Қараңғы деп қамыққанша, кiшкентай ғана шырақ жақ
50-жылдардағы «ұлы секiрiс» кезiнде Қытайда бұрын-соңды болмаған жұмыссыздық жайлады. Әсiресе, түрмедегi жұртқа жұмыс тауып беру қиынға айналды. Бұрынғыдай қолғап тiгу секiлдi кәкiр-шүкiр тапсырыс та жоқ. Сондықтан абақтыда жатқан аспан асты елiнiң соңғы императоры Пу И шыбын өлтiрумен айналысуға мәжбүр болыпты. Неғұрлым көп жәндiктiң жанын жаһаннамға жiберсе, сол күнi Пу И мырзаның қарны тоқ.
Өмiрiнде қара жұмыс iстемек түгiл, өздiгiнен еңкейiп шұлығын киiп көрмеген байғұс император үшiн бұл адам айтқысыз ауыр еңбек едi. Әйтсе де бара-бара бәрiне де көндiктi.
Императорға қарағанда, бiздiң еңбекпен көзiн ашқан қарапайым халық үшiн үйреншiктi тiршiлiгiн өзгерту түк емес, әрине. Дегенмен соңғы жылдары бiршама тәуiр тұрмысқа дағдыланған адамға ел аман, жұрт тынышта жұмыстан айырылу оңайға соқпайды. Не iстеу керек? Көбiнiң мойнында несие қамыты, әрi бiр күн ашықса, ұлардай шулайтын бала-шаға және бар. Мұндайда мамандардың көмегiне жүгiнуден басқа амал жоқ сияқты. Ал олардың айтатыны бiреу: тауға да, тасқа да басты соғып, шарқ ұрғаннан ештеңе шықпайды. Бiлек сыбанып, жұмыс iздеуге кiрiс!
Жарайды, қаладағылар толып жатқан ақыл-кеңестiң бiреуiн болмаса бiреуiн кәдеге жаратар. Ауылдағылар қайтедi? Мәселен, бiр компанияға жұмысқа тұру үшiн ең алдымен резюме дайындау керек. Оны қалай болса, солай жазуға тағы болмайды, әр сөзiңдi екшеп, сауатты жазуың керек. Дұрыс. Соншалықты қиын шаруа емес. Тiптi болмаса, бiр мұғалiмге барып жаздырып алды делiк. Бiрақ сол резюмесi құрғырды апарып тапсыратын ауылда қайдағы компания? Болған күннiң өзiнде құшақ жайып қарсы алатын кiм бар онда? Жақсы қызметке тек тамыр-таныс арқылы ғана орналасуға болатыны бесенеден белгiлi. Сондықтан ауыл адамына бұл кеңестiң көк тиынға да қажетi жоқ, яғни өз қамын өзi ойлауына тура келедi.
Әлбетте, Үкiмет жұмыссыздыққа қарсы күрес ашты. Бiрақ бұл елдiң бәрiн еңбекпен қамти алады деген мағынаны бiлдiрмейдi. Сондықтан әркiм өз бетiнше күн көруге талпынатыны анық. Қала тұрғынына жұмысқа орналасу тым қиынға соқпайды. Бiрақ еңбек нарығында «ақ жағалыға» қарағанда, қара жұмысшының қолы жүрiп тұр. Сондықтан нан табу үшiн мамандықты уақытша өзгертуге де тура келер.
Сарапшылардың айтуынша, дағдарыс кезiнде жұмыс iздеушiлердiң жолы болып кететiнiне сенбейдi екен. Сол себептi жұмыс берушiнiң «жасың нешеде?» деген «бейкүнә» сауалына шоқ басқандай ыршып түсетiн көрiнедi. Бiздiң ойымызша, бұл әйел жолдастарға айтылған сын. Өйткенi елiмiзде қырықтан асқан азаматшаның жұмысқа орналасуынан гөрi Қытайға барып келуi оңай.
Сонымен не керек, жұмыссыз пендеге ақыл айтушылар көп. Барлығы дерлiк «классикалық үлгiдегi» кеңестер. Оның бәрiн оқып алтын уақытыңды жоғалтқанша, баяғы Карнеги ақсақалға жүгiнген дұрыс па деп қалдық. Ақсақал демекшi, үлкен кiсiлердiң сөзiне де құлақ асқанның артықтығы жоқ. Осыған орай мынадай әңгiменi айта кетейiк. Жуырда жұмыс бабымен асығып, жеке көлiк ұстауға тура келдi. Жүргiзушi жетпiстегi зейнеткер екен. Жол бойы бүгiнгi «сәнге» айналған тақырып – дағдарыс туралы айтумен болды. «Ертеден кешке дейiн дағдарыс деп тотықұсша сайрайды кеп жұрттың бәрi. Мен секiлдi қарапайым адам үшiн өмiр бойы дағдарыс емес пе? Сол пәлекеттен миллиардерлер қорықсын. Олар ақшасын жоғалтқысы келмейдi. Менiң жоғалтатын ештеңем жоқ. Әркiм өз орнында, өзiне тиесiлi жұмысты атқарсын, сонда ешқандай дағдарыс бiздi жеңе алмайды. Мiне, қартайған шағымда кемпiрiмдi асырау үшiн адам тасып жүрмiн. Мына заманда қол қусырып қалай отырасың. Солай емес пе, қызым?»,– дедi. Солай, ата. Конфуцийдiң өзi «Қараңғы деп қамыққанша, кiшкентай ғана шырақ жақ» демеп пе едi...
Керек тастың ауырлығы жоқ
Жуырда Бiрiккен Ұлттар Ұйымының еңбек жөнiнде есебi жарияланды. БҰҰ мамандары дағдарыс тұсында жұртқа жұмыс тауып берудiң амалдарын ұсыныпты. Соның бiрi – шағын және орта кәсiпкерлiк дамымаған, есесiне шикiзатқа арқа сүйеген елдерде елеусiздеу, бiрақ өтiмдi бұйымдарды жасау арқылы тұрғындарды еңбекпен қамту. Мәселен, кәдiмгi түйме. Бұған басқалардан бұрынырақ мән берген қытайлар бұл iстi жақсы жолға қойыпты. Аспан асты елiндегi шағын бiр қала дүниежүзiндегi сұраныстың 65 пайызын қамтамасыз етедi екен. Алып жобалардың жетегiмен жүрiп, ұсақ-түйек деп менсiнбейтiн бiздер үшiн бұл – қисынды кеңес. Әйтпесе тонналаған темiрдi сол Қытайға сатып, олардың жасаған темiр қасығы мен шанышқысын пайдаланып жүре беремiз.