Отандық мұнай төңірегінде ойланар жайттар жеткілікті
«Шымкент мұнай өңдеу зауыты кеңейтілуі мүмкін» атты хабарға орай Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытының бірі, қазір Қытай Халық Республикасы инвесторлары және отандық АҚ ҰК «Қазмұнайгазбен» бірігіп басқаратын «ПетроКазахстанОйлПродактс» ЖШС айналасындағы туындаған мәселелерді оңды шешу жолдары туралы пікір жазып отырмыз.
Зауыт іске қосылған 1985 жылы «Шымкент мұнай өңдеу зауыты» деп аталған ірі өндіріс ошағы 2-3 жылдың ішінде облыстың ғана емес, КСРО-ның құрамындағы одақтас республикамыздың алдыңғы қатарлы кәсіпорындарының біріне айналған еді. Ресейдің Тюмень, Нижневартовск, Коғалым, Сургут аймақтарынан мұнайқұбырларымен іркіліссіз келіп жатқан шикізаттың арқасында зауыт толық (жылына 6,5 млн. тоннадан астам мұнай өңделді) қуатымен жұмыс істеп, 1988-1991 жылдары облыстық бюджеттің 40 пайызын толтырған, үлкен салық төлеушіге айналып та үлгерді. Жоспарлы экономикаға негізделген әкімшілік жүйе кезінде жобаланған бұл зауыт Қазақстанның оңтүстік аймақтарымен қатар Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстанды да мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге тиіс болатын. Алғашқы кезде солай болды да. Зауыттың негізгі өнімдерін мемлекеттік «Госкомнефтепродукты» мекемесі жоспарлы түрде бөліп, тұтынушыларға өткізіп отырды. Зауыттың мұнай өнімдері Орта Азия республикаларымен қатар алыс шетелдер: Швейцария, Швеция, Италия, Германия, Польша, Венгрия, Болгария, Чехословакия елдеріне дейін экспортқа шығарылып жатты.
Кеңес Одағы тараған 1991-1992 жылдары, шаруашылық байланыстардың үзілуіне байланысты зауыт шикізаттан тапшылық көріп, өндірістің тоқтап қалуы жиіледі. Зауыт ұжымы сол жылдары ашылған «Южнефтегаз» (Құмкөл мұнай кеніштері) мұнайы мен вагоно-цистерналармен келетін «Ақтөбемұнайгаз» және «Қаражанбасмұнайгаздың» парафинді, күкірттісутекті ауыр мұнайларын өңдей бастады. Батыс Сібірдің күкіртті сутегісі аз жеңіл мұнайын өңдеуге лайықталып жобаланған зауытқа алғашқыда қиыншылықтар туындағанымен, зауыттың білікті инженер-технологтарының арқасында бұл тығырықтан шығатын жолдар да табылды. Құрамы жағынан күрделі ауыр мұнайларды Өзбекстанның «Шортанды» және «Мубарак» мұнайлы конденсатты кеніштерінен импортталып әкелінген газ конденсатын осы шикізаттармен араластырып, өңдеудің арқасында туындаған мәселелер оңды шешімін тапты.
Осы жылдары Қазақстан өкіметінің арнайы қаулысымен мұнай өндіру кеніштерінің жоспардан артық шығарылған шикізаттарын зауыттарда өңдетуіне және өздеріне шикізатпен қатар мұнай өнімдерін ішкі және сыртқы нарыққа сатуға да рұқсат берілді. Бұл кезең мұнай құбырлары транспорты әлі толығымен батыс пен шығыс, солтүстік тарапқа қосылмаған қиын уақыттар болатын. Бұл дер кезінде қабылданған оңды шешім зауыттардың жұмыстарын тоқтатпай, стратегиялық өнімдермен ел экономикасын қамтамасыз етуге, туындаған әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға да септігін тигізді.
