Қаржы пирамидаларынан қашан құтыламыз?

Жүгенсіз кеткен қаржы пирамидаларын тізгіндеу мүмкін болар емес. Бұл сұрақ құқық қорғау органдарының өзін тығырыққа тіреп тұр. «Заң арқылы шектеу қоймай ма?» дейтін де боларсыз. Бірақ пысықай қулар заңның өзін айналып өтіп, «аңқау елге арамза молда» болып жүр. Сөйтіп, Ресейде Мавроди компаниясымен өткен ғасырдың 60-жылдарында құрылған қаржы қитұрқысы қазір Қазақ елін де алаңдатып тұр. Тіпті еліміздің Парламентіндегі халық қалаулылары заңның шикі тұстарын өзгертуді ұсынуда. Қаржы полициясының ресми статистикасы қазақстандықтардың 1 миллиардтан астам теңгесі қаржы пирамидаларына салып жіберілгенін растады.
Дәл осындай күрделі мәселе күні кеше Парламент Мәжілісінің қарауына түсті. Депу­таттар халықтың тірнектеп жиған тең­гесін болашағы белгісіз пирамидаларға салып, аңқаулық жасайтынына алаң­дау­шылық білдірді. Ашынған халықтың тігер­ге тұяғы қалмаған. Көпшілігі тіпті қарызға кіріп, банктерден несие де алыпты. Сөйтіп, байлыққа белшеден батырамыз деген «пирамидаға» барын салып жіберген. Бірақ ақшасын тек сол пирамидалардың төбе­сіндегілерге өз қолымен беріп жат­қанын білгенде ғана барып бармағын тістейді.
Қаржы полициясының мәліметіне қара­ғанда бүгінгі күнге дейін 5 мыңнан астам қазақстандық тақырға отырған. Бұл тек арыз бергендер ғана. Іштен тынып, қаржысын желге ұшырғандардың жалпы санын ешкім білмейді. Бұлай бола берсе, халықтың толқуы да болуы мүмкін, – дейді мамандар.
Осыны ескерген республикалық Қаржы по­лициясы агенттігі халық қалау­лы­ла­ры­ның алдында жаңа заңның жобасын ұсын­ды.
Жанат ЕЛИМАНОВ, ҚР Қаржы полиция­сы­ның экономикалық және қаржылық қыл­­мыстарды ашу жөніндегі депар­та­мен­тінің басшысы:
– Қаржы пирамидаларының жолын түбегейлі кесе алмай келеміз. Ең алдымен, оған еліміздегі заң баптары қолбайлау болып тұрған жайы бар. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің «алаяқтық» бабымен қыл­мыс­тық іс қозғау да қолымыздан келмейді. Іс қозғау үшін нақты шығын немесе жәбір­лену­шілердің арызы болуы қажет. Ал салған қаржысын өсімімен қайтарамын деген тәтті қиялдың жетегінде жүргендер арыз да жазбайды.
Қаржы полициясы департаменті бас­шы­сының айтуынша, олар қой терісін жамылған қасқырдың әрекетін жасайды. Яғни шағын несие беру ұйымдары ретінде тіркеліп, одан кейін халыққа қаржыны берудің орнына ақшасын алдап алуға кірісе­ді. Тек соңғы жылдары ғана Қаржы полициясының құрығына 23 қаржы пира­мидасы түсіпті.
Өзекті жайды ой елегінен өткізген халық қалаулылары өз ойларын ортаға салды. Сөйтіп, қоғамға дендеп еніп кеткен қаржы пирамидаларының тамырына бал­та шабу керек десті.
Светлана РОМАНОВСКАЯ, ҚР Пар­ла­менті Мәжілісінің депутаты:
– Қанша мәрте алданып ауыздары күй­се де, халықтың қаржы пирамидаларының қармағына түсуі азаяр емес. Өйткені жыл өткен сайын олар түрлі механизмдер арқылы халықты тартудың жаңа жолдарын шығаруда. Көптеген жұрт пирамиданы желілік маркетингпен шатастырады.

Желілік маркетингтің жайылып кеткені сонша бейресми мәліметтер олардың елімізде жаңа жүйесі қалыптасқанын растады. Қаржы полициясының зерт­теуін­ше ресейлік Мавродидің «МММ-2011-дің» – қазіргі күні 40 мыңнан астам салым­шы­сы бар. Аталған компания сайты тіпті ақшаның қаржы пирамидасы тәртібінде беріліп, бұрын кірген салымшылардың табысы кейін кіргендердің есебінен бола­тынын ашық жариялапты. Бүгінгі күні «МММ-2011» қазақстандық өкілдігінің алаяқ­тық фактісі бойынша Алматы қала­лық департаменті қылмыстық іс жүргізуде.
Қаржы пирамидасынан қан қақсаған жұрттың біразы Көкшетау және Ақмола облысының тұрғындары екені рас. Мұнда байлықтың көзін осылай таппақ болған Бақыт Әділова мен Маржан Мұқанова «ҚазРостИнвестПроект» атты пирамида жобасын шығарып, халықты алдаған. 20 мыңға жуық тұрғынның қалтасындағы қаржысын алаяқтықпен алған қос әйелдің ісі қазір сотпен шешіліп, іс сот орын­дау­шы­ларының қолына келді.
Қайрат АЯҒАНОВ, Көкшетау қаласы ау­мақтық бөлімінің сот орындаушысы.
– Қазіргі күні қаржы пирамидасынан зар­дап шеккендер бойынша атқару құжат­тары толықтай тіркелді. Бірақ қаржыны толықтай қайтару әзірге жүзеге асар емес. Оған себеп пирамида жасаушылардың тәркіленген мүліктерін сату мүмкін болмай отыр. Онсыз жәбірленушілердің қара­жа­тын қайтара алмаймыз. Бір жағынан, жәбірленушілердің өздері де кінәлі. Қаржысын пирамидаға не үшін салады? Осынысымен-ақ заңды бұзып жатқан жоқ па?

Мұндай пікірмен Парламент Мәжі­лісінің бірқатар депутаттары да келісетінін білдірді. Тіпті жаңа заң жобасында пирамиданы жасаушылармен қатар, оның салымшыларын да әкімшілік жауап­кер­шілікке тарту ұсынылды.
Ромин МАДИНОВ, ҚР Парламенті Мә­жі­лісінің депутаты:
– Қаржы пирамидасына қаржы құйған салымшыларды да жауапқа тарту қажет. Мен «қаржы пирамидасының қызметіне қарсы күрес мәселелері бойынша Қазақ­стан Республикасының бірқатар заң­на­малық актілеріне өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасына пирамидаға қа­тысушыларды да жауапқа тартуды ұсынамын.

Ұзақ сарапқа салынып, депутаттардың талап-тілектерінен кейін заң жобасы алдағы қараша айында қайта қарауға түспек.

Түйін
Аузы күйген үрлеп ішер. Десек те, заң жобасы жаңада ғана талданып жатыр. Ал көршілес Ресейде қаржы пирамидаларының қызметіне тосқауыл қою туралы заң қолданысқа енгізіліп те үлгерген. Оған Қаржы министрлігі де өзінің түзетулерін енгізіпті. Бір айта кетерлігі, Ресей заңында да қаржы пирамидасының ұйымдастырушыларымен қатар, қатысушылары да жауапқа тартылады. Ол үшін 10 жылға дейін жаза кесіледі. Бізде қалай болар екен? Оны, әрине, алдағы уақыт көрсетеді...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста