Пайдалы өнім
Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы орталық алаңда І «Халықаралық күркетауық фестивалi» ұйымдастырылды. Шараға ҚР ауыл шаруашылығы министрiнiң орынбасары Гүлмира Исаева, ТМД елдерiнде күркетауық өсiрумен айналысатын iрi кәсiпорын басшылары, Израиль мен Канада, Ресей елдерiндегi iрi компания президенттерi мен ғылыми-зерттеу институттарының өкiлдерi қатысты.
Дайындау технологиясы Ресейден алынған Ордабасының құс еті өнімдері шымкенттік тұрғындар мен шетелдік мамандардың назарына ұсынылды. Мәселен, күркетауық етiнен дайындалған қазы да сатылымға шығарылыпты.
Мұрат ТАҒАЕВ, «Ордабасы құс» ЖШС-ның бас директоры:
– Шындығында, күркетауықтың еті дәмді, ерекше нәрлi заттарға толы, етте холестерин мен май аз мөлшердi құрайды. Күркетауық етi басқа жануарлардың етiмен салыстырғанда аллергия туғызбайтын жалғыз тағам болып табылады. Сондықтан да оны балалар мен қарт кiсiлердiң тағамы десек, қателеспеймiз. Әрі диеталық тағам ретiнде құс етiнiң, оның iшiнде күркетауық етiнiң ерекше бағаланатыны рас. Осы шараны өткізуіміздің басты мақсаты – халық арасында күркетауық етiнiң денсаулыққа пайдалы екенiн жеткiзу болатын.
Шара аясында «Қазақстан Республикасында күркетауық шаруашылығын дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел де өтті. Басқосуда «Ордабасы құс» ЖШС-ның бас директоры Мұрат Тағаев кәсiпорынның қазiргi күйi мен болашағы туралы ой бөлісті. Күркетауық кешенiн дамытудың алғашқы кезеңiнде, яғни биыл 5000 тоннадай ет өндiру көзделiп отырса, 2015 жылдың соңына қарай, екiншi кезеңде – 8000 тонна, 2017 жылдың соңында – 20 мың тонна, ал 2020 жылдың аяғында 30 мың тонна ет өндiру жоспарланып отыр екен.
Юрий МАРКОВ, Ресей ұлттық күркетауық өсiрушiлер қауымдастығының бас директоры:
– «Ордабасы құс» ЖШС-ның болашаққа белгiлеген жоспары өте сенімді. Осы бағытта кәсiпорын басшылары мен мемлекеттiң қолдауы жақсы үйлесiп отырғанын көруге болады.Осы тұрғыдан ресейлiк инвесторлардың Қазақстаннан үйренерi де аз емес.
Жиын барысында Қазақстан құс өсiрушiлер одағының президентi Руслан Шарипов елдегi күркетауық шаруашылығын дамыту жайлы баяндама жасады. Израильдегi МАД компаниясының президентi Ави Паюрский күркетауық етiн өндiру кезiндегi қауiпсiздiк, «Кадди Фармз Лимитед 2008» компаниясының вице-президентi Скотт Чэмберс күркетауықтың инкубациялық жұмыртқасын өндiру жайында айтты.