Пойыздарымыз неге сүріншек?
Еліміздегі жолаушылар тасымалымен айналысатын темір жол саласы жыл сайын жолақы құнын көтеруді әдетке айналдырған. Әйтсе де жолақы құны көтерілгенімен қызмет сапасының жақсаратын сыңайы байқалмайды. Дамыған елдерде жылдамдығы ұшақтың жылдамдығына жақын пойыздар жүйткісе, бізде белгіленген уақытынан сағаттап кешігетін, жаз айында да шегеленген терезелері ашылмайтын, тоқ көздерінің орны болғанымен, тоққа жалғанбаған, тазалығы нашар ескі вагонды пойыздар жүреді. Тіпті, әліге дейін, кейбір жолаушылар пойызында шәй ішетін суды электр қуаты арқылы емес, ағаш, көмірмен қайнатылуы, онсыз да желдеткіштері жоқ вагон ішін одан сайын қапырық етеді. Оған қоса, соңғы кездері ең қауіпсіз жолаушылар тасымалы саналатын салада пойыздардың рельстен шығып кету жағдайлары жиіледі. Жыл санап қызмет сапасы жақсару орнына кері кетуі қалай?
Ұшты, ұшты жолақы құны ұшты...
Сөзіміз дәлелді болуы үшін әңгімені жыл сайын қымбаттайтын жолақыдан бастасақ, соңғы сегіз жыл ішінде елімізде темір жол ақысы 75%-ға қымбаттапты. Демек жолаушылар төлеген ақысына қарай қызмет сапасының да жоғарылауын талап етуге негіз бар. Таратып айтар болсақ, 2006 жылы аталмыш салада жолақы құны 15%, 2007 жылы 10%, 2010 жылы 10%, 2011 жылы 10%, 2012 жылы 10%, 2013 жылы 13%, 2014 жылы 7%-ға өскен. Ал қызмет сапасынан 75 пайыздық жоғарылау байқала ма?! Мәселе осында. Жолақы құнының өсуіне жанармай, жарық, су бағасының өсуі секілді жағдайлар себеп. Вагон жөндеу жұмыстары да аз шығын әкелмейді. Әйтсе де қызмет сапасын жақсарту орнына пойыз вагондарының рельстен шығып кету жағдайларының жиілеуі халықтың алаңдаушылығын тудырып тұрғаны жасырын емес.
100 жылда жойылмаған кемшілік қашан жойылады?
Жаз мезгілінде теміржол көлігіне деген халықтың сұранысы күрт артады. Жазғы демалысын пайдаланып қалғысы келген халық көбінесе жолаушылар пойызын ыңғайлы көреді. Себебі ұшақ билетінің бағасы кез келгеннің қалтасына сәйкес келе бермейді. Рас, қазіргі таңда еліміздегі алыс-жақын қалалардың көбіне дерлік автобус қатынайды. Алайда алыс жолдарға тікеңнен тік отырып бару ыңғайсыз. Сондықтан халық үшін әзірге пойыздан ыңғайлысы болмай тұр. Демек халықтың сұранысына сай осы саладағы қызмет сапасын жақсарту қажет. Жаз мезгілінде пойызда ең керегі – желдеткіш. Салқындатқыш қай пойыздарда бар екенін білмек ниетпен вокзалдың анықтама бөліміне хабарластық. Анықтама бөліміндегі қызметкерлер: «Салқындатқыш московский, испанский пойыздарда, сон-дай-ақ Астанаға қатынайтын тройка, девяткаларда бар», – десті. Бұл пойыздардың өзінің жұп немесе тақ күндері ғана жүретінін ескерсек, халықтың белгілі бір бөлігі ғана салқындатқышы бар пойызбен қам-тамасыз етілетінін түсінуге болады. Сонда Астанаға емес, еліміздің басқа аймағына жолы түсетін жолаушылар қайтпек? Бүгінде жүз жылдан астам тарихы бар «Қазақстан теміржолы» компаниясында бұдан да өзге пойыздардың жиі кешігіп келуі, ақысы төленбеген жүктерді жолау-шылардың өздерімен бірге алып жүруі, вагондар мен вокзал ғимараттарында санитарлық нормалардың сақталмауы, мүмкіндігі шектелген жолаушыларға жүріп-тұруға арналған пандустардың болмауы, вагондарда өрт дабылшысы мен өрт сөндіру құралдарының жоқтығы се-кілді заңбұзушылық әрекеттердің жылда кездесіп отыратынын ескерсек, жүз жылда дұрыс жолға қойылмаған теміржол жұмысының енді қашан ісі оңалар екен деген ой еріксіз мазалайды.
