«Шу» деген сөзді естісек, бірден көз алдымызға ұшы-қиыры жоқ қарасоралы алқап, есірткі, наркотрафик, нашақорлар елестейді. Өйткені Шу өңірінде талайға сор болған, 138 мың гектар жерді алып жатқан қарасора алқабы бар. Соның салдарынан Қазақстан есірткі тасымалдайтын транзиттік ел ғана емес, оны өндіретін алып аймаққа да айналып отыр. Өкінішке қарай, жергілікті тұрғындар арасында есірткі пайдаланатындар да көп. Сондай-ақ қарасораны қара базарда сатып, пайда табамын деп қылмысқа ұрынып жататындар да жиі кезігеді. Алайда қарасораның сорын емес, «сөлін» алып пайдаға асыруға болады. Тек соны жүзеге асыру жағы әлі де жолға қойылмай, әзірге біз оның тек зардабын ғана көріп отырмыз.
Мамандардың пайымдауынша, Шу алқабындағы қарасора 145 мың тонна марихуана, 6 мың тонна гашиш өндіруге жетеді екен. Әрине, мұндай өнім қара базарға түссе, талай жанның басына қара бұлт үйірері сөзсіз. Ресми дерек бойынша, өткен жылы қазан айының 9-15-і аралығында өткен шара барысында республика бойынша есірткіге қатысты 210 қылмыс анықталған. Ал сол жылдың 10 айында Қазақстанда 20 тоннадан астам есірткі заты тәркіленіп, оған қатысты 7 мыңнан астам қылмыс тіркелген. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бойынша, Қазақстанда шамамен 250 мыңнан астам адам есірткі тұтынады екен.
Алайда қарасораның сорын ғана көре бермей, оны өңдеп, тұтыну тауарларын да шығарып, пайдаға жаратуға болады. Мысалы, қарасора фармацевтика саласында, автомобиль өндірісінде, жеңіл өнеркәсіпте де кеңінен пайдаға асырылуы мүмкін. Тіпті қарасорадан алынған мата төзімділік жағынан өзге материалдардан асып түсетін көрінеді. Сондықтан кей елдерде арнайы жұмыс киімдері мен джинсилерді қарасора өнімінен алынған матадан тігетін көрінеді.
Қарасораның пайдасы барын ескерген ел Үкіметі 2004 жылы Шу қаласынан есірткі шөптерінен тұтыну тауарларын шығаратын, құны 54 млн доллар болатын FESO Textile Қазақстан–Германия біріккен кәсіпорынын салуды қолға алған. Мамандардың болжамы бойынша, зауыт екі жылдан соң толық іске қосылады деп күтілген еді. Өндірістің басты бағыты қарасорадан мата, автомобиль өндірісіне қажетті материалдар дайындау болатын. Сонымен қатар зауытта болашақта техникалық талшықтар, құрылыс заттары, косметикалық өнімдер шығару да жоспарланды. Сондай-ақ кәсіпорын жұмысын бастаса, есірткіге қатысты қылмыс азаяды, мыңдаған жұмыс орны ашылып, зауыт ел экономикасына қызмет етеді деп күтілді. Алайда үміт ақталмады. Жеті өлшеп, бір кесетін немістер келісіп тұрғанмен, біздің мемлекеттік органдар тарапынан берілетін техникалық-өндірістік келісімдер мен рұқсат беретін құжаттардың дайын болмауына байланысты зауыт құрылысы белгісіз мерзімге шегерілді. Сөйтіп, зауыт оты жанбай жатып сөнді.
Жалпы, қарасораны зерттеген мамандар оның пайдасы көп екенін анықтаған.
Мысалы, ұлыбританиялық мамандардың айтуынша, қарасора құрамының 60-70 пайызы адам психологиясына әсер ететін заттарға жатпайды. Керісінше, оның құрамындағы марихуана экстрактілерін қатерлі ісік, эпилепсия мен шизофрения, семіздік пен қан қысымын емдеуде пайдалануға болады. Сондай-ақ олар марихуана негізінде крем шығаруды жоспарлап отырған көрінеді. Ағылшындықтардың пайымдауынша, адам ағзасынан бөлініп шығатын зат эндоканнабиноид марихуананың компоненттеріне өте ұқсас. Бұл тері ауруларының барлығын дерлік емдеуге болатын дәрі жасап шығаруға мүмкіндік береді екен.
