«Мал басы өспей тұр» деп ауызды құр шөппен сүртпейік. Дегенмен төрт түлік төскейге толған сайын мал маманы азайып бара жатқаны тағы да шындық. Өткен ғасырдың 90-жылдары ауыл шаруашылығына төнген тоқырау тағы жалғасуда. Рас, бір қарағанда, мамандардан қатты тапшылық көріп отырған Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарымен салыстырғанда, біздің облыстың мал маманынан мұқтаждық көретін реті жоқ. Құдайға шүкір, Оралда мал дәрігерлерін дайындайтын жоғары және орта арнаулы оқу орындары баршылық. Алайда сол оқу орындарын бітірген жас мамандардың барлығы бірдей аттың басын ауылға бұра бермейді.
Әдетте «оқу орындары түлектердің 80%-ы жұмысқа тұрды» деп жалғанға жар салғанымен, оның ішінде базарда арба сүйреп жүргені де, таксисі де, техстансы да, көлік жөндейтіні де, базарда сауда жасап жүргені де бар екені жасырын емес. Әсілі, мемлекет түлекті ауыл шаруашылығы саласына қажетті деген мамандыққа оқытуға гранттық қаржы бөлген соң, жас мамандарды оқып-тоқыған мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына бағыттау қажеттігі сезіледі.
Ветеринар мамандығы қыздарға қол емес...
«Адам дәрігері боламын» деп оқуға тапсырып, балы жетпеген өңірдегі түлектердің 80 пайызы аттың басын ветеринария факультетіне бұрады. Мұны Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың мысалынан байқауға болады. Ветеринар-дәрігер мамандығы бойынша 2011 жылы 55 студент бітірсе, оның – 14-і ұл, 41-і қыз бала, біреуі – ақылы, 54-і грантпен оқыған. Өткен жылы да 55 студент бітірген. Солардың – 21-і ұл, 34-і қыз, барлығы да гранттық негізде білім алған. Бұрындары ветеринарлыққа оқитын бір топтағы 20-22 адамның бір-екеуі ғана қыз бала болатын. «Мұның өзі – түйінді мәселе. Ветеринар-дәрігер ауылға барып, малмен жұмыс істеп, оның қанын алып, қажетті ем-шараларын жүргізеді. Ондай шаруа тек білімді емес, дене күшін де қажет етеді», – дейді мамандар.
БҚАТУ-дың ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің деканы Қайсар Көшәлиевтің айтуынша, 2009, 2010, 2011 жылдары оқу бітірген түлектердің сәйкесінше, 20, 30,35 пайызы ғана ауылдарға жұмысқа барған. Бұл – өте төмен көрсеткіш.
Жалпы, оқу орындарының басындағы жағдай ұқсас: жеке шаруашылықтар түлектерді тәжірибесіз деп жұмысқа алмайды. Студенттер бұрындары өндірістік тәжірибенің жылжымалы кестесі бойынша көктемде, күзде ғана шаруашылықтарға баратын. Енді олар 4-курстан бастап тәжірибе жинақтау үшін сұраныс болып жатса, жылдың қай мезгілі болса да, тәжірибеден өтуге жолданады. Университетте теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру мақсатына ветеринарлық клиника, ғылыми-зерттеу орталығы қызмет етеді. Ғылыми орталықта малдың ДНК-сына дейін анықтайтын және өзге де заманауи қымбат жабдықтар бар. Жылда мал мамандарын даярлауға БҚАТУ-ға грант жақсы бөлінуде. Білім сапасы жоғары оқу орнына Алматы, Семей қалаларынан студенттер ауысып келуде. Факультетте 18 ғылым докторы, 47 ғылым кандидаты еңбек етеді.
Қайсар КӨШӘЛИЕВ, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің деканы:
– Өткен жылдан бастап «Дипломмен ауылға» бағдарламасына ауылға қажетті ветеринар-дәрігер, ветеринариялық-санитар мамандықтары енді. Бағдарлама бойынша қолдау шаралары қарастырылған: 70 АЕК көлемінде бір реттік көтермеақы (121 мың 170 теңге шамасында), тұрғын үй алуға 1500 АЕК көлемінде 15 жылға 0,01 пайызбен несие беріліп, мал маманының еңбекақысы 25 пайызға жоғарылатылады. Биылғы түлектеріміздің 70 пайызы ауылға қайтады. Аудан әкімдіктерінің жолдамасымен оқыған 11 түлек өз аудандарына жұмысқа барады.
