Өркениетті сауда елдің іскерлік беделін көтереді
Тауар биржасы – бұл ең әуелі делдалсыз сауда жүргізу, әділ баға құрау, баға тәуекелін сақтандыру. Компьютерлік технологиялар заманында тауар биржасындағы электронды алаңның артықшылығы дау тудырмайды. Бүгінде саудаға қатысушылар да, тауар тізімі де белгілі бір интернет парағынан табылады. Әлбетте, сауданың бұл түрі сатушының да, сатып алушының да уақытын үнемдейді. Сонымен қатар биржалық тетіктердің көмегімен ашық бағаны қалыптастыру өркениетті сауда мен нарық индикаторларын құрап қоймай, шетелдік қатысушылар алдында елдің іскерлік беделін де көтеретіні анық.
Биржа көбейсін
2007 жылғы шілде айында Елбасының тапсырмасымен биржа нарығын дамытуға бағыт алынған еді. 2009 жылы «Тауар биржасы туралы» Заңға қол қойылды. Сол кезде ел бизнесінде «брокер», «дилер», «клиринг орталығы», «есеп айырысу орталығы» сияқты ұғымдар пайда болды. Сөйтіп, осы заңнаманың арқасында тәуекелді қамтамасыз ету жүйесі мен онлайн-режимде сауда жасау сияқты халықаралық стандарттарға сай сауда технологиясы мен ережесі қалыптасты.
Дәл осы заң еліміздегі тауар биржасындағы сауданың өркендеуіне түрткі болды. Алайда бұл саладағы мамандардың айтуынша, біздегі тауар биржасының дамуы – болашақтың еншісінде. Басқаны айтпағанда, ресейлік биржалардың деңгейіне жету үшін біршама уақыт қажет. Бірақ, ең бастысы, тауар биржасын дамыту үшін тауар да жеткілікті, саудаға қажетті алаң да бар.
Бүгінде ел аумағында 13 тауар биржасы жұмыс істейді (өткен жылы – алтау). Осылардың ішіндегі ең ірісі саналатын «Еуразиялық тауар жүйесі» (ЕТЖ) басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сергей Звягиннің айтуынша, биржаның көбеюіне белгілі бір өнім түрлерін тек биржа арқылы саудалауға міндеттейтін тауар тізімі әсер еткен көрінеді. «Тиісінше, осыны пайдаланып, тез арада көп пайда тапқысы келетіндер көбейеді, яғни бұл алаңдар нарықтың дамуына бас ауыртпайды, олар жағдайды пайдаланып қалуға ұмтылған ойыншылар», – дейді ол. Екінші жағынан, тауар биржасының көбеюіне нарықты реттеу тетіктерінің жоқтығы да ықпалын тигізген. Демек, қор биржасы секілді тауар биржасының да қызметін реттеу қажет. Дегенмен, маманның пікірінше, отандық биржалардың өркендеуі олардың технологиялық жағынан даму деңгейіне, бәсекеге қабілетті қызмет ұсынуына және өндірушіні қызықтыра алуына байланысты болмақ. Сондықтан олардың саны келешекте азаюы да ықтимал.
Еліміздің ауыл шаруашылығы мен шикізат саласындағы әлеуеті зор екені белгілі. Осы екі сала үшін нарықтың биржалық жүйесі тиімді екенін мамандар айтып жүр. Биржа механизмі баға демпингіне жол бермейді және жасалатын келісімдердің ашықтығына кепілдік береді. Бұл орайда жоғарыда аталған ЕТЖ тәжірибесіне тоқталуға болады.