Елде жаппай жекешелендіру басталған кезде Шымкент мұнай өңдеу зауыты да 1997 жылы үкімет қаулысымен бар болғаны 60 млн. АҚШ долларына сатылып, жекелендіріліп кетті. Алғашқыда ағылшын Гибралтарында тіркелген ВИТОЛ деген компания егелік етіп, одан соң Қазақстанның «Казкоммерцбанкі» қожайын болып, зауыт «Шымкентнефтеоргсинтез» — ШНОС деп аталса, одан кейін 2000 жылы канадалық «Харрикейн Хайдрокарбонз» ЛТД. (ХХЛ) компаниясы сатып алып «ХОП» деген атқа еге болды. 2005 жылы Қытайдың мемлекеттік CNPC компаниясы, бұрын 120 млн. долларға жекеленіп кеткен (Құмкөл мұнай кеніштері) мұнай кеніштерімен қоса зауытты да канадалықтардан 4 млрд. 180 млн. АҚШ долларына сатып алды.
2008 жылдан зауыттың 50 пайыз акциясын отандық АҚ ҰК «Қазмұнайгаз» компаниясы сатып алып, қытайлық әріптестерімен бірге «ПетроКазахстанойлпродактс» — ПКОП-ты басқарып келеді. Қазір елімізде мұнайқұбыры транспорты дамып, Омбы – Павлодар – Шымкент — Атасу – Алашанькоу мұнай құбырына Атырау – Кеңқияқ – Құмкөл тармағы қосылып, тұтас құбырлар транспорты жүйесі пайда болды. Бұл өз кезегінде Павлодар мен Шымкент зауыттарының арасының мұнайлы батыс аймақтарымен жалғанып, мұнай өңдеу зауыттарын шикізатпен қамтамасыз етуін жеңілдетті.
Алайда, бүгінгі күндері Шымкент мұнай өңдеу зауыты (ПКОП ЖШС) бұрынғыдай мұнайшылардың шикізатын өңдеп, өнделген өнімді тұтынушыларға вагон цистерналарына тиеп беретін қызмет көрсету түрлерінен ары аса алмай отыр.
Оның себебі, неге екені бізге белгісіз, Қытай инвесторларымен өкіметіміздің арасындағы түзілген шарт бойынша зауыт мұнай шикізатын сатып алып өңдеп, шығарылған мұнай өнімдерін сата алмайды. Мұндай кереғарлық елімізді арзан мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуі былай тұрсын, бұрыннан зауыт өніміне тұрақты түрде сұраныс туғызып келген Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстанды басқа елдерден мұнай өнімдерін импорттауға мәжбүрлеп қана қоймай, енді бұл елдерді өздерінде мұнай өңдеу зауыттарын салуға да итермелеп отыр…
Біздің өкіметтегілер экономикасы күшті елдердің 1914–1918 жж. және 1939–1945 жж. осы нарық аймақтары үшін тауар өткізу бәсекелестік тартыстарының соңы екі рет ғаламдық соғысқа ұласып кеткенін білмейтін секілді. Бұл айдың-күннің аманында Қазақстан үшін географиялық жағынан өте тиімді де, қолайлы да болған нарық аймағын жоғалту түптің түбінде үлкен өкінішке әкеледі деген сөз!
Қазақстан өкіметі зауыттарға олардың о бастан атқаруға тиісті тікелей міндеттерін орындауға еркіндік беріп, Қазақстандық зауыттар толық қуатында жұмыс істесе, ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелдерге де экспортқа арзан мұнай шикізатынан гөрі, дайын өнім, яғни артылған қымбат мұнай өнімдерін (бензин, дизель отыны, авиакеросин) шығаруға тыйым салу қажеттілігі де жойылады.
Қазақстан қазір 80 млн. тоннадан астам мұнай мен газ конденсатын өндіріп, оны жыл өткен сайын арттырып келеді. Осы өндірілген шикізаттың 70 млн. тоннасын экспортқа шығарады.
Тағы бір аса маңызды ескеретін мәселе, бұл Қазақстанда өндірілген мұнай шикізатына экспорттық кедендік салық 2007 жылға дейін салынбай, су тегінге кетіп жатты. Осы жылдан бастап, алғашқыда 1 тонна мұнайға бар болғаны — 20 АҚШ доллары, 2011 жылдан 40 доллар, 2013 жылдың сәуір айынан бастап 60 доллар ғана кедендік салық алынып келеді. Оның өзін отандық мұнай өндірушілер ғана төлейді. Ал шетелдік алпауыттар иелігіндегі корпорациялар мен компаниялардан кедендік салық ұсталмайды. Оның орнына сылап-сыйпайтындай, шетелдіктер ренжіп қалмайтындай, басқа жеңіл салық түрлері мен басқа да жеңілдіктер қарастырылған?! Неге?
