Елімізде жеміс-жидек нарығына көп көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан субсидия бөлу артқалы бері алма мен жүзім бағын өсіруге ниет еткендер саны көбейіп келеді. Осыған орай бүгінде мол жеміс беретін көшет іздеп сабылып жүргендер жетерлік.
Көшетті көшеден сатып алу тиімді емес. Бұл – құмға су құйғандай іс. Сондай-ақ көшетті көбейтіп, оны егу ісінде де біршама кедергілер жетерлік. Шаруалардың басым бөлігі көшетті Өзбекстаннан тасиды. Ол алма ма, қарақат пен долананың көшеті ме, ешкім ажырата алмайды. Алма дегені алмұрт салып адасатындар баршылық. Оның үстіне көшет өндірісінде неше түрлі қулыққа баратындар да жетерлік. Мәселен, көшетті тамырымен ыстық суға батырып алу әдісін меңгергендер жетерлік. Оның мәнісі мынада, ыстық суға күйген тамыр сол күйі қондырғанда да өнеді. Бір-екі жыл жеміс салуы да мүмкін. Ал кейіннен көктей солып қалады. Бұдан кейін қайтадан көшет сатып алатыныңыз анық... Қолы жеткендер Пензадағы питомниктен алдырып жатыр. Ал қаржысы қолын байлап отырғандар, амал жоқ, жақын көрші елдерден тасымалдауға мәжбүр. Олардың басым бөлігінің құжаттары жоқ. Мұндай фитосанитариялық сертификаттары жоқ көшеттерге субсидия да төленбейді.
Диқандардың дені көшетті Жамбыл облысынан тапсырыспен алдыртады. Қазір көшет тапшы ғой. «Карлик» деп аталатын көшеттерді Меркідегі жеміс-жидек кеңшарынан сатып алады. Оның барлығының да сертификаттары бар, аттестациядан өткен, заңды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар субсидия бөлерде әр көшетті құжат бойынша тергеп, тексеріп барып қана қаржы бөлуге мақұлдайды. Ол үшін, әрине, қымбат та болса құжаты бар көшет алуға тура келеді.
Бүгінде еліміздегі жеміс ағаштарының 70 пайызын алма бақтары құрайды. Олардың басым бөлігі Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының таулы өңірлерінде орналасқан. Қазіргі таңда елімізде жеміс бақтары мен жүзімдіктер өсіруге нақты назар аударыла бастағаны да біраз іске ұйытқы болуда. Өткен жылы осы саланы өркендетуге 15,5 миллиард теңге бөлініп, соның арқасында 2,2 мың гектар жеміс бақтары отырғызылды. Сондай-ақ өткен жылдың соңына таман жеміс бақтарын отырғызу мен күту үшін қосымша тағы да 974,1 миллион теңге қарастырылды. Осындай келелі істің бастау алуына орай көшеттерді көбейту мәселесі туындап отыр. Оңтүстіктегі Сарыағаш ауданында «Жер сыйы» тұқымбағының көшеттері бүгінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Мұнда жылына неше түрлі жемістердің 600 мыңдай көшеті өсіріледі. Мұнда тек көшеттерді көбейтумен ғана емес, сондай-ақ оларды бір-бірімен будандастырып, сорты ерекше көшет алуға да көбірек көңіл бөлінеді. Көшетті инновациялық жаңалық арқылы будандастырып, бір данасының өзі 500 грамм тартатындай алма алып отыр. Мұндай алманың көшетіне де сұраныс деген көбейіп тұр. Мұндағы мамандар көшетті пайуандаудың неше түрлі әдісін біледі. Соны жұмысшыларға үйретіп, нәтижесінде ай сайын емес, апталап көшет басын көбейтіп жатыр. Негізінен, көшеттердің 80 пайызы жүзімге арналған.
Облыстағы көптеген кәсіпкерлер кәсібінің нәсібін жеуге көмек қолын созып отырған «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығының қолдауының арқасында тұқымбағы үлкен жетістікке жетіп отыр. Ашылғанына 10 жылдан асқан тұқымбақтың тұрақты тұтынушылары көп. Көршілес жатқан Жамбыл, Қызылорда облыстарының шаруалары, одан қалса, солтүстік облыстардан да келіп, аттай қалап алып кететіндер бар. Тұқымбағы 55 гектар аймақты алып жатыр. Мұнда бос жатқан жер жоқ, бәрі де тиімді пайдаланылуда. Тамшылатып суару әдісі бойынша жұмыс істейді. «Жер сыйы» ЖШС-нің тәжірибе жұмыстары республика асып, шетелдерге танылуда. Тек алма көшетінің 26 түрі өсіріледі, алдағы уақытта лимон, анар, құрма көшеттерін өндіру де ойда бар.
Танабай ШЫНТАСОВ, «Жер сыйы» ЖШС төрағасы:
– Көшет өндіру ісі оңай емес. Талай жерге барып, біраз тәжірибемен таныстым. Франциядан әкелінген алма көшеттерінен 200 мың данаға дейін көшет өндіріп шығаруға болады. Тапсырыс берушілер көп. Көршілес облыстардан бөлек, шетелдерден де сұраныс артып отыр. Алдағы уақытта көшет өндіру ісін тағы да ілгерілету, жұмыс орнын көбейту жоспарымызда бар. Жылдық орташа табысымыз 45-50 миллион теңгеге жуық. Жұмысшылардың барлығы да жергілікті тұрғындар. Экзотикалық жемістердің көшеттерін өндіру де жоспарымызда бар.
Мемлекет көшет өсіруді ынталандыруда
Последние статьи автора