Біздің ғасырымызға дейінгі заманда Мысырда балаларға күн сайын бал беріліпті. Өйткені бал жеген баланың ақыл-ойы жүйрік, есте сақтау қабілеті жақсы болатынын сол кезде-ақ білген. Мұндай тәжірибені қазір елімізде Омарташылар ұлттық одағы Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп жүргізуде. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облысының және Алматы қаласының мектептерінде 1–4 сынып оқушыларына күн сайын бал беріледі. Бұл тәжірибе алдағы уақытта өзге облыстарда да жалғасын табары сөзсіз. Бірақ ол үшін ара шаруашылығын қарқынды дамыту қажет екені айқын.
Ендігі кезекте ауыл шаруашылығының басқа салалары сияқты ара шаруашылығын күшейтіп, мұндағы еңбек өнімділігін арттыру міндеті тұр. Ол үшін омарталарды ірілендіріп, еңбекті көп жұмсауды қажет ететін жұмыстарды механикаландыру, өнім шығымын арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін тозаңдандыру, ара өсірушілерді материалдық жағынан ынталандыру қажет.
Мойындаған жөн, бүгінде омарташылықпен айналысып, оны кәсіп етіп отырғандар кемде-кем. Ал, негізінде, омарташылық жай ғана кәсіп емес, онымен айналысқан адамды өзіне тартып, өмірлік ісіне айналдыратын қасиеті және бар. Өйткені бұл іс одақ, қоғам және отбасы мүшелерін бір іске жұмылдырады. Сондықтан да бұл шаруаның ақыры отбасылық бизнеске ұласып жатады.
Осыдан үш жыл бұрын Сергей Терещенконың бастамасымен құрылған Омарташылардың ұлттық одағы индустриялық даму бағдарламасын басшылыққа алып, белсенді жұмыс жүргізуде. Осы мерзім ішінде елімізде омарташылық кәсібін дамытуда, бал және бал өнімдерінің адам ағзасына пайдасын насихаттауда одақтың атқарған шаруасы ұшан-теңіз. Еске түсірсек, еліміз 1991 жылға дейін бал шығарудан Ресей, Украина және Белоруссиядан кейін төртінші орында тұратын. Сол кездері Жапония, Германия, Оңтүстік Корея және өзге де еуропалық мемлекеттерге 50 мың тонна бал экспорттайтын. Сондықтан Омарташылар одағының алдына қойған мақсаты – өткен жетістіктерге қайта оралу. Ол үшін негізгі төрт міндетті шешу керек.
Біріншіден, жоғары сапалы бал беретін ара өсіретін зауыттар мен омарталар құру. Бұл орайда қазір Шығыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстанда жұмыс қарқынды жүріп жатыр.
Екіншіден, бал өндірісі көлемін арттырып, алдағы кезеңде әр омарташы бір ұядан 50, 60, тіпті 100 келіге дейін бал жинайтын деңгейге көтеру.
Үшіншіден, өндірілген өнімді тұтынушыға жеткізу. Егер әрбір қазақстандық жылына екі келі бал жесе, онда бір жылға 30 мың тонна бал қажет болар еді.
Төртіншіден, маман мәселесін шешу. Омарташы кәсібіне студенттерді дайындауды қолға алу. Мәселен, Батыс Қазақстан облысының Саратов ауылындағы Саратов ауыл шаруашылығы колледжінде омарташы мамандығына оқытады. Әйтсе де омарташылыққа жоғары оқу орындарында дайындау жағы кенжелеп қалды.
«Бал-Ара» омарташылар ұлттық одағының басты мақсаты ел ішіндегі омарташылардың қызметін бірлесіп жүргізу, заманауи технологияларды енгізу бойынша отандық және шетелдік ғылыми мекемелермен бірлесіп әрекет ету. Тозаңдату тәсілімен ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін орта есеппен 25-30 пайызға арттыру. Ел бойынша бал арасының жанұясын 2 миллионға жеткізу. Алдағы 10 жыл ішінде бал өндіретін ірі 10 мемлекеттің қатарына ілігу.
