Наноматериалдар өндіріске өң бере ала ма?
Халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша, «2020 жылға қарай жаппай кен орындарын іздестіру, барлау және игеру жұмыстарына салынатын инвестиция көлемі 40 пайызға кеми түспек». Мамандар бұған қатысты «алдағы 10-15 жыл аралығында адамзаттың іс-қимылына, қоршаған ортаға түбегейлі өзгерістер әкелетін ғылым жаңалықтары күнделікті тұрмысқа енетіндіктен, жағдайдың осылай қалыптасуы – заңдылық» деп отыр.
Жалпы, болжамдар бойынша, негізді ғылыми жаңалықтардың өмірге енуі мемлекетаралық саяси қарым-қатынасқа, әлемдік сауда айналымына, өндірістің дамуына үлкен әсерін тигізеді. Бұл жайында техника ғылымының докторы, профессор Тоқтамыс МЕНДЕБАЕВ:
– Ежелден болашақтағы өзгерістерді, оның бұлжымас заңдылықтарын өзгелерден бұрын сезінетін ғылым әлеміндегі көшбастаушылар – Америка, Батыс Еуропа ғана емес, бүгінде дамыған немесе даму жолындағы Азия, Африка мемлекеттерінің көпшілігі ғылымға бетбұрыс жасап, ішкі мүмкіншіліктеріне және қажеттіліктеріне сәйкес келетін бағдарламалар бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Мәселен, өткен жылы әйгілі Нобель сыйлығын графен атты бұрын жаратылыста кездеспеген затты зертханада алу тәсілін ойлап тапқан ағылшындық физик ғалымдар иеленді. Графен – мөлдір, екі өлшемді, жазық, қалыңдығы бір атоммен өлшенетін наноматериал. Айрықша қасиеті: аса жеңіл. Оның беріктігі болат құймаларынан 200 есе жоғары. Ал электр тогын өткізу мүмкіншіліктері шексіз дерлік, жасанды графиттің бір түрі. Ғалымдардың пікірінше, алдағы уақытта графеннің табиғатта кездеспеген жаңа қасиеттері ашылуы мүмкін. Күтіліп отырғандай, осы графен 2020 жылға қарай жаппай өндірісте қолданыла бастайды. Бүгінгі таңдағымен салыстыруға келмейтін қасиеттері арқылы графен ең бірінші кезекте жоғары технология салалары – ғарыш, әуе кемелері, машина жасау, электроника, байланыс жүйелерінен темір атаулыны түгелдей ығыстырып шығарады. Осыдан барып болат құймаларын, алюминий, мыс, түсті металдар шығаратын комбинаттар, оларды шикізатпен қамтамасыз етіп отырған кен орындары жұмыстарын доғарады, – дейді.
Сөйтіп, заман талабына сай ғылым жаңалықтарына құлағын түріп отыратын нарық өкілдері қоғамда бір ғана графеннің пайда болуына байланысты алдағы уақытта темір, кен орындарын іздестіру, барлау және игеру жұмыстарына қажетті инвестицияның көлемі төмендей бастайтынын ескертіп отыр. Ал мұндай графен іспетті наноматериалдардың көптеп таралуы экономикасы шикізат сатуға негізделген мемлекеттер үшін қауіп тудыруы мүмкін ғой. Бұл үрдіс кейбір елдердің өсуіне ықпалын тигізсе, тұрақты шикізат көзіне тәуелді біраз елді дағдарысқа ұшыратуы да ғажап емес. Бұл ретте экономист-сарапшы Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ:
– Бір ғана графеннің пайда болуы – жерасты қазба байлықтарын жартылай немесе түгелдей арзан шикізат ретінде сатуға негізделген елдер үшін, соның ішінде біздің мемлекетіміз үшін үлкен қоңырау. Осыған қатысты алдағы уақытта тау-кен, металл өндіру салаларында жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарын ерекше електен өткізу қажеттігі туындап отыр. Бұл ретте біз келешекте экономикасы тұрақты, бәсекелестік қабілеті жоғары, өндірісі қуатты мемлекетке айналдыратын ғылыми жобаларды жетілдіруге айрықша мән беруіміз қажет, – дейді.
Негізінен, мамандар нақ қазір біз қолға алып жатқан инновациялық жобалардың әлеуметтік мақсаты ішкі нарықты, отандық өндірісті қорғау болуы тиіс екенін баса айтып отыр. Бұл жөнінде отандық ғалымдар «бізде қазірде жұмыс көрсеткіштері шетелдік үлгілерден кем емес, бағасы олардан екі-үш есе арзан, тау-кен саласында қолданылатын құрал-саймандарды ішкі өндіріске енгізу мүмкіншілігі жоқ, сонда отандық бұйыммен ішкі нарыққа ене алмасақ, ертең оларды сыртқы саудаға қалай шығара аламыз» деп қынжылуда. Бұған қатысты мамандардың сөз саптасына жүгінсек, бізге мұндай әрекеттерді сөз еткенде нақ қазір АҚШ-тың әдіс-айласын ұстанған жөн тәрізді. Мысалы, Америкаға қантты өздерінде өндіргеннен сырттан сатып алу 2,5 есе арзанға түседі. Бірақ сарапшылардың байыптауынша, АҚШ билігі еш уақытта ондай шешімге бармайды. Себебі олай етсе, қант өндірісіндегі жұмыс орны бар 500 мың адам жұмыссыз қалады. «Міне, отандық өндірісті қорғаудағы нақты шешім, ішкі өнім қаншама қымбат болғанымен, ақша сыртқа кетпейді, осындай саясатты біздің де ұстануымызға тура келеді» деседі мамандар.
Сонымен, мамандардың ой-пайымынша, ғылымның қарыштап дамуы, соның ішінде нанотехнологияның өркендеуі өндіріске өң беруі тиіс. Наноматериалдарды өндіріске жаппай енгізу үрдісінің шикізат бұғауын бұзып, инновациялық экономикаға дендеп енуге мүмкіндік беретінін алға тартқан мамандар «болашақта осы салада өзіндік бет-бедерімізді көрсете алсақ, соған талпыныс жасасақ, бұл өндіріске өң беретін құбылыс болар еді» деп отыр.