Күнбағыс дақылы көзден таса қала бере ме?
Ұлан-ғайыр даламызда азық-түлікке жарайтын дақылдың барлық түрі дерлік өседі. Біздің қазақ жерінің құнары жоғары дей аламыз. Әрине, әрбір дақылды өсірумен шектелмей, одан өнім өндіруге де мән беруіміз қажет екені көзге көрініп тұр. Оны бүгінгі күннің басты проблемасының бірі деуге негіз бар. Қазіргі таңда елімізде өнім өндіру мәселесіне ерекше екпін жасалып отыр. Әйтсе де, әлі күнге дейін жолға қойылмағаны да жоқ емес. Солардың бірі – күнбағыс дақылы. Күнбағыс еліміздің барлық аймағында өсіріледі. Жергілікті шаруалар қолдан келгенше одан өнім алуға жұмылып жатыр. Күнделікті тіршілікте өсімдік майының алатын орны бар. Ақ дастарханға қойылатын ас-ауқаттың көпшілігін дайындауға сол май түрі кәдеге жаратылады. Бұл өнімнің қанша пайызы өзімізде өндіріледі? Дүкенге бара қалсаңыз, өзіміз өндірген өсімдік майымен қатар шекара асып келген тауарларды да көзің шалады. Егер біз өзімізді өзіміз толық қамти алсақ, өзгенің өніміне неліктен мұқтаж болып отырмыз? Сол көрініске көз жібере отырып, біздің әлі де қолға алатын жұмысымыз бар екенін бағамдау қиын емес.
Қазақстанда күнбағыс дақылы 700 мың гектардан астам алқапқа егіледі екен. Оны негізінен еліміздің солтүстік аймақтарындағы диқандар негізгі кәсіптің көзі санайды. Аталған алқапта өндірілген дақыл өнімінен қаншалықты өнім алып келеміз? Қолдағы дерек көздеріне сүйенсек, жылына майлық күнбағыстан 54 мың тонна шамасында өнім жиналатын көрінеді. Ал одан алған өнім мөлшері қандай? Оған нақты жауап айту қиын тиеді. Оңтүстік өңірлерде күнбағыстың дәні шемішке түрінде базарларда сатылып жатады. Әрине, оны өнім өндіру түріне жатқызуға болмайды әсте. Диқандар шемішкені қарапайым жолмен-ақ ала алады. Оның ең басты қасиеті – майлылығы. Дүниежүзінде майлы дақылдар көптеп өндіріледі. Алайда олардың арасында майлылығы жөнінен ешқайсысы да күнбағыспен пара-пар емес. Әлемнің бірқатар елдерінде кеңінен бағаланатын рапстың өзі күнбағысқа «төрден орын» береді. Біздің елімізде Алматы, Ақтөбе және бірқатар өңірлерде күнбағыс майын шығаруға мән берілген. Таяуда осындай өңірлердің қатарына Сыр өңірі де қосылуы мүмкін. Қызылорда күнбағыстан май шығаратын өндіріс орны тұсауын кескелі отыр. Алайда олар шикізатты қайдан алады? Себебі, облыста күнбағыс көлемі онша көп емес. Дария бойында бар-жоғы 300 гектар шамасында ғана аталмыш дақыл өсіруге көңіл бөлінген.
Орайын келтірсең, күнбағыс табыстың көзі емес пе? Дегенмен бізде оған өз деңгейінде мән беріле бермейді. Мәселен, Сыр бойында ұзақ жылдан бері оның көлемі артқан жоқ. Облыс шөлейтті аймақта қоныс тепкенімен, бұл өңірде дақылдың көптеген түрлерін өсіруге әбден болады. Қысқасы, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға назар аударуымыз қажет екені көрініп тұр.
Күнбағыстың пайдалы жағы тек осымен шектелмейді. Одан май алынғаннан кейін басқа да дүниелерді өндіруге мүмкіндік бар. Майдан кейін күнбағыста күнжара қалса, оны төрт түлік түрлері жейді. Онда ақуыздық зат – 38, көмірсу – 22 пайызға жуық. Ал сабағын турап доңыз мақұлығына береді екен. Себеті де құр босқа далада қалмайды, оны әбден ұнтақ етіп, малдың азығы ретінде беруге болады. Тіпті, еліміздің бірқатар өңірлерінде күнбағыстың кейбір түрлерін малға қажетті сүрлем есебінде егетіндер де бар. Оны көп жағдайда бұршақ тұқымдас өсімдіктерге аралас егеді. Содан кейін дақыл піспей тұрып, орақ түсіреді. Бұл да малдың жақсы азығының бірі. Оның құрамында 1,4 келі сіңімді протеин және өзге де азық өлшемдері кездеседі. Сондай-ақ, көктей орақ түскен күнбағыстың әр гектарынан 400-500 центнер шамасында балауса азық дайындалады. Аталмыш дақылдың өмірімізде қажетті тұстары да көп. Атап айтқанда, сары желегі денсаулық сақтау саласында пайдаланылады. Күлін де кәдеге жарата аласың, онда 40 пайызға жуық калий тотығы кездеседі.
Күнбағыс біздің елімізде кеңінен тараған. Өкініштісі, оның қасиетін әлі де толық тани алған жоқпыз. Болмаса, еліміздің кейбір өңірлерінде еккен егісінен алынған аз-маз өніміне алданып жүрген диқандар баршылық. Онша күй талғай бермейтін күнбағыс бағалай білсең, қаншама табыстың көзі екенін аңғару қиынға соға қоймас.
Қазақ даласында өскен дақылдың көбі өңделе бермейді. Қаншама шикізат дала қосында қалып қойып жатады. Күннің көзін сүйіп өсетін күнбағысқа байланысты да сондай олқылық орын алып отыр. Бізде аграрлық өнеркәсіп табыссыз сала деп қарайтын адамдар жоқ емес. Әрине, жайқала өскен әрбір дақылды өңдемейтін болсақ, елдегілер қашан еңсе тіктемек?
Қазір алыс-жақын шетелден өнім толассыз келуде. Солардың барлығы дерлік өзімізде егіледі. Ақсап жатқан тұсымыз олардың өңдеу мәселесі екені белгілі. Келешекте дүниежүзілік сауда ұйымына енсек, сырттан келетін тауарларға қалай тосқауыл қоя аламыз? Ауылдағы ағайынға қазіргі күні қолдау білдерсек, күні ертең одан мол пайда кіргіземіз емес пе?
Алаш айнасының анықтама.
Күнбағыс – күрделі гүлділер тұқымдасына жатады. Ол бір жылдық өсімдік өсімдік. Түпкі отаны Солтүстік Америка саналады. Ежелгі кезеңде аталмыш құрлықта өмір сүрген инктер күнбағысты жоғары бағалаған. Мистикалық символы ретінде қараған. Үндістер сол кездің өзінде күнбағысты өздерінің қажетіне жарата білген екен. Жапырағын жануарларға азық есебінде берсе, гүл жапырағын қайнатып, түрлі өнім алған. Тері мен киімді боятын қажетті зат та күнбағыстан өндірілген. Дәндерін тамақ етсе, май өндіруге де мән берген. Америка құрлығына алғаш барған еуропалықтар оны өздеріне алып келген. 1716 жылы оның дәндерінен май алу жөнінде алғаш патент алынды. Еуропалықтар күнбағысты тұңғыш рет Мексиканың жазық даласынан көрген екен. Ұзын болып өсетін өсімдік күн гүлі деп аталыпты. Күнбағыста 7 мыңға тарта дән болады.