланатындығына алаңдаулы. Қ.Асилов өзі өндіретін өнімнің әр гектарына 400-500 килограмм тыңайтқыш пайдаланатынын айтады. Одан да көп мөлшерде тыңайтқыш беретіндердің бар екенін де жасырмайды. Әрине, еңбек етіп, пайда көрген жақсы ғой, дегенмен, пайданы ғана ойлап, халықтың денсаулығын ұмытып кетуге әсте болмас.