Мақта өндірісі маталып тұр
Соңғы он екі айда әлемдік тұрғыда 2,5 есеге қымбаттаған ақ алтын бағасы биылғы жылдың соңына қарай тағы да 40 пайызға өсім беруі мүмкін. Бүгінде халықаралық сарапшылар мақта шаруашылығына қатысты осындай болжамдар таратып отыр.
Сөз жоқ, бұл үрдістің жеңіл өнеркәсіп саласындағы өнім бағасының айтарлықтай қымбаттауына ықпал ететіні әуелден-ақ белгілі... Осыны ескерген «есі бар ел» бүгінде мақта шаруашылығының тасын өрге домалатуға тырысып бағуда. Қайсыбір елдер жеңіл өнеркәсіп саласындағы ішкі қажеттіліктерін қысылып-қымтырылмай өтеу үшін мақта өндірісін өркендетіп, бәсекеге қабілетті арнайы кәсіпорындар құру қажеттілігін де ұғынып үлгерді. Ал біздің бұл тұрғыда атқарып отырған істеріміз көңіл көншіте ме? Мақта саласын дамытудағы қарым-қабілетіміз қандай?
Рекордтан тығырыққа әкелген не?
Сөйтіп, әлемде мақта бағасы 2,5 есеге қымбаттап жатқан тұста, керісінше, біздегі мақта егістіктерінің ауқымы 2,5 есеге азайып отыр. Мамандар бұл ретте «егістіктеріміздің ауқымын азайтып жатқанымыз дұрыс емес. Негізінен, мұндай сәтте мақта егістіктерінің көлемін ұлғайтып, мақта-мата зауыттарына мемлекеттік қолдау көрсеткеніміз жөн» екенін алға тартады. Бұған қатысты экономист-сарапшы Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ:
– 1998 жылдары біздің елімізде 21 мақта зауыты болды. Осы зауыттар сол кездері мақта шаруашылығымен айналысатын шаруаларға арнайы көмек ретінде шит, тұқым, тыңайтқыштармен қоса, белгілі бір мөлшерде қаржы да беріп тұрды. Бұл үрдіс шаруалар үшін де, зауыт үшін де тиімді еді. Ал қазірде біз мұндай істермен айналысуды банктерге беріп қойдық. Ал банк пен шаруаның «тіл табыса алмай» жүргені бүгінде баршаға аян. Банктердегі құжатбастылық мәселесі, қаржы алудағы проблемалар шаруалар мен зауыттарды титықтатып жіберді. Қаржы беруде шаруаны несиеге байлап-матау, зауыттар мен банктердің арасындағы келіспеушілік; қарыздардың уақытылы өтелмеуі тәрізді істер ақыры зауыттарды тығырыққа әкелді. Осыдан барып елдегі зауыттар жабылып, қазірде заманында рекордтық деңгейде өнім алуға жеткен мақта шаруашылығы қайта тұралап сала берді, – деді.
Жалпы, маманның пайымдауынша, мақта шаруашылығын тұралатып тұрған жайт бір бұл ғана емес. Пайымдасақ, біздегі «Мақта саласын дамыту туралы» Заңның да толып жатқан олқы тұстары бар екен.
Мақтаны бұғаулаған заң...
Негізінен, «Мақта саласын дамыту» туралы Заң қабылданғанда осы саланың басы-қасында жүргендердің дені аталмыш құжатқа үмітті көзбен қараған-ды. Әйтсе де мамандар: «Бұл құжат шаруалардың жұмысына кедергі келтіріп отыр», – деседі. Бұл ретте экономист-ғалым Үсен АМАНБАЕВ:
– «Мақта туралы» Заң қабылданғанда, егіс көлемі артудың орнына кеміп кетті. Оның орнына тұрғындар көкөніс, қауын-қарбыз, күріш егетін болды.