Айта кеткен жөн, өткен жылы қол жеткізген ең басты жетістік – ұлттық одақтың Дүниежүзілік омарташылар қауымдастығы – Апимондияға мүше ретінде қабылдануы. Былтырғы қыркүйекте Аргентина астанасы Буэнос-Айресте Апимондияның 42-ші конгресі өтіп, оған біздің омарташылар да қатысты. Баяндама жасап, еліміздегі омарташылықтың дамуы жайында әңгімелеп, қол жеткен жетістіктерімен таныстырды. Біздің омарташылар бұл елден ара шаруашылығын дамытуға қажетті мағлұматтар алып, бал арасының ауруларына қарсы күрес тәсілдерімен танысты. Заманауи технологиямен бал шығару жолдарын көріп, тәжірибе жинақтады. Бұл бекер емес. Өйткені Аргентина әлем бойынша бал шығарудан алдына жан салмайтын мемлекет болып саналады.
Алматы қаласында орналасқан шағын несие беруші мекемелер арқылы омарташыларымызға омарта шаруашылығын өркендетуге, заманауи технологиялармен қамтамасыз етуге несиелер беріледі. Шығыс Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстандағы омарташылар соның арқасында шаруашылыққа қажетті көтеріп-түсіретін машиналар, ара ұясын алып жүретін құрылғыларға қол жеткізді. Жұмысты механикаландыру бал арасының ұясын 250-300 ұяға дейін көбейтуге мұрша берді. Қазір бір бал арасын көтеріп-түсіруге 40 секунд қана жұмсалады. Бал тартатын заманауи құрылғыларды пайдалану өнімнің өзіндік құнын 25-30 пайызға кемітті.
Омарташылардың ұлттық одағының көмегімен Германия, Дания, Украинадан әкелінген құюға және қаптауға арналған құрылғылардың көмегімен 2000 тонна бал арнайы ыдыстарда шығарылады.
Одақ төрағасының ұйымдастыруымен Израильге 29 омарташы барып келді. Үш апта Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Алматы облыстарының омарташылары бал арасын көбейту, ұясын қамтамасыз ету, апитерапия жайында мағлұмат алып, бал бөлетін өсімдіктер жүйесін жетілдіру жұмысымен танысты.
Алматы облысында бал беретін өсімдіктердің тұқымы себіліп, бал беретін ағаштар отырғызылды. Мұндай шаралар ары қарай да жүргізілсе, мұның ара шаруашылығы ғана емес, жалпы, қоршаған ортаға тигізер пайдасы да мол болмақ.
Омарташылардың ұлттық одағы құрылғалы бұқаралық ақпарат құралдарында ара шаруашылығынң дамуын және бал өнімдерінің адам денсаулығына пайдасы жайында мақалалар жарық көріп, үгіт-насихат жұмысы күшейгенін байқауға болады. Мәселен, одақ пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен «Қазақстанның бал беретін өсімдіктері» деген кітап жарық көрді. Оған елімізде өсетін 200-ден астам ағаш-бұта енгізілген. «Бал-Ара» омарташылардың ұлттық одағының сайты тұрақты жұмыс істейді. Бұл омарташыларға қолайлы, өйткені олар осы сайт (www.bal-ara.kz) арқылы бір-бірімен байланыс орнатуға мүмкіндік алды.
Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауында атап көрсетілген ауыл шаруашылығын дамытуға арналған міндеттері еліміздегі омарташылықты дамытуға да қатысты. Өйткені ара шаруашылығының экспорттық әлеуеті зор және инновациялар енгізуге де мүмкіндік бар. Сондықтан алдағы 10 жылда бал өндіретін ірі 10 мемлекеттің қатарына еніп, 2030 жылы әлем бойынша бал өндіретін елдердің ішінде көшбасшыға айналамыз деген сенім де жоқ емес.
Омарташылық та заманауи технологияны қажет етеді
Последние статьи автора