Барлығы грантпен оқуда
Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінде бұдан 4-5 жыл бұрын жылына 45-50 мал маманын даярлайтын. Колледж директоры Серік Мұхамбеталиевтің айтуынша, өткен жылы ауылдық окургтерден мал маманына сұраныс көп болыпты. Оқу бітірген 25 түлектің барлығы да жұмысқа орналасқан. Биыл дуальдық жүйе бойынша мал дәрігерлерін даярлау жөнінде колледж бен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арасында келісімшарт жасалған. Осыған орай мемлекеттік стандарт бойынша оқытудың 70%-ы (малдан қан алу, сарып ауруына т.б. қарсы егу жұмыстары) тәжірибе түрінде, қалған 30%-ы колледж базасында өткізіледі. Колледж түлектері жерде қалып жатқан жоқ, көпшілігі ауылдық округтердің әкімдіктерінде мал маманы болып еңбек етуде. Мал өсіретін шаруашылықтар мал маманын қажетсінбейді, сол себепті сұраныс та әсте түспейтін көрінеді. Биыл түлегелі отырған – 25 студенттің тең жартысы қыз бала, олардың бәрі ауылдарға жұмысқа барады деу қиын.
Сүйсінетін жайт, колледжге ауыл шаруашылығы мамандықтарына оқытуға мемлекеттік грант көп бөлінуде және болашақ мал мамандарының барлығы грант есебінен оқып жүр. Әттеген-айы, оқу орнының малдәрігерлік клиникасы жоқ. Сол себепті студенттер практикалық сабақтарын өткізуге өзге жерлерге баруға мәжбүр. Колледжде ауыл шаруашылығы мамандықтарына 100 пайыз ауыл балалары оқиды. Жатақхана жоқтығынан олар пәтер жағалауға мәжбүр. Мәселенің маңыздылығы ескеріліп, 2015 жылы 300 орындық жатақхана салынбақ. Биыл 3,5 млн теңгеге болашақ мал мамандарын оқытуға қажетті құрал-жабдықтар алынған.
Ветстансыларға 26 маман қажет
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің бастығы Қазбек Ташимовтың айтуынша, 2010 жылы облыстың барлық ауданында ветеринарлық бөлімдер ашылған. Өткен жылы «Ветеринария туралы» Заңдағы өзгерістерге орай, облыс аудандарында және Орал қаласында ветеринарлық стансылар құрылды. Бұрын малды көктемгі және күзгі егу жұмыстары атқарушы тендермен анықталса, енді сол жұмыстарды жергілікті ветстансылар орындайды. Былтыр 13 ветстансыға бұрыннан лицензия бойынша жұмыс істеп келе жатқаны және оқу орнын жаңадан бітіргені бар 423 маман жұмысқа қабылданған. 2011-2012 жылдары 33 түлек ауылдық жерге, инспекцияларға, зертханаларға, округтік әкімдіктерге жұмысқа тұрды. Дегенмен бұл – әлі жеткіліксіз. Басқарма берген дерекке сүйенсек, ауылдық округтердегі ветеринарлық стансыларға әлі де 26 маман қажет.
Қазбек ТАШИМОВ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ветеринария бөлімінің бастығы:
– Жастар жалақының аздығын алға тартып, ауылға барғысы келмейді. Мал мамандарының жалақысы – 50 мың теңгенің айналасында. Әр ауданда жалақы деңгейі әртүрлі. Негізі, мамандардың сапасын жақсарту үшін өндірістегі мамандардың білім-білігін көтеріп отыратын оқу курстары керек. Алдағы уақытта осындай оқыту курстарын ұйымдастыруды қолға аламыз.
Мал дәрігері жоқ ауыл астан ауру табары анық
Последние статьи автора