Кезінде заңды қабылдамай тұрғандағы табиғи жолмен қалыптасып келе жатқан үрдіс әлдеқайда тиімді еді. Мәселен, қаржы тапшылығы кезінде мақта зауыттары шаруаға несие, арзандау бағамен, жанар-жағармай да, техника да бере алатын. Күзгі терімнен кейін диқандар өнім есебімен есеп айырысатын. Қаржы мәселесі, әрине, банк ұсынған бағадан төмен емес, бірақ алу жолы жеңілдеу болатын. «Мақта саласын дамыту туралы» Заң қабылданды да, өздігінен дамып келе жатқан табиғи үрдіс күрт үзілді. Сөйтіп, егіс көлемі кеміді. Ал мақта егу үшін оның әр гектарына кететін шығын 1,5 мың доллар көлемінде екенін ескерсек, әлі қорланып үлгермеген диқандар үшін егіс көлемін азайту оңай нәрсе емес. Бұл тығырықтан шығу үшін мақтаға қатысты заңдағы осындай олқылықтарға осындай өзгертулер мен толықтырулар енгізген абзал. Заңға мақта егістігінің көлемін ұлғайту қажеттілігі туралы бап енгізген жөн, – деді.
Шетелдік шиттің әуресі көп...
Бұл салаға қатысты тағы бір сөз етерлігі, нақ қазір халықаралық талапқа сәйкес, мақта өндірісінде шетелдік шиттерді де өсіріп-өндіруге бейіл танытқанымыз абзал. Себебі қазірде бірқатар елдер жеңіл өнеркәсіп саласында өзіндік брендін аспандату үшін түрлі-түсті мақталар өсіруге асқан ықыласты. Білуімізше, біз «ақ алтын» деп әспеттеп жүрген мақтаның қызыл, сары, жасыл, қоңыр түрлері де бар көрінеді. Қынжыларлығы, отандық диқандарға мақтаның осы түрінің шитіне қол жеткізу – қиын шаруа. Мамандар бұған қатысты «алдағы мақсат – мақта өңдейтін зауыттарды мемлекеттік тұрғыда қамтамасыз етіп, елге халықаралық талапқа сай шиттердің ене бастауына жол ашу керек, бұл ретте шаруаларға арнайы субсидиялар бөлінуі қажет» дейді...
Негізінде, мамандардың дені тек мақта шаруашылығына қатысты ғана емес, жалпы ауыл шаруашылығына қатысты субсидиялау жүйесін өзгерту қажеттігін сөз еткелі біраз болды. Шамасы, мамандар тарапынан айтылып жүрген бұл ұсыныстар құзырлы тараптың құлағына жеткен болуы керек. Кеше өзінің Twitter-дегі жеке блогында еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков: «Аграрлық саланы субсидиялау жүйесін өзгерту керек», – деп жазды.
Министрдің мәлім еткеніндей, болашақта субсидияны АШТӨ-нің ең негізгі үш мәселесін шешу үшін бағыттау керек, олар: 1) айналымдағы қаражат бойынша несиелердің қолжетімділігі; 2) ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу лизингтік бағдарламаларын арзандату; 3) интервенциялық сатып алулар арқылы ауыл шаруашылығында тауар нарығын тұрақтандыру. Министрдің блогындағы аталмыш жазбаға ауыл шаруашылығы саласында жүрген біраз қауымның іші жылып, үміттерін үкілеп-ақ отыр.
Дерек пен дәйек
Жалпы деректерге жүгінсек, республикамызда бидай 20 млн гектардай жерге егілсе, мақта небәрі 170 мыңдай гектарға отырғызылады. Айырмашылық 100 есе десек те, табысына келсек, екеуі шамалас. Мысалы, еліміздегі мақта зауыттары «ақ алтынның» тоннасын 45 мың теңгеден сатып алып, экспортқа 1 мың 300 доллардан жіберіп, үш есе пайда тауып жатыр. Өкініштісі сол, 90-жылдары елімізде 21 мақта зауыты болса, қазірде олардың 13-і жабылып, тек сегізі ғана қалған. Кезінде сол жылдары елде 160 мың тонна шитті мақта жиналса, бертін келе, 2008 жылы 222 мың гектарға шит себіліп, 466 мың тонна «ақ алтын» жинап, рекордтық деңгейге қол жеткізген тұсымыз да болды. Ал қазірде «табысы мардымсыз» деген желеумен мақта егістігінің көлемін 2,5 есеге азайтып алдық. Тіпті бұл ретте мамандар: «Келешекте 170 мың гектарлық мақта егістігінің көлемі 90 мың гектардың айналасында қалу қаупі бар», – деседі.