Кәсіпкерлік және кәсіпкер ұғымдарын экономикада алғаш рет теориялық тұрғыдан негіздеп, нарықтық экономиканың негізгі ойыншысы деп анықтап берген И. Шумпетер болатын. Израель Кирцнер кәсіпкерлікке экономикадағы агент деп баға берген еді. Кәсіпкер нарықтағы теңсіздікті анықтай отырып, оған қажетті ойыншыны ұсынады. Ашық экономикада өзара бәсекелестік орныққан кезде, сапа қалыптасады. Кирцнердің «пассивті» кәсіпкері Шумпетердің «креативті» кәсіпкеріне қарағанда нарық жүйесіндегі динамикаға ілесе алуымен ерекшеленеді. Нарықтағы ұзақ мерзімді экономикалық тенденция әдетте кәсіпкерліктің креативті инновациялық динамикасымен анықталады. Инновациялық кәсіпкерлік болса, кәсіпкерлікті тек қана нарықтағы тепе-теңдікті қалыптастырушы деп қарастырады.
Кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың негізгі ерекшелігі – ізденімпаздығы, ұзақ мерзімді көрегенділігі. Кәсіпкерліктің қалыптасуы ұлттық экономикаға инновациямен және жаңа жұмыс орындарының пайда болуымен ықпал етеді. Үкімет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікке тұрақты түрде қолдау білдіру, оқу гранттарын беріп отыру орта таптың қалыптасуына тікелей негіз болады. Орта тап өкілдері ұлттық экономиканың тұрақты болуының негізгі драйвері болып отыр. Заманауи экономикада шағын кәсіпкерлік тек қана нарықтық агенттер ғана болып қоймай, сонымен қатар кәсіпкерлердің инновациялық ұтқырлығын дамытады. Инновациялық белсенділікке ресурстар үлесі, инновацияға салынған қаржы көлемі, патенттер саны, инновациялық өнімдер сапасы тікелей әсер етеді.
Кәсіпкерліктің барлық түрі инновациялық ерекшеліктерге негізделіп құрылмаған. Көп жағдайда тек өндірушілік негізінде ғана. Келесі бір кәсіпкерліктің кең көлемде қалыптасып келе жатқан түрі – ренталық негізі – нарықтағы қатысушылар арасындағы делдалдар қызметін атқару арқылы табысқа кеңелу түрі. Экономикалық өсім кәсіпкерліктің тек қана арифметикалық санына ғана емес, сонымен қатар өндірушілер мен өндірушілер еместердің ара-қатынасына байланысты. Құрылымдық орта әдетте кәсіпкерліктің қалыптасуындағы негізгі «ойын тәртібін» анықтайды. Яғни, қандай активтер және стратегия негізгі рөл ойнайды. Мемлекеттік саясат кәсіпкерліктің қалыптасу процесіне тікелей әсер ете алады. Институционалды орта, өндірушілер, инноваторлар әдетте экономикалық дамудың негізгі детеминанттары. Кәсіпкерлік қызметтің этаптары негізінен «туылуынан» бастап «соңғы нүктесіне» дейін бірнеше кезеңдерден тұрады. Яғни, кәсіпкерлікке қызығушылық кезеңінен бастап үлкен бизнес желісіне айналған уақытқа дейінгі аралықта бірнеше кезеңді бастан өткереді. Кез-келген кәсіпкердің туылып, қалыптасып, өркендеуіне әдетте қоршаған ортаның ықпалы өте зор. Жұмыссыздық мөлшері мен жаңадан құрылған фирмалар санының арақатынасы экономикалық өсімнің мәнін береді. Кәсіпкерлік типологиясы әдетте көлеміне, отбасы мүшелерінің қатысуына, этникалық, гендерлік, құрылымдық сипаттарына байланысты. Кәсіпорын стратегиясын қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді деп бөледі. Қызметкерлерді таңдаудағы критерияларға назар аудару және олардың өзара әлеуметтік-психологиялық үйлесімділігіне, топ ішіндегі тұлға аралық қарым-қатынастарға аса жоғары деңгейде көңіл бөлу қажет.
Әлеуметтік кәсіпкерлік феноменінің негізгі ерекшелігі оның қандай да бір табыс табуға емес, керісінше әлеуметтік проблемаларды шешуге, қоғамдық әл-ауқаттылықты арттыруға бағытталған. Көп жағдайда әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі кедергісі бастапқы капиталдың жетімсіздігі. Әлеуметтік кәсіпкерлік арнайы әлеуметтік орталықтарда, университет қабырғаларында, бастау алып белгілі меценаттар тарапынан қолдау тауып жатады. Адамдардан тек қана идея және қолдау талап етіледі. Ұжымдық қолдау әлеуметтік кәсіпкерліктің ары қарай дамуына көмектеседі.
Ләззат Сейтқазықызы Спанқұлова.
А. Кузембаева.
Нархоз университеті