Басқа тұқымдастарындай емес, пияздың кейде аспандап «ғарыштық» бағаға бір ақ секіріп, тосын мінез танытып тұратыны бар. 2007 жылы көктемде оңтүстік облыстарда пияздың бағасы 200 теңгеге шығып, талайларды «таңғалдырғаны» бар. Қыс бойы 25-30 теңгеге сатылып келген пияздың бірден қымбаттауы шынында да қызық көрінгені рас. Бұрын-соңды мұндай бағаға өскенін көрмегендіктен болар, сатушылар мұны қоймада өнімнің таусылып қалғандығымен, яғни «дефициттігімен» түсіндірді.
Сол тұста пияз қоспаса дәмі кірмейтін манты мен самса сатушылар қайтер екен деген сауал туындаған. Самсашылар саспады. Кәдімгі қырыққабатты майдалап тураса, пияздың орнын баспаса да, орнын алмастырушы ретінде пайдалануға болады екен. Сонымен күзгі пияз өнімі піскенше осылай амалдағандары бар. Пияз еккен диқан қауымы сол жылы пайдаға батып қалған болатын. Таңдай қақтырған бағаға қымбаттаған пияздан үміт күткендер келер жылы жаппай пияз егіп, өнімнің бағасының түсуіне септігін тигізді. Алайда келер маусымда пияз өсірушілер ұтылды. Бағасы 25-30 теңгеден асқан жоқ. Құрық салдырмай тұрған бүгінгідей қымбатшылық кезеңінде пияз тосын мінез танытпағанымен, бағасы қымбат. Оңтүстік облыстарда әзірге 85-100 теңгенің о жақ, бұ жағында ауытқып тұр.
Пияз жуа тұқымдастарының ішінде көп тараған түрі болып саналатыны белгілі. Негізгі отаны – Орта Азия мен Ауғанстан. Бүгінде пияз еліміздің барлық облыстарында өсіріледі. Оны өсірумен көбіне кәріс ағайындар айналысуда. Өсірген өнімдерін Ресейге асырып, пайда көретіндері бар. Бейнеті көп жұмыстың берері де кейде базардағы бағаға тәуелді. Оның жалпы аю, жабайы, жеңіс, қаратал деген түрлері бар. Аю пиязы біздің елімізде өсірілмейді. Ол көбіне Батыс Еуропада мол өнім береді. Ал жеңіс атты түрі Орал, Ақтөбе өңірлеріне бейім келеді. Сондай-ақ дәміне қарай ащы пияз, батун, шнитт, шалот деп те бөлінеді. Шнитт пиязының рязаньдық, сібірлік түрі бар. Ғалымдардың айтуынша, пияздың химиялық құрамында азоттық заттар, минералды тұздар, органикалық қышқылдар, глюкозидтер, С,В,А дәрумендері бар. Көзді ашытатын қасиеті – оның құрамындағы эфир майының көп болуынан. Сондай-ақ оның жуа түрі де көп өседі. Оның жүзге жуық түрі бар. Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Талдықорған облыстарындағы тау беткейлерінде көптеп кездеседі. Алтай тауында өсетін жуаның дәрілік қасиеті өте күшті. Жуаның құрамында 2-3 миллиграмм каротин, 60-70 пайыз С дәрумені, 10 миллиграмм аскорбин қышқылы бар. Ең бастысы, жуаның құрамында дәрумендермен қоса эфир майлары, аса залалды микробтарды өлтіретін фитоницидтер бар.
Жамбыл облысында агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері 2014-2015 жылдары ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 79,0-84,0 миллиард теңгеге жеткізуді мақсат етіп отыр. Облыс агроөнеркәсіпшілерінің «азық-түлік себеті» тізіміндегі 20-ға жуық әлеуметтік мәні зор тамақ өнімдерінің ішінен 12 түрі бойынша өңірді жеткілікті қамтамасыз ете алатын жағдайда. Соның ішінде пиязға басымдық беріліп, оны егу көлемін ұлғайту жоспары бар. Өткен жылы облыс бойынша 18,2 мың гектардан көкөніс өнімдері жиналып, жалпы түсімі 383,6 мың тоннаны құраған. Қордай ауданының «Алмаз» шаруа қожалығы пияз алқаптарының әр гектарынан 700-800 центнерден өнім жинады. Алдағы маусымда бұдан ірі түсімге қол жеткіземіз деп отыр. Диқандардың қолын байлайтын бір кедергі – сақтау қоймаларының аздығы. Тау боп үйілген өнімді келер жылға дейін кертіп жеткізу үшін ауқымды қоймалар қажет. Арнайы қоймалар болмаған жағдайда пияз көктемге дейін өніп кетіп, жарамсыз күйге түседі. «Сол үшін де тез арада осы мәселені шешу қажет» дейді диқандар.Өткен жылы «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының құрамында бірнеше сервистік дайындау орталықтары ашылған болатын. «Түркістан» сервистік дайындау орталығы өткен жылы ғана қоймасында бес мың тонна пияз сақтап шыққан. Ол қоймада 10 мың тонна көкөніс сақтауға мүмкіндік бар. Бұл қойманың сыйымдылығын 20 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарда бар. Егер ол жүзеге асса, Атырау, Маңғыстау, Орал, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының тұрғындарын қыста пиязбен қамтамасыз етуге мүмкіндік мол. Баға бағамының көтерілуіне байланысты биыл еліміз пияз өнімдерінің экспортын азайтуды көздеп отыр. Пияздың экспорттық бағасы былтыр бір тоннаға 170 долларға түсті. Ал бұрын тоннасына 225 доллар болатын. «Қазақ-астық» корпорациясы биыл пияздың екі түрі ғана экспортқа тоннасына 600 доллардан сатылады деп отыр.
Пияз-ақпарат
Шалот пиязы негізінен оңтүстікте өсіріледі. Оның атауы латындық болып келеді. Палестинадағы Аскалон қаласының құрметіне қойылған. XIII ғасырда шаруалар шалот пиязын Еуропаға әкелді. Екі ғасырдан соң ол – Францияда, одан кейін Англия мен Америкада өсіріле бастады. Ол ақсүйектердің асы болып саналады. Басқа пияздардан гөрі нәрлілеу, жұмсақ, иісі де жағымдылау келеді. АҚШ-та шалот пиязын күнге кептіріп, не болмаса тоңазытқышқа салып сақтайды. Оның құрамында дәрумендер көп. Мәселен, адам ағзасына қажетті – никель, кобальт, хром, ванадий, молибден, титан, кремний, германий бар. Оның энергетикалық қуаты 100 ккал-ға тең. Пияздың бұл түрі негізінен Украина, Кавказ бен біздің елімізде өсіріледі.
Пияз-ем
Пияздың құрамындағы фитонцидтер іріңді, микробтарды жояды. Иммунитетті күшейтеді. Баспамен ауырғанда гайморитте, мұрын бітелгенде пияздың фитонцидімен (иісімен) дем алады. Пияздың шырыны жөтелде қақырықтың бөлініп шығуына жәрдемдеседі. Пияздың шырынын ара балымен немесе қантпен араластырып ішсе, жөтелге, туберкулезге ем. Шырыны сүйелді кетіреді. Құрамында калийдің көптігі бүйректің тас ауруларына, құяңға, сарыбуынға, семіздікке шипалы, ол бауырдың қызметін де жақсартады. Мамандар пияздың құрамында В дәрумені мол болғандықтан, оның порей түрін балаларға, ой еңбегімен айналысатындарға көбірек пайдалануға кеңес береді. Көк пияздың құрамындағы калий жүрек бұлшық еттерінің жұмысын жақсартады.