Пойыздар неге «сүрінуде»?
Осығын дейін жүк пойыздарының ғана рельстен шығып кету оқиғасы тіркелсе, биылғы жылы сәуір айында №41 Алматы-Атырау бағытындағы жолаушылар пойызы рельстен шығып кетті. 16 вагон аударылып, абырой болғанда адам шығыны орын алған жоқ, пойыз жолаушылары жеңіл желпі жарақаттармен құтылған. 5- мамыр күні Оңтүстік Қазақстан облысында Черноводск-Бадам аралығында жүріп бара жатқан жүк пойызының 29 вагоны рельстен шығып кетті. Ал 20 сәуірде Жамбыл облысындағы «Луговой-Құрағатты» бекетінің тұсында жүк пойызының 13 вагоны жолдан шығып кеткен болатын. Екі айдың ішінде бірнеше рет пойыз вагондарының жолдан шығып кетуі халықты алаңдатпай қоймады. Әдетте ең қауіпсіз саналатын салада пойыздардың рельстен шығып кету оқиғаларының жиілеуі неліктен?
Мамандар не дейді?
Ілияс ИСАЕВ, экономист:
– Пойыздардың рельстен шығып кету оқиғаларының жиілеуінің бірден бір себебі осы саладағы тәртіптің төмендеуінен деп білемін. Ол жерде диспетчердің де кінәсі болуы мүмкін, ескірген рельс, вагондардың дұрыс жөндеуден өтпеуі де себеп болуы мүмкін. Бірақ соның бәрін қадағалап отыратын көліктік бақылау инспекциясы, тиісті мекеме басшылары бар ғой. Ендеше сол қадағалаушы органдар жауапкершілікті қатаңдатуы керек. Рас кейбіреулер осы саланың басшылығына таласқан адамдардың қысастық әрекеті деген қаңқу сөз де айтылып жатыр. Бірақ сонша адамның тағдырымен ойнау мүмкін емес деп ойлаймын. Бұл салада қаржы жеткілікті. Жыл сайын жолақы құны да қымбаттап жатыр. Тек тиісті орындардың қадағалауын күшейтіп, халықтыі сұранысына сай қызмет ұсыну керек.
Мырзабек БЕКБЕРДІ, заңгер:
– Темір жол тасымалы халықтың сұранысына көбірек ие болатын сала. Әсіресе жер көлемі үлкен біздің еліміз үшін әзірге қолайлы тасымал құралы пойыз болып отыр. Сондықтан сұранысқа сай саладағы кемшіліктерді жоятын кез жетті. Сондай-ақ осыған дейін жылдамдығы жоғары Тальго пойызы рельстен шығып кеткенде еліміздегі рельстердің ондай жүрдек пойыздарға лайықты салынбағаны айтылған еді. Пойыз дұрыс жүрсін десек алдымен рельстерді талапқа сай етіп алуымыз керек қой. Одан бері тағы бірнеше рет жүк пойызы, жолаушылар пойызы жолдан шығып кетті. Мұның барлығы рельстердің ескілігінен деп білемін. Сондықтан заман сұранысына сай жүрдек пойыздарды көбейтіп, рельстерді кешенді түрде қайта салып шығу керек секілді. Жалпы жолаушылар тасымалы үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан осыған дейін орын алған төтенше оқиғалардан сабақ алып, себеп салдарын анықтап, соның негізінде нақты кемшіліктермен күресу керек секілді.
Дауренбек Урметов Сүлеймен Демірел атындағы университеттін студенті