Келісім кепілдігі
«Еуразия тауар жүйесі» (ЕТЖ) Тауар биржасы» АҚ 2008 жылы құрылған. Тұңғыш саудасын 2009 жылдың наурызында өткізді. ЕТЖ саудасына қатысушылар – өнімнің ақырғы тұтынушылары, отандық және халықаралық брокерлер. Биржа ішкі және сыртқы сауда саласындағы мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдіру, сауда операцияларының ашықтығын арттыру, сонымен бірге делдалдар тізбегін алып тастау арқылы ел ішінде ұйымдасқан көтерме нарықты дамыту мақсатында құрылған. Қазіргі кезде биржада споттық сауданың төрт секциясы жұмыс істейді: ауыл шаруашылық өнімдері, мұнай өнімдері, металл және өнеркәсіп тауарлары, арнайы тауарлар және жедел нарық секциясы.
Тауар биржасына жеке инвесторларды тарту мақсатында түрлі шаралар қолға алынған. Брокерлік компаниялардың оқу-жаттығу бағдарламасы шеңберінде алтын, күміс, мұнай, астық және мысқа қатысты бес жаңа жедел есеп айырысу келісімшарты айналымға түсті. Келісімшарттың дәл осы түріне инвесторлар ең әуелі қаржы брокерлері қызығушылық танытты. Брокерлер мен трейдерлердің мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында биржа инфрақұрылымы жетілдірілді. Мәселен, брокерлік компанияларда баға белгілеуді қолдау бойынша автоматты сауда жасауға мүмкіндік беретін Netinvestor және QUIK секілді заманауи ақпараттық сауданың интернет-трейдинг жүйелері орнатылды.
Валерий Звягин, ЕТЖ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
– Біз жаңа инструменттерді іске қостық. Жасырын биржалық аукцион өндірушінің өз тауарын неғұрлым тиімді бағамен сатуына жағдай жасайды. Ең бастысы, келісімді биржа қамтамасыз етеді. Мәселен, сатып алуға ниет білдіргендер қандай да бір көлемдегі қаржысын депозитке салады. Бұл тауар ақысын төлеу міндеттемесінің орындалуына кепілдік есебінде жүреді. Анонимді биржалық аукцион – сауданың жаңа режимдегі түрі, яғни арадағы делдал атаулыдан құтылып, өндірушіден тікелей сатып алушыға жетуге мүмкіндік береді. Жасырын сауданың нәтижесінде объективті баға құралады. Қазір цемент саудасы жөнінен бірінші аукцион өтті. Нәтижесінде тауар тұтынушыға жеткізілуде. Біз, нарыққа қатысушылар, оның жемісті өткеніне ризамыз. Сондықтан оны әрмен қарай дамытып, жетілдіре береміз.
Айта кеткен жөн, арнайы аукциондар бұған дейін де өткізілген. Онда стандартты емес биржалық тауарларды сатып алу жүзеге асырылды. Сондықтан ЕТЖ тарапынан мемлекеттік сатып алу шеңберінде стандартты емес тауар сатып алумен айналысатын компанияларды көптеп тартуға қадамдар жасалуда.
Сергей Овчаренко, ЕТЖ басқарма төрағасының орынбасары:
– Биржа бидайға қатысты стандартты келісімшартты іске қосу бойынша белсенді жұмыстарды атқаруды қолға алды. Бастапқы кезеңде бұл келісімдер экспорттық келісімдер болмақ. Биржа тапсырыстың орындалу кепілі ретінде қызмет етеді. Бұл қазақстандық өндірушілер үшін өткізу нарығын едәуір кеңейтіп, осы нарыққа шетелдік сатып алушылардың шығуына мүмкіндік беретін болады.
Еліміздегі биржа келісімдерінің жалпы көлемі:
2009 жыл – 55 млрд теңге
2010 жыл – 86,5 млрд теңге
Саудаға түскен спот-тауар көлемі:
2009 жыл – 94,5 млрд теңге
2010 жыл – 884 млрд теңге
Келісім саны:
2009 жыл – 1119
2010 жыл – 10 407
Тауар биржаларында жасалған келісімдер:
1. Өсімдік өнімдері, минералдық рудалар (руда, отын, мұнай өнімдері) – 99,2 пайыз.
2. Машина, құрал-жабдық және механизмдер – 0,1 пайыз
Дерек көзі: Статистика агенттігі