Күріш қымбаттап, шекілдеуік майы арзандады
Жыл басынан бері елімізде күріштің бағасы 7 пайызға өсті. Бұл туралы «Қазагромаркетинг» АҚ жариялаған негізгі тамақ өнімдерінің бағасы жөніндегі талдамасында айтылады.
«Қазагромаркетинг» сарапшыларының пайымдауынша, аталған құбылыс Ресей және Қытай секілді импорт тасымалдаушылардың бағаны көтеріп жіберуімен байланысты көрінеді. Сонымен, жыл басымен салыстырғанда қазір күріш Алматыда 9, Таразда 7 пайызға қымбаттаған. Еліміздің өзге өңірлерінде күріштің бағасы шамалы төмен.
Ал шекілдеуік майының бағасы, керісінше, жыл бойында 44 пайызға төмендеген. «Шілде айындағы шекілдеуік майының бағасы жыл басындағысымен салыстырғанда 44 пайызға арзан» делінеді «Қазагромаркетинг» АҚ жариялаған құжатта.
Мысалы, 2008 жылдың шілде айында бір литр сұйық майдың орташа құны 347 теңге болса, ол биылғы жылы 198 теңгеге дейін арзандады. Салыстырмалы түрде шекілдеуік майы Алматы, Астана қалаларында және Батыс Қазақстан облысында қымбат, ал еліміздің оңтүстік өңірлерінде арзан тұрады.