Ал ертелі-кеш, бір күні таусылатын стратегиялық жер асты қорлары мен байлықтары мемлекеттің өз иелігіндегі Ресейдің кедендік салығы мұнай шикізатының 1 тоннасына 400 АҚШ долларынан кем түскен жоқ! Олар КСРО тарағаннан бері ешқашанда мұнай шикізатын экспортқа кедендік салықсыз шығарған емес. Бүгінгі Ресей осы мұнайға салынған кедендік салықтарының арқасында өз қарыздарынан ғана емес, КСРО былай тұрсын, тіптен сонау баяғыда келмеске кеткен патшалық Ресей империясының да шетелдіктер алдындағы қарыздарынан құтылып қойды. Ал біздің Қазақстанның шетелдіктер алдындағы жалпы қарызы бүгіндері 147 млрд. АҚШ долларынан асып жығылды!
Қазақстанның өз халқының мүддесінен гөрі, шетелдіктердің қамын ойлайтын көңілшек өкіметтері ендігі жерде мұнай кеніштерінің теңіз порттарынан қашықтығы мен логистикалық және басқа да іс-шараларға кететін шығындарды есептей отырып, мұнай шикізатына салынуға тиісті кедендік салықты алаламай, шетелдікі ме, әлде отандық жақын туыс олигархтың меншігі ме, оған қарамай барлық экспортерларға бірдей, кедендік салықты — 300 АҚШ долларына көтерсе, мемлекет қазынасына кемі 21 млрд. АҚШ доллары түскен болар еді. Және де Қазақстан мүддесін, оның ішінде мемлектіміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мұнай өндіруші кеніштердің өндірген мұнай шикізатының белгілі бір бөлігін отандық зауыттарға қарай бағыттауға мемлекет арнайы квота бекітуді қайтадан қолға алуы керек! Бұл квота 3 зауытты толық қуатында жұмыс істету үшін 21 млн. тонна мұнайдан кем болмауы тиіс. Сонда ғана мұнай өнімдерінің бағасына ғана тікелей байланысты елдегі қымбатшылық пен инфляцияны ауыздықтауға болады. Оның үстіне, мұнайшыларға да арзан шикізат мұнай сатқанша, дайын әрі қымбат мұнай өнімдерін сатқан әлден есе тиімді болары анық. Сонда Қазақстан өкіметі үшін ең оңай жол саналған бензин мен басқа да сұйық жанармайларды экспортқа тыйым салу қаулыларының қажеттігі болмай қалады. Есесіне, ел қазынасына қажетті валюталар шеттен ішке қарай ағылады…
«Қазмұнайгаз» АҚ ҰК-ның қытай инвесторларымен бірігіп жасауға тиісті зауытты жаңа технологиямен жаңалап, жарақтандыру және екінші кезегін толық іске қосу жоспарлары орындалса, өндірісіміз нарықтық экономикада Орта Азия елдері арасында ғана емес, ғаламдық еңбек пен нарық аймағы бөлісінде де өздерінің лайықты орнын алады-ау деген үміттеміз…
Бұл өз кезегінде зауытта еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, зауыттың табатын жоғары табысы есебінен мемлекет қазынасына түсер салықтың бірнеше есе артып көбеюіне, зауыт еңбеккерлерінің жалақысын көтеріп, әлеуметтік мәселерлерін оңды шешуге де көмектескен болар еді. Және де бұл атқарылар іс-шаралар Қазақстанның валютаны шығындап, шетелдерден сатып алатын импорттық қымбат мұнай өнімдеріне деген сұранысын азайтып, қаржы – валютаның елде қалуына, мұнай өнімдерінің бағасын ішкі нарықта төмендетіп, инфляцияны тежеуге әрі сыртқы нарыққа мұнай өнімдерін шығарып, ел экономикасына қажетті валютаның сырттан ішке қарай ағылуына мүмкіндік береді. Әрі бұл іс-шаралар Президент Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік реттеу туралы заңына да, Жолдауына да толығымен жауап беріп, өкіметтің еліміздің экономикалық кеңістігінде еркін де, батыл әрекет жасауына да себін тигізер еді.
egemen.kz сайтынан алынған