Кеншілердің киелі мекені Қарағандыда дәстүрге айналған Кеншілер күнін мерекелеу бейсенбіден басталып, күні кешеге дейін тойланды. Кеншілер құрметіне арналған бұл мереке осымен 65-рет тойланып отыр.
Ең алғаш рет Шахтерлер күні аталып өткенде Қарағандының он кеншісіне Социалистік Еңбек Ері атағы беріліпті. Сонымен қатар бассейннің 3200 кеншісі ордендер мен медальдармен марапатталып, ал ұзақ жылғы мінсіз де адал еңбегі үшін 119 адамға Құрметті кенші атағы беріліпті. Ал 1978 жылдың 18 қаңтарында тарихи тағы бір оқиға тіркелді. Осы күні «Северная» шахтасында Горбачев, Костенко және Күзембаев атындағы шахты жұмысшыларының қатысуымен бассейннің тарихында миллиард тонна көмір шығарылған екен.
Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов кеншілер қауымын мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.
– «Біз сіздерді мақтан тұтамыз, қадірлі кеншілер, ардагерлер. Сіздердің еңбектеріңіз еліне адал қызмет етудің, қажырлы еңбектің жарқын үлгісі болып қала береді», – деді облыс әкімі. Ол сондай-ақ ардагерлердің салған сара жолын кеншілердің бүгінгі толқыны да лайықты жалғастырып келе жатқандығын айтып өтті. Көмір өндірісі Қазақстанның Тәуелсіздік алған жылдары өңірдегі алдыңғы қатардағы салалардың бірі болып қалуында олардың қосқан үлесі өте зор. Салтанатты жиында аймақ басшысы бірқатар кеншіге облыс әкімінің Құрмет грамотасын тапсырды.
Сонымен бірге көмір департаменті бір топ кеншіні түрлі дәрежедегі «Кеншілер даңқы», «Еңбек даңқы» белгілерімен марапаттады. Соның ішінде Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев те бар. Чемпионға кеншілердің «Қорғау» кәсіподақ ұйымы көмір өнеркәсібінің «Құрметті қызметкері» белгісін тарту етті. Ал саңлақ ұл бұл марапатты 35 жыл шахтада еңбек еткен әкесі Жұманғали лайық деп білетінін айтып, белгіні әкесінің омырауына қадағаны да жұрт аузында біразға дейін жыр болып айтылары даусыз.
Кеншілер күні 65-рет тойланды
Последние статьи автора