Меруерт БИҒАЗИНА, экономика ғылымының кандидаты:
– Бүгінгі таңда бірқатар елдер дәрі-дәрмек өндіру арқасында қыруар пайдаға кенеліп отыр. Егер біз де есірткі шөптерін өңдеп, дәрі шығаратын зауыт салсақ, ол фармацевтика саласына да, ел экономикасына да мол пайда әкелері сөзсіз. Біздің елде шикізат ретінде қолданылатын есірткі шөптері жетіп-артылады. Бір ғана Шу өңірінде өсетін қарасора шикізат қоры бола алады. Оны өсіруге де шығын шықпайды. Оған қоса көптеген жұмыс орны ашылады.
Ал таяуда америкалық және испаниялық мамандар қарасорадан бөліп алынатын зат – тетрагидроканнабинолдың рак және қант диабеті ауруынан айықтыратынын анықтаған.
Демек, қарасораға деген сұраныс та, одан түсер пайда да мол. Тек есірткі шөптерін өңдеуді дұрыс жолға қойсақ болғаны.
Әйтсе де ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Біз де қол қусырып, қарап отырған жоқпыз. Бүгінгі таңда Шу қаласында құны 80 млн долларға бағаланған есірткі шөптерін өңдейтін зауыт құрылысының жобасы іске асырылып жатқан көрінеді. Тек бұл жобада да әттеген-ай дейтін тұстар бар. Нақтырақ айтқанда, қарасораны өңдеумен айналысқалы отырған Xeloria кәсіпорнына өңдеуге лицензия берілгенімен, есірткі шөптерін жинауға рұқсат берілмеген. Мекеме басшыларының айтуына қарағанда, жұмыс жоспары да, жұмыс істеуге деген құлшыныс та бар. Алайда жоба іске асқан күнде де есірткі шөптерін жинауға рұқсаттың болмауы кәсіпорын жұмысына қолбайлау болғалы тұр. Бұл, расымен де, түсініксіз жағдай. Егер рұқсаты болмаса, зауыт шикізатты қайдан алады? Жоқ, әлде қолында құзыреті барлар шикізат жинауды басқа бір мекемеге бермек пе екен? Ондай болған жағдайда зауыт шикізатпен қамтамасыз ететін екінші біреуге тәуелді болып қалмай ма? Ал ол өз кезегінде шикізат құнын асырып, зауыт жұмысына тұсау болмасына кім кепіл?! Ойланатын мәселе. Сондықтан да мәселе туындамас үшін зауытқа есірткі шөптерді жинау құқығын да беру керек шығар.
Үдемелі инновациялық-индустриялық дамудың 2014 жылдарға дейінгі белгіленген бағдарламасына сәйкес Қазақстандағы дәрі-дәрмек өндірісі басым бағыттағы салалық бағдарламаға енді. Қазіргі таңда фармацевтика бизнесінің әлем бойынша есірткі мен алкогольдық өнімдер бизнесінен кейінгі үшінші орында тұрғанын ескерсек, есірткі шөптерін өңдеуді жолға қою фармацевтика саласына серпін беріп, ел экономикасына сүбелі үлес қосары сөзсіз.
Керек дерек
Қазіргі таңда Голландияда ел экономикасына қызмет етіп жатқан, есірткі шөптерін өңдейтін екі зауыт бар көрінеді. Ол зауыттарда автокөлік өнеркәсібіне арналған талшықтар, қағаз, жіп, мата, май, тіпті шоколад өндіріледі екен.
Дерек
Шу алқабында қарасораның қай уақыттан бері өсіп жатқаны белгісіз. Баз бір дереккөздері «ХVIII ғасырдың аяғында Түркістан губернаторы генерал Колпаковский үнді сорасының ұрығын алдырып, құм көшін тоқтату үшін өсірткен екен» деседі. Ал өзінің нашалық сапасымен белгілі үнді сорасы жаңа ортаға бейімделіп, сапасы күшейе түскен. Сондықтан болар Шу алқабының қарасорасы қара базарда жоғары бағаланады.